
Жиынға Қазақстанның Ренн қаласындағы Құрметті консулы Жаннар Авар-Туребаева, Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі, білім және мәдениет мекемелерінің өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, сондай-ақ 2020 жылы «Абай» кітабының жарық көруіне атсалысқан француз азаматтары қатысты.
Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова өз сөзінде Абай мұрасының қазақ халқының рухани байлығының тұғыры екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Елші француз тарапына Абайды ұлықтауға көрсеткен қолдауы үшін, атап айтқанда Париждің XVI округіндегі Ақындар алаңында Абай #бюстінің орнатылуына ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді. Ол Абай шығармашылығындағы гуманизм мен философиялық тереңдік халықтар арасындағы рухани көпірге айналып, Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түсетінін айтты.
Өз кезегінде, Францияның Академиялық пальмалар орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, профессор Альбер Фишлер Абайдың идеялары қазіргі заман үшін аса өзекті екенін айтып, оның поэзиясы мен философиясының әмбебап құндылықтармен үндесетінін атап өтті.
Абай поэмалары мен Қара сөздерін француз тіліне аударған Кристин Зеутуниан-Белус дөңгелек үстел аясында аудармашылық барысындағы ой-пікірлерін білдіріп, ұлы ақынның бірнеше өлеңін нақышына келтіре оқып берді.
Шара барысында қатысушылар Абай Құнанбайұлының шығармаларын қазақ және француз тілдерінде оқып, ұлы ойшылдың мәңгілік мұрасын дәріптеді. Кеш соңында арнайы келген әнші Assem Muze музыканттармен бірге Абайдың #әндерін қазақ және француз тілдерінде орындап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Айта кету керек, қазіргі таңда Францияда Абай Құнанбайұлының екі бюсті орнатылған: алғашқысы — 2016 жылы #Ренн қаласында, ал екіншісі — 2020 жылы Парижде ашылды. Жыл сайын осы мүсіндер маңында қазақстандықтар мен француздар жиналып, ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп, Абай мұрасын ұлықтайды.