Саясат • Кеше

Қазақстан – Қытай: Саяси диалогтен субөңірлік ықпалдастыққа дейін

40 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Танымал халықаралық сарапшы Параг Ханна өзінің «The Future is Asian» атты кітабында XXI ғасырды Азияның ғасыры, ал оның экономикалық қуаты мен геосаяси ықпалы жаһанның болашағын бағамдайды дейді. Автор Азия елдері инфрақұрылым жобалары, технология мен сауда арқылы жаңа күш орталығына айналатынын айтады. Азияның бүгінгі өрлеуі тоғыз жолдың торабы, халықаралық Транскаспий дәлізінің бойындағы Орталық Азияның да тынысын аша түседі. Бүгінде Қазақстан Орта держава (Middle power) ретінде алыс-жақын мемлекетпен теңгерімді қатынас орнатып, халықаралық істердегі субъектілігін нығайтып жатыр. Елімізде өткен Астана халықаралық форумы, «Орталық Азия – Италия» және 16-17 маусымда Астанада өтетін екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиттері – соның айғағы.

Қазақстан – Қытай: Саяси диалогтен субөңірлік ықпалдастыққа дейін

1992 жылдан бері Қазақстан іргелес жатқан Қытаймен екіжақты және көп­жақты деңгейде саяси-дипло­ма­тия­лық, сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытып, қос елдің қатынасы «мəңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» сатысына көтерілді. Мемлекет басшылары былтырғы кездесуінде өзара байланыстың келесі «алтын 30 жылдығына» қадам бастық деп мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы саяси уағдаластық пен жеке достық сауда мен экономика, инфра­құрылым жобаларына қажетті макроклиматты қалыптастырды. Осы­лайша, Қытай Халық Республикасы Қазақ­станның басты сауда серіктесінің біріне айналды. 2024 жылы екіжақты сауда айналымы 45 млрд долларға жуықтаған. Бұл – рекорд. Қытай – Қазақстандағы ірі бес инвестор мемлекеттің бірі, былтыр елімізге салған тікелей инвестициясы 11,19 млрд долларды құрады. Көне сауда-саттық маршруттарын қайта жаңғыртқан «Жібек жолының экономикалық белдеуі» де алғаш Астанада жарияланып, еліміз алпауыт Еуразиядағы «трансқұрлық көпір» атауына ие болды. Бүгінде Қытай-Еуропа теміржол жүк тасымалының 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жоғарғы деңгейдегі ықпалдастықпен енгізілген визасыз режім, жаңа әуе-көлік рейстері бизнес және туризм салаларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. 2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризм жылы» болып жарияланып, Қазақстанға 655 мың қытайлық турист келген (2023 жылмен салыстырғанда 78%-ға өскен).

Мемлекет басшылары деңгейіндегі диалог шекаралық, өңіраралық ынты­мақ­тастықта жалғасын тапса, қарым-қатынас орнықты болатыны анық. Кейінгі жылдары осы бағытта маңызды бетбұрыстар байқалады. 2023 жылы наурыз айында Қазақстанға ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр авто­­номиялық ауданы (ШҰАА) партия хат­­шысы Ма Синжуй келіп, екі елдің ше­кара маңы ынтымақтастығының II Достық диалогі аясында 16 құжатқа қол қойылды. Қ.Тоқаевтың Ма Синжуйді Ақор­дада қабылдауы Шыңжаңның қос мем­лекет қарым-қатынасындағы рәміз­д­ік мән-маңызын арттырып, шека­ра­­лық байланыстың жаңа көкжиегін ашып берді. Жалпы құны 565,4 млн дол­лар бола­­тын 6 өңіраралық, 5 ком­мер­циялық келі­сімшарт бекітілді. ҚХР ШҰАА өз на­ры­ғына Орталық Азия елде­­рінен жо­ғары сапалы тауар әкелуге қызы­ғу­шы­лық танытып отыр. Президент 2023 жылы Шыңжаңға барған сапарында да транс­­шекаралық өзендерді пайдалану, энер­­гетика, ауыл шаруашылығы, тарихи-мәдени қатынастарға да көңіл бөліп, аймақ­аралық байланысты тұрақты сақтау керек­тігін атап өтті.

Қос мемлекет қатынасының даму динамикасы Абай облысы мен ШҰАА арасындағы шекаралық қатынастан ай­қын байқалады. Абай облысы мен ШҰАА арасындағы шекараның ұзындығы 250 шақырымнан асады, оның ішінде Бақты бекетінің маңызы жыл өткен сайын­ артып келеді. Стратегиялық темір­­жол, авто­мобиль, әуе және су көлігі жол­да­ры­ның тоғысуында тұрғаны аймақ­тың ха­лық­аралық бағыттарға ашық, көлік-логис­­ти­калық әлеуеті жоғары екенін көр­се­теді.

ҚХР – Абай облысы үшін басты сауда серіктесі. 2024 жылы облыстың сыртқы сауда айналымының 89%-ы Қытаймен жү­зеге асқан. Экспорт 2,1 млрд долларға жетіп, бір жыл ішінде 5 есе артқан. Қазіргі уақытта облыста Қытай капиталы есебінен 4 ірі жоба, яғни мыс балқыту зауыты жоба­сы, ағаш өңдеу комбинаты, көмір-химия кешені және жел электр стансасы жүзеге асып жатыр. Ресей, Қазақстан және Қытайды жалғайтын «Омбы – Май­қап­­шағай» жолы өңір арқылы өтеді. «Аягөз – Тачен» теміржолы да өңірдің д­а­муына қосымша импульс беретіні сөз­сіз. Шекара маңындағы суы шипалы Ала­көл­ге туристерді кеңінен тарту мақ­са­тында халықаралық стандарттарға сай (ИКАО) әуежай жұмыс істеп тұр. Астана, Алма­тыдан Үржарға және Семей – Шым­кент бағытындағы рейстер ашылып жатыр.

2025 жылғы 17 ақпанда Мемлекет бас­шы­сының Жарлығымен облыс әкімі болып тағайындалған соң Берік Уәли Мемлекет басшысының қабыл­дауында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған даму жос­парын таныстырып өтті. Облыс басшысы өңірдің сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, өнеркәсіптік, аграрлық, туристік әлеуетін нығайту, кеңінен инвестиция тарту мақсатында аудандарды бірнеше мәрте аралап, шекаралық өткізу пункттері, республикалық және аудандық маңызы бар жолдар жұмысын көріп, бірқатар инвесторды қабылдап, шекаралық ынтымақтастыққа да назар аударды. Елдің дамуына инвестиция тарту – тек сала министрліктерінің емес, әрбір деңгейдегі әкімнің міндеті. Азия даму банкінің зерттеуіне сүйенсек, Азия елдерінде инфрақұрылымды дамыту үшін әлі миллиардтаған қаражат тартылуы керек. Өңір басшысы қызметке кіріскелі бері 40-тан аса шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Инвестиция тартуды жүйелі әрі орнықты ету үшін Семей қаласында «Инвесторлар үйі» ашылады. Осы уақытқа дейін облыстың көлік инфрақұрылымы, кеден бекеттері мен инвестициялық ахуалын күшейтуге жасалған бірқатар практикалық қадамды атап өтуге болады.

Біріншіден, өңірде шекаралық өткізу пунктін жаңғырту қолға алынды. Мақаншы ауданындағы «Бақты» кеден бекетінің өткізу, тексеру, өлшеу жыл­дамдығы облыстың ғана емес, мем­лекеттің сауда-экономикалық, көлік-ло­гис­тикалық әлеуетін нығайтуда үлкен орын алады. Облыс әкімінің қадаға­лауы­мен кеден бекетін жаңғырту жүргі­зіліп жатыр. Мемлекеттік бағдар­лама шеңберінде бұл өткізу пунктін халық­аралық стандартқа сай келетін кеден­дік бақылау құралдарымен жаб­дықтау көзделген. Тауар мен көлікті сканерлейтін инспекциялық-тексеру кешендері, автокөліктің салмақ-габарит параметрін өлшейтін желілер саны ұлғайтылады. Автокөлік құралдарын тасымалдайтын жолақтар саны 2-ден 6-ға дейін артады. Осылайша, «Бақтының» өткі­зу қабілетін 8 сағат жұмыс режімінде 60-тан 500 автокөлікке дейін, жолаушылар санын 150-ден 1 000-ға дейін тек бір ба­ғытқа ұл­ғайту көзделген. Бұл тауар, көлік пен адамды кедендік бақылауда ұзақ кідірт­пей, жедел қызмет етіп отырады. Кеден бекетіндегі жаңғырту Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық, ту­рис­­тер­дің келуі, азаматтардың емделуге, жақын туыстарына баруы, іскерлік кез­де­сулеріне мол мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Екіншіден, облысты көршілес елдермен жалғаған халықаралық маңызға ие жолдар жөнделіп жатыр. Тамырдай таралған жолдар – адам және жүк тасымалының өзегі. Еліміздің шығыс өңіріндегі облыстардың, трансшекара­лық сауда-экономикалық қатынастың дамуындағы «Қалбатау – Майқапшағай» автожолының орны белгілі. Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын жолдың 184 шақырымы Абай облысынан өтіп жатыр. Оның бойындағы 16 көпір мен 100-ден аса су өткізу құрылғысы жаңартылып жатыр, жыл соңына дейін халық игілігіне берілмек. Облыс әкімі айтқандай, «Қалбатау – Майқапшағай» жолын өңір үшін экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Алда­ғы уақытта ұзындығы 400 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне асфальт төселеді. Одан бөлек, «Семей – Ресей Федерациясы шекарасы», «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас», «Өскемен – Семей», «Таскескен – Бақты» бағытындағы жолдарға асфальт төселеді. Бұл көршілес облыстар, шекара бойындағы елдермен де барыс-келіске серпіліс береді.

Үшіншіден, сәуір-мамыр айларында Семейде шетелдік инвесторлар­мен бірқатар кездесу өтіп, өңірдің әлеуеті таныстырылды. «Zhongcai Financial Holdings Investment Co» компаниясы Мақаншыдағы Бақты ауылы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдей­тін, ауыр жүк көлігін құрастыратын логистикалық парк, сондай-ақ Орталық Азиядағы ірі DATA орталығын ашу ұсынысымен келді. Одан кейін Қытайдың Чанцзи мемлекеттік жоғары технологиялар индустриялық аймағынан құрылыс, тау-кен өндірісі, электроника және көлік құрастыру, көпір салу бағытында жұмыс істейтін компания өкілдері облыс басшысымен кездесті. Б.Уәли өңірдің мүмкіндіктерін таныстырып, көлік-ло­гис­тика, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруа­шылығы салаларына инвестиция құюға шақырды. Облыс әкімі ұсынылған жобалардың барлығы өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті. Жоспар бойынша, облыста 2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 29 ин­вес­тициялық жоба жүзеге аспақ. 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 2028 жылға қарай облысқа тартылатын инвестиция көлемі 800 млрд теңгеге дейін артады деп болжанып отыр.

Төртіншіден, Абай облысының үлкен делегациясы ШҰАА-да іссапармен болып, 1,568 млрд долларды құрайтын маңызды келісімшарттарға қол қойылды. Делегация өкілдері ҚХР ШҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесіп, «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясына қатысты. Б.Уәли Алтай қа­ласында 20-ға жуық қытай инвесторы­мен кездесті. Өңір басшысы «Семей – Үрімжі» және «Семей – Шәуешек» тікелей әуе рейстерін ашуды, Шыңжаң технологиялық орталықтармен ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруды айтты. Кездесуде «Линьи қаласының санитарлық тазарту тобы» компаниясы Семей қаласында заманауи тазалық жүйесіне арналған жобаны таныстырды. «Xinjiang Shutu Tecnology Co» компаниясы чип, электронды дисплей сынды заманауи өнімдер зауытын ашуды ұсынды. Құны 50 млн долларды құрайтын жоба құрылысы басталып кетті. Жалпы, бекітілген 15 меморандум логистикалық парк құру, білім беру және тұрғын үй кешендерін салу, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту, қалдықтарды өңдеу және көгалдандыру, көлік және құрылысты дамыту, сондай-ақ тау-кен, агробиотехнология салаларында жобаларды іске асыруға жол ашады. Облыс әкімі айтқандай, өңір экономикасына тікелей әсер ететін, жоғары технологиялармен жұмыс істейтін жобалар қолдау табады. Семейде аумағы 75 мың тұрғынға арналған жаңа шағын аудан бой көтереді. Осында 40-тан аса әкімшілік, коммерциялық, әлеуметтік нысандар салынады. Қытай тарапы облыспен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Әлемдегі тұрақсыздық жағдайында мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа механизмдеріне сұраныс күшейді. Өңір­аралық, шекара маңы ынты­мақ­тас­тығы – Қазақстан – Қытай сауда-эко­но­микалық іс-қимылының маңызды бөлігі. Шекаралас өлкедегі өндірістік үдерістерді, азық-түлік қауіпсіздігін, транзит-көліктік əлеуетті дамыту жөнін­дегі түсіністік бар. Абай облысы Қытай­мен жоғарғы саяси диалогтің транс­ше­ка­ралық қатынастағы айшықты көрі­ні­сіне айналып келеді. Қытай нарығына отандық азық-түлік, ауыл және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу кө­ле­мін ұлғайту және экспортты кеңейту, өн­дірушілерді ҚХР электрондық алаң­да­рына шығару мәселесі де өзекті. Бұл қа­дамдар – транзит-мемлекет, инвестицияны қабылдаушы ел ретінде Қазақстан үшін экономикалық әртараптандыру мүм­кіндігі. Осының барлығы түптеп келгенде халықтың әл-ауқатын арттыруға ық­пал етеді. Алдағы уақытта екі елдің сарапшылар қауымдастығы, агросектор мамандары, кәсіпкерлер, туризм, әсіресе жастар арасындағы коллаборацияны нығайту ма­ңыз­ды болмақ. Міне, осы қадамдардың заңды жалғасы ретінде облыс әкімінің бас­та­масымен 20 маусым күні Семей қала­сын­да «Туған жерге туыңды тік!» атты инвесторлар форумы өткелі отыр. Ауқымды іс-шара туған жерін қайта түлетуге бейжай қарамайтын барша азаматтарға үндеу деп қабылдауға болады.

 

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,

шығыстанушы