
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей, ықтимал қауіп жоқ шақырту саналады. Яғни қан қысымының жоғарылауы, қызу көтерілу, жеңіл жарақаттар сынды пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медицина маманының көмегін қажет ететін жағдайлар. Бұдан былай емханалардың жанындағы мобильді бригадалар 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар емханалардың жұмыс уақытында Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) мобильді бригадаларына қайта бағытталады. 20:00-ден кейін, демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатты шақыртуға бұрынғыдай жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсете береді.
МСАК мобильді бригадалары шақыртуларға шыққаннан бөлек, пациенттердің үйіне жоспарлы түрде барып отырады. Осылайша, тұрғындардың денсаулығын уақтылы бақылауға, әсіресе созылмалы аурулары бар пациенттердің жағдайына жедел ден қоюға мүмкіндік туады. МСАК мобильді бригадалары 25 мың тұрғынға бір бригада есебінен құрылады. Олар пациенттің тұрғылықты жеріне қарамастан, нақты шақырту бойынша жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда мобильді бригадалармен арнайы бағыттағы мамандар да бірге болады. Мысалы, балаларға көмек қажет болса, жедел жәрдемге педиатр ілесіп баруы мүмкін. Ересектерге де пациент жағдайына, аурудың сипаты мен ауырлығына байланысты кардиолог, невропатолог сынды кәсіби дәрігерлер көмекке барады. Бұл тәсіл пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетудің тағы бір ұтымды жолы.
Жедел жәрдемді шақырту механизмі де өзгеріссіз қалды. Кез келген азамат 103 нөмірін теру арқылы шұғыл медициналық көмекке қоңырау шала алады. Пациенттің жағдайы өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдайда жедел жәрдем бригадасы аптаның күні мен тәулік уақытына қарамастан жылдам жетеді. МСАК мобильді бригадасы шақыртуларға 60 минуттың ішінде баруға тиіс. Шақыртудың әр санатына нормативтер бекітілген. Жедел жәрдем бригадалары 1-санаттағы шақыртуға 10 минутта, 2-санаттағы шақыртуға 15 минут, 3-санаттағы шақыртуларға 30 минут ішінде жетуге тырысады.
Биыл еліміздің барлық аймағындағы жедел жәрдем қызметі 2,1 млн-нан астам шақыртуға барыпты. Ең көп өтініштер жеделдіктің 4-санаты бойынша тіркелген (763 463 шақырту). Оның 518 мыңнан астамына МСАК мобильді бригадалары қызмет көрсеткен. Шақыртулардың саны 1-санат бойынша – 104 443, 2-санат бойынша – 642 312, 3-санат бойынша – 574 580 шақыртуды құраған.
Есепті кезеңде сәтті реанимация көрсеткіші 55,6%-ға дейін өскен. Шұғыл көмек көрсетуде де оң динамика байқалады. Статистикалық деректерге зер салсақ, жедел жәрдем шақыртуларының 50%-дан астамы жеделділіктің 4-санатына жатады. Пациенттің көбі созылмалы аурудың сыр беруіне байланысты көмек шақырады. Осындай шақыртулар көбейгенде жедел жәрдемнің шұғыл көмекке мұқтаж, өміріне қауіп төнген пациенттерге жылдам жете алмайтын сәттері болады. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі де жақсы есепке алып отыр. Сол тұрғыда мамырдағы өзгерістер жедел жәрдемнің жүктемесін оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға, жедел медициналық жәрдем жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берсе құба-құп.
Жақында Астана, Алматы қалаларында жедел медициналық жәрдем фельдшерлеріне арналған смарт-бейнежетондарды енгізу жөніндегі қанатқақты жоба басталды. Себебі 2019–2023 жылдар аралығында елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде 158 медицина қызметкері зардап шеккен. Жаңа жоба медицина қызметкерлерінің шақыртуларға шығу кезіндегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Яғни сала мамандарына жұмыс барысында әлдекім күтпеген жерден шабуыл жасаса, жанжал шығарса, агрессия танытса, құқығын заңды түрде қорғауға мүмкіндік молаяды. Бейнежетондарда SOS батырмасы, геолокация функциясы, ауысым аяқталғаннан кейін жазбаларды автоматты түрде алу мүмкіндігі бар. Барлық құрылғы орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылған. SOS сигналы мен бейнесигнал автоматты түрде ІІМ жүйесіне беріледі. Қанатқақты кезеңнің қорытындысы бойынша мұндай технология еліміздің басқа да өңірлеріне енгізілуге тиіс. Қауіпсіздікті, ашықтықты қамтамасыз ететін технология фельдшерлерге ғана емес, пациенттерге де тиімді. Өйткені олар маманның кәсіби әрі барлық құқықты сақтай отырып қызмет көрсеткеніне көз жеткізеді.