Саясат • Кеше

Астанада Орталық Азия мен Қытайдың зияткерлік меншік саласындағы ведомство басшылары бас қосты

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Орталық Азия елдері мен Қытайдың зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті ведомстволары басшыларының екінші кездесуі өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Ботагөз Жақселекова төрағалық етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада Орталық Азия мен Қытайдың зияткерлік меншік саласындағы ведомство басшылары бас қосты

2025 жылғы 17 маусымда өткен кездесуде инновациялар мен технологияларды құқықтық қорғау мәселелері, өңірлік диалогты дамыту және тұрақты әрі технологияға негізделген өзара іс-қимыл тетіктерін ілгерілету жолдары талқыланды.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай Халық Республикасының зияткерлік меншікке жауапты мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, шараға байқаушы ретінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) Өтпелі және дамушы экономикасы бар елдер департаментінің директоры Хабип Асан қатысты.

Кездесу барысында стратегиялық жоспарлау, цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері кеңінен сөз болды.

Қазақстанның Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Әбдрэева өз сөзінде «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты жүйелі және мазмұнды жұмыс жүргізуге арналған тиімді алаң ретінде атап өтті. Ол сондай-ақ цифрлық экономиканың сын-қатерлерін ескере отырып құқықтық реттеуді жетілдіру, дауларды шешу тетіктерін дамыту, іскерлік ортаға қолайлы жағдай жасау және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу – өзара мүдделі бағыттар екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар өңірлік деңгейде практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екендерін растап, бірлескен мәлімдеме қабылдады.