
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты міне, осындай олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп, «Қазақстан әдебиеттануы, фольклортануы және өнертануы экожүйесінің цифрлық трансформациясы: пәнаралық зерттеулер» атты жоба әзірлепті. Осы жоба бойынша өңірлердегі қаламгерлердің шығармаларын насихаттау, олардың еңбектері негізінде ұжымдық монография жазу және үздік туындыларды ғылыми айналымға шығару көзделген.
Жуырда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжахан Орда мен докторант Жансұлу Сәрсенбаева Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын қаламгерлердің басын қосып, «Өлкелік әдебиетті зерттеу» атты сыр-сұхбат ұйымдастырды. Кездесуде Жазушылар одағының Шымкент қаласы бойынша өкілі Момбек Әбдіәкімұлы, жазушылар Захардин Қыстаубаев, Сарманбай Исахов, ақындар Бөрібай Оразымбетов, Нұрғиса Төремұратов, Нұрғали Сердалиев, тағы басқалар сөйлеп, қазіргі қазақ әдебиеті жөніндегі ойларын ортаға салды. Соның ішінде өңір қаламгерлерінің таңдаулы шығармаларын кітап етіп бастыру үшін мемлекеттік қолдау көрсету керектігі туралы да айтылды. Өз кезегінде Гүлжахан Жұмабердіқызы жақсы туындыларды насихаттау және олар жөнінде министрлікке, баспаларға және басқа да тиісті орындарға хабарлап отыру міндеттеріне жататындығын жеткізді.
Мұнан соң Гүлжахан Орда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолдауымен шыққан «ХХІ ғасыр әдебиеттануы: Терминдер сөздігі», «Қазіргі поэзиядағы модификация: стиль, ырғақ, форма», «Қазіргі балалар әдебиеті», «Жаңа қазақ әдебиеті» және «Балалар әдебиетінің пәнаралық аспектілері» деген зерттеу еңбектерін таныстырды. Аталған кітаптарды қаламгерлерге сыйға тартты.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ