
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 335 млн текше метр су артық беріліп отыр, нақты атағанда Алматы (6 млн текше метрге артық), Жамбыл (шамамен 50 млн текше метрге көп), Қызылорда (74 млн текше метрге артық), Түркістан (234 млн текше метрге көп). Ал Жетісу облысындағы су пайдаланушыларға 196 млн текше метр суармалы су жіберілді.
5 облыс аумағында 348 мың гектардан астам егістік алқаптары суарылды. Оның 25 817 гектары Алматы облысына, 42 600 гектары Жамбыл облысына, 33 674 гектары Жетісу облысына, 126 300 гектары Қызылорда облысына, 119 900 гектары Түркістан облысына тиесілі.
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша сала министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен ведомство мамандарынан құрылған 4 жұмыс тобы судың заңсыз пайдаланылуын анықтайды, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде суды үнемдеу, реттеу және бөлу мәселелері бойынша мониторинг жүргізеді.
«Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, ылғал сүйгіш дақылдардың көлемін қысқарту және түнгі суару әдісін қолдану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Каналдар арқылы суды кезекпен жіберу кестелері әзірленіп, іске асырылып жатыр», деді Н.Алдамжаров.