
Форумның ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли өңірдің инвестициялық әлеуетін баяндады.
- Бүгін, Абай елінің дамуына арналған маңызды қадам - «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумына жиналып отырмыз. Бұл форум – өзара ой бөлісетін, пікір алмасатын, ең бастысы, болашаққа бірге қадам басуға мүмкіндік беретін алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деп атап өткен қасиетті Семей төріне келіп отырсыздар. Абай облысы – жаңадан құрылғанымен, әлеуеті жоғары аймақ. Табиғи ресурстарымыз, еңбекқор халқы, өндірістік инфрақұрылымы мен географиялық орналасуы – тұрақты дамуға негіз бола алады. Алайда, осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлардың белсенділігі ауадай қажет, - деді аймақ басшысы.
Қолайлы географиялық орналасуының арқасында Абай облысы Қытай, Ресей және Орталық Азияны байланыстырады. Бұл тұрғыдан, ірі халықаралық сауда дәліздеріне шығатын көлік-логистикалық хабты дамытуға үлкен мүмкіндік бар.
Алдағы жылдары өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – Аягөз–Бақты теміржолы мен құрғақ порттың құрылысы. Бұл – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы зор бастама. Жобаның негізгі мақсаты – көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеру, Қытаймен шекаралық сауда байланыстарын жандандыру және өңір экономикасының дамуына серпін беру.
Қазіргі таңда облыста 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға бағытталған, жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын
38 перспективалы инвестициялық жобадан тұратын бірыңғай пул қалыптасты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша нақты сектордағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 575,3 млрд теңге болды. Оның негізгі үлесі жеке инвестициялар болып, 436,5 млрд теңгені құрады. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткіші – 775,3 млн АҚШ доллары.
Былтыр 14,4 млрд теңгеге 8 жоба іске асырылып, 330 жұмыс орны құрылды.
Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға салынатын жылдық инвестиция көлемі 763,7 млрд теңге.
2025 жылы 31,1 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асырып, 767 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінге 1 млрд теңгеге 1 жоба іске қосылды.
Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдарын кеңейтіп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион қағаз бен картон бұйымдары өндірісін іске қосады.
Облыс әкімі осы уақытқа дейін 50-ден астам шетелдік инвестормен кездесу өткізді.
Сонымен қатар, өткен айда Абай облысы делегациясы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарымен барып, «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференциясына қатысты. 20 кездесу өткізіп, жалпы сомасы – 1,5 млрд АҚШ долларынан асатын 15 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Осы сапардың нәтижесінде Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында «SUTO KAZAKHSTAN» кәсіпорны қытай компаниясымен бірлесіп, жалпы сомасы 50 млн АҚШ долл. құрайтын чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін зауыттың құрылысы басталды.
Сонымен қатар, «XinYi Ltd» қытай компаниясымен қонақ үй, коммуналдық базар және жаңадан салынатын әкімшілік-іскерлік орталықтағы квартал құрылысы жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Семейдегі жер көлемі 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында төрт жоба жүзеге асырылуда.
Кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан өндірістік алаңдарға деген қажеттілік жоғары
Сондықтан индустриялық аймақтың аумағын 600 гектарға дейін кеңейту жұмысы қолға алынады.
Бұл шешім – өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына қосымша серпін беретін маңызды қадам.
Индустриялық аймақтың кеңеюіне байланысты инфрақұрылым жаңғыртылады. Атап айтқанда, жеке теміржол тұйығын салу, электр қуатын арттыру және жылу инфрақұрылымын қалпына келтіру көзделіп отыр.
Форум қорытындысында 14 өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде өңіраралық әріптестік, құрылыс саласындағы жобалар, білім және денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамыту, сондай-ақ цифрлық шешімдер енгізу мәселелері қамтылады.
Форум аясында облыстың өндірістік, ауыл шаруашылық әлеуетін көрсететін үлкен көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Жиынға келген құрметті қонақтар облыс әкімімен бірге көрмені тамашалады.
Абай облысы