
Фото: atameken.kz
Сауда және интеграция министрлігіндегі Стратегиялық жоспарлау және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнар Яшкинаның айтуынша, байқау – өтінімдерді қабылдау, сараптамалық бағалау, оқиға орнында тексеру, комиссияның қорытынды шешімі сынды 4 кезеңнен тұрады. Жүлдегер ұйым конкурс логотипін 4 жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына және 450 АЕК көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады. Байқауға қатысудың экономикалық әсері зор. Өткен жылдардағы мәліметтерді талдау марапатқа ие болған компаниялардың жылдық кірісін орта есеппен 2,7 есе арттыратынын көрсетеді. Ең көп өсім тұтыну тауарларын өндірушілер (+2 есе) мен өнеркәсіптік кәсіпорындар (+1,7 есе) арасында байқалған.
«Алтын сапамен» қатар «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауы мен көрмесі де өткізіліп жүр. Онда үздік өнімдер 3 аталым бойынша таңдалады – өнеркәсіп тауарлары, халыққа арналған тауарлар, азық-түлік өнімдері. Байқауға құжат қабылдау 27 ақпанда басталып, 1 шілдеде аяқталады. Құжатты байқаудың ресми сайты (www.altynsapa.kz) арқылы тапсыруға болады. Финалда қатысушылар сараптамалық тексеруден өтеді, одан кейін Президент әкімшілігі жанындағы комиссия 14 жеңімпазды анықтайды.
«Алтын сапа» – өнім мен көрсетілетін қызмет сапасын арттыруда, сапа менеджменті жүйесін тиімді енгізуде жоғары нәтижеге қол жеткізген ұйымдарды анықтап, марапаттауға арналған. «Қазақстанның үздік тауары» – отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнім сапасын жақсарту мен ішкі нарықты сапалы, бәсекеге қабілетті өнімдермен қамту мақсатында өткізіледі», дейді «Атамекен» ҰКП республикалық конкурстар мен сыйлықтарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Мерей Исаева.
Биылғы «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысу үшін өңірлік деңгейде оқыту семинарлары ұйымдастырылып, бизнес өкілдеріне конкурстың өткізілу тәртібі, талаптары мен артықшылығы жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана, Шымкент қаласында өткен семинарларға жалпы саны 300-ге жуық кәсіпкер қатысты.
«Қатысушылар кәсіпкерлікпен неше жыл айналысу керек, мемлекет үлесі қанша болуға тиіс, шетелдік компаниялардың қатысу мүмкіндігі және жеңіске жеткен жағдайда қандай ынталандыру шаралары қарастырылғаны туралы сауалдарды жиі қойды», деді «Алтын сапа» байқауының лауреаты, «ADILI» брендінің негізін қалаушы Индира Әділ.
«Байқаулар кәсіпорындардың халықаралық деңгейге шығуына да жол ашады. Сарапшылар компанияның менеджмент жүйесі, экспорттық әлеуеті, жергілікті қамту үлесі мен мемлекеттік органдар тарапынан шағымдардың болмауына ерекше назар аударады», деді Мерей Исаева.
5 наурыз бен 22 мамыр аралығында «Алтын сапа» конкурсына қатысуға 104 субъекті, «Қазақстанның үздік тауары» байқауына 279 шағын және орта бизнес субъектісі өтінім беріп үлгерген.