
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қашанда ерекше мән беріп келеді. «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе», деді Президент.
Мемлекет басшысы үнемі назарда ұстап отырған мәселеге тікелей қатысы бар кәсіпорынның бірі – «Астана тазалық» компаниясы. Еліміздегі ең ірі коммуналдық мекемелердің бірі саналатын бұл ұжымда 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында жұмысшылар, арнайы техника жүргізушілері, инженерлік-техникалық қызметкерлер бар. Кәсіпорын 500-ден астам арнайы техникамен жабдықталған, тәулік бойы тоқтаусыз қаланы тазалау жұмысын атқарады. 2008 жылы құрылған «Астана тазалық» ЖШС бас қаланың Есіл, Алматы, Сарайшық, Сарыарқа, Байқоңыр, Нұра секілді алты ауданында санитарлық тазарту, механикаландырылған жинау, су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүзеге асырып келеді.
Негізгі міндетіміз – қаланы таза ұстау. Көше, жол, алаң, тротуар және қоғамдық орындарды қолмен, механикаландырылған әдіспен тазалау жұмыстарында қазіргі заманғы технологиялар мен жаңа әдістерді кәсіпорын кеңінен қолданып жүр. Диспетчерлік GPS бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді. Көшелерді тазалау цикліне тұрақты бақылау орнатылған. Сонымен қатар «Астана тазалық» елордадағы тазалық деңгейін арттыру, қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы экологиялық іс-шараларға белсене қатысады. Биыл сәуір айынан басталған «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды акция аясында елорда тұрғындары жалпықалалық сенбіліктерге қатысып, абат қаланың ажарлануына үлесін қосты. Осының нәтижесінде көше қоқыстан тазарып, осы күндері Астанада бір миллионнан астам жасыл желек егу жұмысы кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – көпшілік арасында тазалық мәдениетін дәріптеу. Шынында да, біз тек ағаш отырғызып жатқан жоқпыз, болашаққа деген үміттің тамырын жайып жатырмыз. Қаланы көгалдандырып қана қоймай, экологиялық мәдениеттің негізін қалап, болашақ ұрпаққа табиғатқа құрметпен қарауды дәріптеп отырмыз.
Елордада «Таза Астана» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Кейін екінші кезеңде ортақ аумақтарды тазалау, санитарлық тазалаудың жүйелі тәсілдерін тұрақты негізде анықтайтын бірыңғай платформа құрылады. Экоакция шеңберінде қалада нөсер, арық кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, аулаішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ағаштарды күтіп-баптау, көшет егу жөнінде маусымдық агротехникалық жұмыс, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген полигондарды жою жүріп жатыр. Бұл жерде атқарылған істерді неге тізбектеп отырмыз? Оның себебі, жобаны іске асыру барысында тұрғындардың қалаға деген көзқарасын тұтынушының көзімен емес, қала ортасын орынды пайдаланушы бағытында дамыту мәселесін алға шығаруды мақсат еттік. Әңгіменің тоқетері, жұрт болып жұмыла атқарған іс-шара шын мәнінде елдік сипат алып үлгерді деп айтуға әлі ерте. Сондықтан да бүгін қала тазалығы төңірегіндегі ойларымызды басқа қырынан қарастырғанды жөн көрдік.
Аса өзекті мәселе – ел арасында әлі де көше тазалаушы мамандығына дұрыс көзқарас қалыптаспай отырғаны жанға батады. Олай дейтініміз, қала тазалығына қатысты мәселенің дені осы көзқарастан туындап жатқандай көрінеді. Күн сайын таңертең біз таза көшемен мектепке, жұмысқа немесе базарға асығамыз. Асфальт үстінде қоқыс жоқ, жапырақтар жиналған, жол таза. Бұл – көзге көрінбей еңбек етіп жүрген көше тазалаушылардың ерен еңбегі. Олар күннің суығына, жауын-шашынға, аптап ыстыққа қарамастан таң қараңғысынан жұмысқа шығады. Бірақ қала тазалығының алдыңғы шебінде жүрген мамандық иелерін тұрғындар жете құрметтеп жүр ме?
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Сондықтан да басқа қарапайым еңбек адамымен бірге көше тазалаушының жұмысы да лайықты бағаланып, дәріптелуі ләзім. Жұмысшы мамандықтар жылы коммуналдық, экологиялық қызметкерлердің де мәртебесін арттыруға бағытталған. Меніңше, қоқыс тазалаушы – қоғамдағы ең абыройлы әрі құрметке лайық мамандықтың бірі.
Әлемнің көптеген елінде коммуналдық қызметкерлерге ерекше әлеуметтік артықшылық қарастырылған. Олар тек жалақы немесе тұрғын үймен ғана емес, медициналық көмек, балаларының білім алу мүмкіндігі, психологиялық көмек, қоғамдық көлік жеңілдіктері, зейнетақы жүйесі сияқты көптеген маңызды әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Мысалы, Германияда коммуналдық қызметкерлердің көпшілігі муниципалдық тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Үздіксіз жұмыс істегендеріне пәтерді жеңілдікпен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі беріледі. Францияда коммуналдық қызметкерлерге арнайы жұмыс орнына байланысты жеңілдетілген пәтерлер мен тұрғын үй субсидиялары бар. Швецияда коммуналдық жұмысшыларға қоғамдық тұрғын үй кезегі ұсынылады, басқаша кестелесек, еңбек еткен өтіліне қарай жеңілдікпен немесе жәрдемақымен пәтер алу мүмкіндігі бар. Қытайда да, әсіресе ірі қалаларда коммуналдық қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер кешені бар. Ұзақ мерзім еңбек еткен қызметкерлерге пәтер сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі. Сондықтан да біздің елімізде, әсіресе, ірі мегаполистерде жұмыс істейтін көше тазалаушы мамандық иелерін ынталандыру мәселесіне көңіл бөлетін кез келді. Әсіресе еңбек өтілі 10 жылдан асқан жұмысшыларға жеңілдікпен пәтер беру механизмдерін қарастырғанымыз абзал. Мұның өзі кадрлардың тұрақтануына, жұмыс сапасының артуына, жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруге үлкен серпін беретіні сөзсіз.
Жақында бір кітаптан Жер шарында бір мезгілде 60 миллиард адам қатар өмір сүре алады деген пікірді оқыдым. «Ойпырмай, қазірдің өзінде 8 миллиард әзер сыйып жүрген жоқпыз ба?» деп ойладым сонда. Әрі қарай тосын философияға кезіктім. Қазіргі ғылыми теория бойынша бұл Жердің адамдардан алатын жылуы мен Жердің адамдарға беретін жылуының тепе-теңдігіне байланысты екен. Осы үйлесім сақталған кезде Жердегі адам саны қазіргісінен 5-6 есе көп болса да еш қауіп жоқ көрінеді. Қарап отырсаңыз, барлығы адамдардың мейіріміне байланысты. Шынында да, көше тазалаушыларды қаланың тұрғындарға жылуын қамтамасыз етушілер деп айтар едік. Айтары жоқ, көшені тазалау – тек жұмыс емес. Ол – қоғамға деген шынайы қамқорлық. Сондықтан келесі жолы қоқыс тазалап жүрген адамды көрсеңіз, жай ғана алғыс айтып көріңіз. Меніңше, әлгі тепе-теңдік теориясы осы жерден бастап іске қосылары даусыз.
Қоқысты көшеге тастамау, шемішке шақпау, сағыз жапсырмау, қоғамдық орынды бүлдірмеу – бәрі адам мәдениетінің өлшемі. Мұндай әдеттер балалық шақтан бастап қалыптасуға тиіс. Кейбір елдерде, мысалы, Жапония мен Сингапурда, тұрғындар тазалықты күнделікті өмір салты ретінде қабылдайды. Біздің ортақ үй образы деп отырғанымыз осы. Бұл мемлекеттерде балалар мектеп жасынан бастап, өз ортасын таза ұстауға үйренеді. Бізде, өкінішке қарай, көп жағдайда «тазалықты сақтау – тек коммуналдық қызметтің жұмысы» деген сыңаржақ түсінік қалыптасқан.
Тазалық мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Ең алдымен, отбасынан бастау керек. Әр ата-ана баласына қоқысты жерге тастамауды, тазалықты сақтауды үйреткені жөн. Бұл – баланың азамат болып қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор. Сондай-ақ білім мекемелерінде экологиялық мәдениет пен жауапкершілік жөнінде сабақтар мен іс-шаралар өткізу қажет. «Таза сынып», «Жас эколог» сияқты жобалар осыған ықпал етеді. Кез келген өркениетті қоғам жеке адамның жауапкершілігінен басталады. «Бір адамның мәдениеті – тұтас қала мәдениеті» деген сөздің мәні тереңде жатыр.
Мәдениет қашанда әрекетпен өлшенеді. Адамның мәдениеттілігі оның сөйлеген сөзімен емес, күнделікті өмірде жасаған әрекетімен анықталады. Көше шетінде тұрған қоқыс жәшігіне бір қағазды апарып тастау – бір адамның ісі ғана. Бірақ осындай әрекетті мыңдаған адам қайталағанда, бүкіл қаланың бейнесі өзгереді. Бұл – қарапайым, бірақ өте маңызды заңдылық. «Жаман әдет – жұқпалы, жақсы әдет – үлгі» деген қасиетті қағида бар.
Меніңше, қала мәдениеті деген – ұжымдық сана мен жауапкершілік. Бүгінде көптеген дамыған елдің қалаларында тазалық пен тәртіп жоғары деңгейде. Оның басты себебі – тұрғындардың жоғары мәдениеті мен заңға бағынуы. Олар қалдықтарды сұрыптап тастайды; қоғамдық орындарды бүлдірмейді; қоғамдық көлік пен инфрақұрылымға құрметпен қарайды; қала ортақ үй екенін терең түсінеді. Біз де осындай мәдениетті қоғам құруды ең алдымен әрқайсымыз өзімізден бастағанымыз жөн.
Еліміз қалаларының тазалығы туралы арнайы заң қабылдау орынды әрі маңызды бастама болар еді. Қазір көптеген елде тазалық, экология, тұрмыстық қалдықтарды басқару туралы нақты заңдар бар, олар қалалардың өмір сүруге жайлы болуына, экологиялық ахуалдың жақсаруына едәуір әсер етеді. Неліктен елімізге мұндай заң қажет? Ең алдымен, мұндай құжат қалалардың ластануына байланысты керек болып отыр. Ірі қалаларда, мысалы Алматы мен Астанада, тұрмыстық қалдықтар мен ауаның ластануы – өзекті мәселе. Тиісті заң болмаса, бұл жағдай ушығуы мүмкін. Заң арқылы қоғамдық орындарда тазалық сақтау ережелері мен айыппұлдар нақты белгіленсе, адамдар тәртіпке көбірек мән береді.
Тазалық мәселесінің түп-тамыры тереңде жатыр. Олай дейтінім, туризм мен халықаралық имидж сияқты ұлтымыз үшін маңызы зор мәселе де ең алдымен, тазалыққа келіп тіреледі. Мемлекеттің жасыл экономика, тұрақты даму жөніндегі өте маңызды саясатының астарында да тазалықты сақтау канондары алдыңғы планға шықпай қоймайды. Шынында да, қалдықтарды дұрыс басқару жасыл экономикаға көшу мен тұрақты даму мақсатының бір бөлігі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Мұндай заң қабылдаған мемлекеттер бұл салада әлдеқайда алға кетіп қалған. Мысалы, Сингапур – әлемдегі ең таза елдердің бірі. Онда қоғамдық орындарды ластағандарға өте қатаң айыппұлдар қарастырылған. Мысалы, көшеге қоқыс тастағаны үшін 1000 доллар айыппұл, қайталаған жағдайда қоғамдық жұмысқа жегіледі. Жапонияда қалдықтарды сұрыптап тастау заңмен міндеттелген. Әр аймақтың өз ережесі бар, заң бұзғандар айыппұл төлеуге мәжбүр. Германия елінде де қалдықтарды бөлек жинау (пластик, қағаз, органикалық, т.б.) заңмен реттеледі. Заң сақталмаса, тұрғындарға немесе компанияларға айыппұл салынады. Сондай-ақ Канаданың да көптеген провинцияларында көше тазалығы мен қалдықтарды басқару туралы нақты заңдар бар. Айталық, Ванкуверде «Zero Waste 2040» жоспары жұмыс істейді.
Сондықтан елімізде «Қала тазалығы» туралы заң жобасын әзірлейтін уақыт келді. Тиісті министрлік бастама көтерсе, бұл іске өз үлесімізді қосуға әрқашан дайынбыз. Аталған заңның басты мақсаты еліміздегі қалалар мен елді мекендерде санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болуға тиіс. Заң жобасына қоқыс тастау, қоғамдық орындарды ластауға нақты айыппұлдар жүйесін енгізу, мектеп, ЖОО, БАҚ арқылы экологиялық білім беруді күшейту, қалаларда қалдықтарды сұрыптау инфрақұрылымын дамыту туралы арнаулы баптар енгізілуі қажет.
Қоғамдық орындарда тазалықты сақтау – тек әдеп немесе мәдениеттің белгісі емес, әрбіріміздің қоғамға деген жауапкершілігіміздің көрінісі. Қоқысты арнайы орынға тастау, темекі тұқылы мен сағызды, бөтелке мен тағам қалдығын жерге тастамау ережелерін заң жүзінде міндеттеу арқылы ғана қоғамдық ортадағы тазалықты шын мәнінде қамтамасыз ете аламыз. Бұл талаптар бұзылса, айыппұл салу тәртібі енгізілсе, тазалық мәселесі бұрынғыдан әлдеқайда жақсаратынына сенім мол. Мұндай заңдардың орындалуын ішкі істер органдары, экологтер мен жергілікті әкімдіктер қатаң бақылауға алуы керек. Сонымен қатар жекеменшік, көпқабатты үйлердің аумағын таза ұстау мәселесі де нақты белгіленуге тиіс: үй иелері мен коммуналдық қызметтер міндеттерін жауапкершілікпен орындауы керек. Халық арасында тазалыққа шақыратын, экологиялық тәртіпті насихаттайтын науқандарды БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы белсенді жүргізу ісімізге рух беріп, жалпы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға жол ашар еді.
Елордамыздағы экологиялық талаптар қарқынды құрылыстың тасасында қалып жатқаны да шындық. Қаладағы шаң мен ластану деңгейінің жыл сайын артуы – жай ғана сыртқы келбет мәселесі емес, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін күрделі проблема. Құрылыс алаңдарында санитарлық нормалардың, мысалы қоршау орнату, құрылыс техникасының доңғалағын жуу, жолға су себу сияқты қарапайым талаптардың ескерілмеуі – заңның әлсіздігі мен бақылау жүйесінің тиімсіздігін әшкерелейді.
Қала тазалығын тек техниканың күшімен емес, тиімді заңдар мен ортақ қоғамдық жауапкершілік арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз. Сол себепті экологиялық тәртіпті нақтылайтын, тазалықты сақтау міндеттерін бекітетін арнайы заң қабылдау – бүгінгі күннің басты талабы.
Әр қалада өзіндік жүйе мен тәсілдер бар, бірақ олардың бәрін біріктіретін ортақ қасиет – тәртіп, жауапкершілік, қоршаған ортаға деген құрмет. Еліміз, соның ішінде Астана қаласы да осындай деңгейге жетсін десек, әлемдік тәжірибені зерттеп, бейімдеу – өте маңызды.
Замир САҒЫНОВ,
«Астана тазалық» ЖШС-ның бас директоры