
Ақпарат айдынындағы 90 жылдығын тойлаған басылымның мерейтойына орай ұымдастырылған турнирде республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, БАҚ өкілдері арасындағы бәсекелердің бірнеше дүркін чемпионы Табиғат Мұсылманқұл жеңістің биік тұғырынан көрінді.
Турнир барысында 6 кездесу өткізген әріптесіміз қарсыластарының барлығынан айласын асырып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал екінші орын «Астана» телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Берік Жұмабайұлына бұйырса, үздік үштікті қордайлық Нұрболат Сатымқұл түйіндеді.
Салтанатты іс-шарада бильярд турнирінің жеңімпаздарымен бірге «Шуақты Шу өңірім – құт мекенім» тақырыбында өткен шығармашылық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де марапатталды. Сондай-ақ жергілікті қаламгерлер марқұм Әлдихан Қалдыбаевтың және ақын Бақыт Исаеваның өмір жолынан сыр шертетін жаңа жинақтардың таныстырылымы өткізілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықты табыстаған аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, мұндай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
«Жергілікті басылымның мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге аудан басшысы айрықша қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн» дейді «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған.
Есен ӨТЕУЛІ,
журналист
Жамбыл облысы,
Шу ауданы