
Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы ғалымның мұрасы – қазақ елінің рухани тұғырын биіктететін мәңгілік қазына екенін атап өтті.
«Шоқан – әлі де толық зерттелмеген, болашақ ұрпаққа танылуға тиіс мол мұраның иесі. Оның өмір жолы мен еңбектері – қазақ ғылымының бастауы», деді Берік Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы құттықтау хаты оқылды. Хатта Шоқан Уәлихановтың қазақ ғылымы мен ағарту саласына қосқан үлесі, оның мұрасын заманауи зерделеу мен насихаттаудың өзектілігі атап өтілді.
Көрме аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар Шоқан мұрасына қатысты тұшымды ой-пікірін айтты.
«Шоқан бес жасынан әкесінің жанында жүріп, білімге ерекше құштарлық танытқан. Оқымаған пәні жоқ деуге болады. Этнография, шығыстану, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, география, заң, әдебиет сияқты салаларды еркін меңгерген. Орыс және Еуропа ғылымын Шығыс өркениетімен ұштастыра білген. Қашқарияға жасаған сапары ғылыми тұрғыдан да, саяси маңызымен де ерекшеленді. Бұл сапар – Ресей мен Қытай арасындағы қатынасқа ықпал еткен тарихи оқиға», деді филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.
Көрменің экспозициялық құрылымы бірнеше бөлімнен тұрады. Ұлы тұлғаның балалық шағы, Омбы кадет корпусындағы оқу кезеңі, алғашқы зерттеулері, Қашғар жорығы мен ғылыми саяхаттары, тарихи, құқықтық және этнографиялық мұралары, сондай-ақ Шоқан бейнесінің өнер мен әдебиеттегі көріністеріне арналған. Экспозицияда ғалымның қолжазбалары, жеке күнделіктері, хаттары, ғылыми еңбектері, сондай-ақ өзіне тиесілі заттар – қару-жарағы, белдігі, сандығы, отбасылық жәдігерлер көрсетілген. Сонымен бірге Қашқар сапарына қатысты карталар мен фотодеректер, сирек архив құжаттары ұсынылған.
Айта кетейік, көрме Ш.Уәлиханов атындағы Алтынемел мемориалдық музейі және Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің бірлесуімен ұйымдастырылып отыр. Аталған көрме 12 шілдеге дейін жалғасады.
Жібек БОЛЫСБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті