Жастар • Бүгін, 08:55

Жастар алаңы жұмысын бастады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«JastarX» сараптамалық алаңының кезекті маусымы басталды. Астанадағы «ÓzgeEpic» креатив хабында өткен алғашқы кездесуге жас көшбасшылар, студенттер мен сарапшылар қатысты. Олар цифрландырудың азаматтарға әсері, климаттық дағ­да­рыс­қа деген көзқарас, қазіргі құндылықтар мен мінез-құлық үлгі­лері туралы ой қозғады.

Жастар алаңы жұмысын бастады

Сурет: gov.kz

Мәдениет және ақ­парат министрлігі Жастар және от­басы істері комитетінің қол­дауымен, «Жастар» ғылыми-зерт­теу орталығының бастамасымен қолға алынған бұл жобаға екі жыл болды. «JastarX» алаңында азаматтар белгілі бір тақырып төңірегінде өз ойын еркін айтып, елдің дамуына негіз болатын оңтайлы шешімдерді ұсынады.

Маусымның алғашқы жү­здесуі «Жаңа буынның құн­дылықтары: уақыт көрінісі» тақырыбына арналды. Бас­қосуда жастар ғалымдармен бірге қазіргі қоғамдағы олардың рөлі, жаңа әлеуметтік стратегияларды қалыптастыруға қосар үлесі секілді маңызды мәселелерді талқылады.

Бұған қоса жиында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталы­ғы­ның өкілі Әйгерім Серікжанова қазақ тілін цифрландыру жобасын та­ныс­тырып, жасанды интел­лект негізіндегі TilQazyna LLM тілдік моделін көрсетті. Бұл инновациялық өнім қазақ тілінің лексика, морфология мен семантиканың тағы басқа саласында, оның ішінде қазақ тілінде мәтінді генерациялау, перифраз жасау, контекспен жұмыс істеу, ықшамдау, сондай-ақ грамматикалық және пунк­туа­циялық қателерді түзету, фразео­­логизмдердің мәнін ашу, термин­дер­ді аудару сынды тап­сырмаларды орын­дайды.

Ал «United Central Asian Professionals» жобасының үйлестірушісі және Назарбаев университетінің ғылыми кө­мек­шісі Аружан Капарова жас­тардың климаттық дағдарысты еңсерудегі рөліне назар аударды. Оның айтуынша, жас ұрпақ күн тәртібіндегі экологиялық мәселелерге белсенді арала­сып, климаттың өзгеруі сал­дар­ларының күшеюін ескере оты­рып, орнықты болашақты қа­лып­тастыруға үлес қосуға тиіс.

Өз кезегінде «Жастар» ҒЗО әлеу­мет­танулық зерттеу­лер және болжау бас­қар­ма­сының жетекшісі Сабина Шай­мерденова жастардың негізгі құн­ды­лықтары жөніндегі кейін­гі зерттеу нәтижелерімен бөліс­ті. Анықталғандай, қазіргі жас буын үшін басты құндылықтар қатарында отбасы, денсаулық және тұрақтылық маңызды. Сондай-ақ сауалнама барысында мамандар жастардың цифрлық технологияларға жоғары қызы­ғушы­лығын және әлеуметтік желілердегі ерекше белсенділігін байқаған.

 

Кәмшат ТӨЛЕГЕНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті