
Сырдария аудандық соты азамат Б.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 2-бөлігіне (қайталап жасалған ұсақ бұзақылық) сәйкес кінәлі деп танылды.
Соттың мәліметінше, азамат Б. үйінде спирттік ішімдік ішіп, әйеліне балағат сөздер айтып, оған құрметсіздік танытқан. Ол қоғам тыныштығын бұзып, бұзақылық әрекетті осыған дейінгі әкімшілік жазаға тартылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған.
Сотта құқық бұзушының кінәсі ұсынылған дәлелдермен расталды.
Сот шешімімен азамат Б.-ға 10 тәулікке әкімшілік қамау түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар, оған алты ай мерзімге алкогольді ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды пайдалануға толық тыйым салынды.