Тұлға • Кеше

Драматургтің дара соқпағы

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Өр Алтайдың тумасы Қалихан Ысқақ – 70-жылдардан-ақ әлемдік классикалық дәстүрдегі шығармашылық шеберліктің шыңына өрлей отырып, ұлттық әдебиетіміздегі драма жанрының өркендеуіне жаңашыл көзқараспен айрықша үн қосып, тыңнан түрен салған тұлға.

Драматургтің дара соқпағы

Қара сөздің қара нары  Қалихан Ысқақ­тың мағыналы шы­ғар­­­ма­шылық ғұмырында қала­мы­нан қысқа, орта, кең көлемді эпи­ка­лық туындыларымен қатар, кө­сем­сөздері, аудармалары, драма­лары дүниеге келіп, қалың жұрт­шылықтың жүрегінен жол тапты. Қазақ прозасының сан салалы жанрындағы сүбелі туындылары өз алдына бір сүбелі арна  болса, драмалық шығармала­ры – жеке бір сала.

Оның қаламынан туған «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Сабо­таж!» «Қылкөпір», «Мазар», «Ерлік­тің екі сағаты», «Апатай», «Жәке-Жәкетай», «Сайқының тұқым­дары», «Қазақтар» (Шахи­мар­­денмен бірлесіп жазған), т.б. жиыр­маға жуық пьесасы қазақ әде­бие­тінің алтын қорына қосыл­ған жауһар қазына екеніне дау жоқ.

Кезінде драматург Қалихан Ысқаққа Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлық «Есеней – Ұлпан» пьесасы үшін берілсе, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықты «Алатау сынды алыбым» пьесасы иеленген, ал «Астана-Бәйтерек» байқауында «Қазақтар» атты пьесасы жүлделі орын алған. Алайда бірнеше жа­бық байқау­да жоғары марапат­тар­ға ие болған жазушының драматургиясы арнайы нысанаға алынып, толыққанды зерттелді деп айту қиын. Мемлекет тарапынан жоғары бағаланған туын­дыларының қай-қайсысы болсын келелі проблеманы арқау еткен қазақ әдебиетінің рухани қазы­насын толтыруда баға жетпес мұра­лар, ал драматург ретінде айрық­ша құбылыс екені хақ.

Автордың Бейімбет Майлин шы­ғармаларының желісімен ­жаз­­ған пьесасы – «Саботаж!» Бұл туын­­дыда халықтың ой-пікірі­мен санаспайтын, шолақ белсенді­лер басқарған жүйені гротескілік стильде сынау бар. Кейіпкерлер де тым ұлғайтылып, олардың мінін әсіре өсіре суреттейді. Құрымбай – нәпсісін тыя алмайтын, өте озбыр әрі ақымақ болса, Мұқыш – сұмдық бопсашыл, әсіре қу, Дайрабай сұмдық момын. Яғни көрермен (оқырман) назарын ­аудару үшін сын объектісіне алын­ған мінді әсіре ұлғайтып, әдейі гиперболамен береді. Сатира­лық шығармаларда бұл жиі пайдаланылады. Пьесада халық пен билікті, заң жүзіндегі әділетсіз мәселелерді қозғап, сонау ХХ ғасыр басында Бейімбет Майлинді де терең толғандырған мәселелердің ғасыр соңында да, тіпті осы күні де өзектілігін жоймай келе жатқанын және көп нәрсе шешіле бермейтін ұзақ сонар жиналыстарды, тау­сылмай­тын дау-дамайларды, сон­дай-ақ алым-салық пен айыппұлдарға барын беріп, лыпасыз қалған халықтың жай-күйін өмір сахнасына шығарып, ашына суреттейді. Шығарма астарынан дамыған ел болып, демократиялық, ашық қо­ғам қалыптастыру үшін өмірлік жағдаяттарды жалқы қарастырмай, жалған ұраншылдықтан бойды аулақ салу керек деген автор идеясы менмұндалайды.

Автор драмалық шығар­ма­ла­рында монологтік тәсілден гөрі диалогтік тәсілге көбірек жүгінеді. Оқиғадағы тартыстар әлеуметтік, психологиялық, философиялық, рухани-адам­гер­шілік қырларында ерекше көрінеді. Мұнда кейіп­керлердің мінездері олардың оқиғаға араласуы арқылы жəне өзара қақтығысуынан ашылады. Жазушының тағы бір ерекшелігі – шағын пьесаларда композиция құру шеберлігін көрсетіп, шығарманың оқиғасын бір қа­зықтың айналасына топтас­тыра білуі.

Қалихан Ысқақтың мис­ти­калық драма, тарихи драма, әлеу­меттік драма, саяси сатира жанр­ларында жазған пьеса­ларындағы көтерілген проблемалар сол кезеңдегі әлеуметтік дискурстың шеңберінен шығып, бүгінгі күн мәселелерімен үндесіп жататындығы байқалады.

«Жан қимақ» автордың дра­ма­лық повесі десек те болады. Мұн­­дағы басты кейіпкерлер – Әбдікерім болыс, Мұса, ақын Махмұт, Әбдікерімнің қызы Бағила, Тортай қажы мен ел аға­ла­ры, ру басы, старшындар. Бәрі де өмірде болған бейнелер.

Әбдікерімнің тарихи тұлға­сына келсек, Қаратай батыр – бабаның ұрпағы, есімі найман еліне, арғысы Орта жүзге мәшһүр Ережеп қажының ұлы, қоғам қайраткері, ағартушы-демократ. 1928 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде қазіргі Шығыс Қазақстан жерінен Әбдікерім болыс әулетін ертіп Қытай аумағына қарасты Алтай аймағына өтіп, сол жақта алғашқы оқу-ағарту істеріне белсене араласады. Өскен еліне деген сағыныш өзегін кернеп, аңсары ауып жүрген 1936 жылы Бітеуірге деген жерде арнайы тапсырмамен у беріліп, кісі қолынан қайтыс болған.

Ал драмадағы Махмұт – Сұл­танмахмұт Торайғырұлы­ның про­тотипі. Өкпе ауруына шал­дыққан, халі мүшкіл кезінде Сұл­танмахмұтты Әбдікерім болыс Алаш зиялыларының өтініші­мен Семейден арнайы алдыртып, Алтайдың сары саумалымен, сары қазысымен денсаулығын түзетіп, мектепке ұстаздық қызметке алған. Ағартушы-ақын ұстаздық еткен жылдарында Әбдікерімнің басқа жерге айттырылып қойған сұлу қызы Бағилаға ғашық болып, өзі де осы оқиғаға орай қосыла алмаған қос ғашықтың тағдырын арқау еткен «Қамар сұлу» романын жазады. Ал Қ.Ысқақтың «Жан қимақ» драмалық хикая­тында Махмұт есімімен аталып, өзінің ақындығымен, ұстаздығымен қатар, шыншылдық, әділет сүйгіш адами болмысымен де көрерменін баурай түскен. Осы шығарма аясында шоқ жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан ақын тағдырының бір кезеңінің ақиқаты көркем шеберлікпен бейнеленген. Сонымен қатар драмаға Бағила екеуінің арасындағы махаббат тамаша арқау болып, қазақ халқының ертеден келе жатқан ата дәстүрі, тұрмыс салты, жөн-жоралғысы да кеңінен суреттелген. Ата дәстүр демекші, «әмеңгерлікке», «қалың малға» қатысты дәстүрдің ескірген әрі бұрмаланған тұстары да өткір сынға алынған.

Драмада Махмұт ақын мен Тортай арасындағы екі түрлі көз­қарас та ескі мен жаңаның ара­сындағы күресті бейнелейді. Пьеса­ның тартымдылығы – жазушының тартыс құрудағы, оны дамытудағы және Әбдікерім болыс арқылы сыртқы саяси және ішкі күрделі мәселелерді шешудегі шеберлігі оның даналығымен қоса сарабдал сая­саткер екенін айқын аңғартады. Оқиға желісі астарлы әзілге, ащы шындыққа құрылуымен қатар, қойылымда қозғалар ойлар өте өзекті болып келеді. Автор өткен тарихтың ақиқатын еш бүкпесіз Өр Алтай өңірін мекен еткен халықпен бірге баян етіп, патша өкіметінің жарлығымен қара тізім жасалып, окоп қазуға барғанның да, бармағанның да арандайтынын, астарында саяси үлкен мән жат­қандығын, яғни қазақтың санын азай­ту мен жерін алу, ел ішіне іріткі салып, бір-біріне айдап салу мәсе­­л­елері тұр­ға­нын Әбдікерім­нің сұң­ғы­лалығы арқылы түйінін тарқатады.

Ең алдымен, драмалық шығар­­маның басты шарты – кейіпкер­лер­дің өзара тартысы мен оқиғаның шие­ленісуі десек, автор осы талап, үдені берік ұстана отырып, оқыр­манын жалықтырмай бірден баурап әкетіп, қызу оқиғаға араластырып, ширықтыра түскен.

«Окоп қазуға, қара жұмысқа қазақ ауылынан әскер алмаймын» деген сертінен тайған ақ патшаның жарлығына халық Әбдікерімнің жауабын күткенде: «Ақ патшаның салмағын көтерер сен түгілі Алаштың да белі жоқ. Артымызда арқасүйер ел де жоқ. Кеңірдекке кездік, бүйірге пышақ таянып тұрғанда бұған не тосқауыл, не шара», «...ойбаймен өлеміз бе, әлде айғаймен өлеміз бе» деп күңіренеді.

Қорыта айтсақ, жазушы Қаратай еліндегі тарихи оқиға­ны осы «Жан қимақ» драмасы­на арқау етіп, Әбдікерім болыс­тың бас болып, қалың жұртты со­ңы­нан ертіп, киелі Өр Алтайдағы кір жуып, кіндік кес­кен ата жұр­тын тастап, үдере көшу азабын жан қиюмен пара-пар етіп сурет­те­ге­ніне көз жет­кізуі­мізге болады. Дра­мада Әбдікерім болыстың қоғам қайраткері ретіндегі тарихи тұлғасын, адами болмысын, саяси көзқарасын, ағартушылық ұста­ны­мын тану барысында автордың да онымен пара-пар бейнесін, ішкі және сыртқы әлеміндегі адамдық келбетін танимыз.

Жазушы-драматург Қалихан Ысқақ үшін бұзылмайтын қағида – өмір шындығын нанымды бейнелеп, образдарды даралап беруге күш салу. Ол не нәрсені әңгі­мелеп, баян етсе, соған орай кейіпкерлерін де алыстан ізде­мей, еш қиындықсыз шынайы өмір­ден, халық ортасынан алып сурет­теген.

Оның пьесаларындағы өмір­лік детальдардың өзінен-ақ өз шын­дығыңды тауып, уақыт пен кеңістікке әп-сәтте барлау жасап, сан алуан характерімен сомдалған кейіпкерлерді айналаңнан айнытпай танып, автордың өзімен де сырлас күй кешіп, айтпақ ойының астарын бірден ұғып, таным таразысына салып, сана сүзгісінен өткі­зесің. Қалихан Ысқақ драма­лық шығармаларында талай аяулы тұлғаларды тірілтіп, тарихтан ойып орын алған кезең оқиғаларын туған халқының өмірімен бір қазанда қайнатып, қоғамдық келелі мәселелерді ел ішіндегі қарапайым тірлік иелерімен өзектестіре отырып, сөз өнерінің құдіретін барынша игеріп, постмодернистік тұрғыда дара стилімен, дарқан дарынымен, тарлан талантымен, сиқырлы тілімен саналы ғұмырында бар күш-жігерін сарқа жұмсап, өшпес мұра қалдырды.

Қазіргі ұлт драма­тур­гия­сы­­ның «мен­мұндалап» тұрған дара шы­ңы екені айдан анық. Жүрегі «хал­қым» деп соғатын исі қазақ ­ба­­ла­сы үшін Қалихан Ысқақ драма­­­тур­гия­сы ұрпақ көріп, ұлағат ­ала­тын, өзінің өзектілігін әсте жой­­май­­тын мәңгілік туындылар екені дау­­сыз.

 

Айымгүл СЕЙПУТАНОВА,

C.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты