
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов іс-шараға қатысушыларды өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтады. Ол дәрігерлердің ел өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесі әркез Мемлекет басшысының назарында екенін жеткізді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайық. Бүгінде отандық медицина жарқын нәтиже көрсетуде. Біздің дәрігерлеріміз санаулы мемлекетте ғана қол жетімді ең күрделі трансплантациялық оталар жасайды. «AMANAT» партиясымен бірге алға қойған арман-мақсаттарыңызға жетіп, азаматтарымыздың денсаулығы мен тұрмысын жақсарту жолында қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Бұл – біз үшін аса маңызды», деді ол.
Мәжіліс Төрағасы медицина қауымдастығының өкілдері «AMANAT»-тың маңызды тірегі екенін атап өтті. Себебі әрбір үшінші медицина қызметкері – партия мүшесі. Осы орайда, «Дәрігер Talks» платформасы отандық медицинаның өзекті мәселелері ашық талқыланатын және оны одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттер әзірленетін бірегей алаңға айналды. Мәселен, өзекті тақырыптардың бірі – ауылдағы медицина қызметкерлерінің тапшылығы. Аталған мәселені шешу мақсатында ауылдық жерге көшіп барған 700-ге жуық медицина қызметкеріне былтырдан бастап 100 ЕТЖ (шамамен 9 млн теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған еді.
Сондай-ақ депутаттық корпус пен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысы арқылы медицина қызметкерлеріне біліктілік санаттарын берудің жаңа жүйесі өзгертілді. Мыңдаған дәрігер мен медбике тестілеусіз баламалы біліктілік деңгейін алды. Бұл – медицина қызметкерлерінің партияға жолдаған көптеген өтінішіне жауап ретінде қабылданған шешім. Бұған қоса, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 10% ҚҚС енгізуге қарсылық білдірді.
Президент тапсырмасы бойынша дәрігерлерді кәсіби сақтандыру жүйесі енгізілді: бұдан былай дәрігердің қателігінен орын алған шығындар мамандардың жеке қаражатынан емес, бюджет есебінен жабылады.
Алайда отандық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету, МӘМС жүйесінің ашықтығы сынды бірқатар мәселе әлі де бар. Медицина қызметкерлеріне қол жұмсау мәселесі толық шешілген жоқ. Бүгінде медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне өзге тұлғалардың кедергі келтіруінен қорғайтын нормалар күшейтілді. Сонымен қатар «AMANAT» фракциясының мүшелері дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық жасаған адамдар үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастыру мәселесі бойынша түзетулер енгізуге бастамашылық етті.
Сондай-ақ іс-шара барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйледі. Ал «Дәрігер Talks» партиялық диалог алаңына қатысушылар өздерінің жеке қалыптасу тарихымен бөлісіп, әріптестерімен бірге кәсіби сын-тегеуріндерді талқылады.
Мәселен, Қызылорда қаласындағы Көп бейінді облыстық аурухананың №1 терапия бөлімшесінің меңгерушісі, эндокринолог Елена Цхай болмашы гормоналдық ақаулардың өзі күрделі мәселе туындатуы мүмкін екенін, сондықтан тәуекелді уақтылы анықтап, ем қабылдай бастау аса маңызды екенін айтты.
Еліміз медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривецтің айтуынша, Қазақстанда медициналық қызмет құны дамыған елдерге қарағанда айтарлықтай арзан, алайда емдеу сапасы әлемдік стандарттарға сай келеді. Бұл – елімізге келетін шетелдік медициналық туристер үшін аса тартымды. Жыл сайын әлемдегі 45 мемлекеттің 10 мыңнан астам азаматы ем қабылдау үшін Қазақстанға арнайы ат басын бұрады.
Жетісу облысы Ақсу ауданының жедел жәрдем фельдшері Саят Мырзаханов дәрігердің табандылығы мен тапқырлығы қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Мәселен, жаңбыр жолды шайып, көлікпен жүру мүмкін болмай қалған кезде, Саяттың атқа мінуіне тура келген еді. Осылайша, ол науқасқа уақтылы жетті. Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің радиология кафедрасының меңгерушісі Ерболат Ізтілеуов адам папилломавирусына қарсы екпеге немқұрайды қараудың қайғылы салдарына назар аударды. Семейдегі перинаталдық орталықтың неонаталдық блогының басшысы Гүлжазира Дүйсекенова жүктіліктің 25-ші аптасында дүниеге келген салмағы небәрі 470 граммды құрайтын қызды дәрігерлер қалай аман алып қалғанын айтты. Дәрігерлер 117 күн бойы нәрестенің өмірі үшін күресті.
Петропавл қаласындағы Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының консультативтік-диагностикалық орталығының меңгерушісі Арлан Балтабеков аппараттық телемедицинаны қолдану барысындағы жетістіктермен бөлісті. Осы арқылы шалғай ауылдардың тұрғындары облыс орталығына қатынамай-ақ тар бейінді медициналық көмекке қол жеткізуде. «Esen Foundation» қорының денсаулық сақтау саласына қатысты жобаларының жетекшісі Лейла Ишбаева Ақмола облысы Целиноград ауданында «Baquatty audan» пилоттық жобасын жүзеге асырудың аралық қорытындысын ұсынды. Осылайша, менторлық жүйені енгізу арқылы ауылдағы 300 маманның Астанадағы әріптестерімен тікелей кеңесу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қадам сапалы әлі жедел шешім қабылдау деңгейін арттыруда.
Орталық клиникалық ауруханадағы нейрохирургия орталығының жетекшісі Мыңжылқы Бердіқожаев пен Алматыдан келген нейрохирург-дәрігер Марат Саршаев отандық дәрігерлер француз әріптестерін оқытып жатқанын мәлімдеді. Еліміздегі ең көне аурухананың нейрохирургтары шетелдік әріптестеріне шеберлік сағатын өткізіп, тікелей эфирде миға аса күрделі екі ота жасады.
Кездесу соңында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кәсіби қызметі барысында елге сіңірген еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерін марапаттады.