
Жеміс-жидекте зиянды заттар жасырынады
Маманның айтуынша, жеміс пен жидектердің зиянсыз әрі пайдалы болуы олардың өсіру тәсіліне, өңделуіне және сақталуына тікелей байланысты. Дұрыс жуылмаған немесе сапасыз өнім тұтынушыны уландыруы мүмкін.
«Жидек пен жемістерде жиі кездесетін зиянды заттар – пестицидтер, гербицидтер және нитраттар. Бұлар — өсімдіктерді зиянкестер мен арамшөптерден қорғау үшін қолданылатын химиялық заттар. Бірақ қалдықтары жемісте қалып қойса, адам ағзасына зиян келтіреді», дейді Садубаева.
Нитраттар – көзге көрінбейтін қауіп
Әдетте нитраттар көбінесе көкөністерде кездеседі деп ойлаймыз. Бірақ маман жемістерде де олардың болуы мүмкін екенін айтады. Артық мөлшерде жиналған нитраттар, әсіресе балалар мен жүкті әйелдер үшін қауіпті.
Сапасыз жидектің салдары ауыр болуы мүмкін
«Піспеген немесе сапасыз жидектерде сальмонелла, коли таяқшасы, листериоз сынды патогендер кездеседі. Бұлар ішек инфекцияларын, тамақтан улануды (құсу, іш өту, қызба) тудыруы мүмкін», деп ескертеді маман.
Сондай-ақ, химиялық заттар шамадан тыс қолданылған өнімдер аллергиялық реакциялар (қышыну, ісіну, теріде бөртпе, тыныс алу қиындығы) туындатуы да ықтимал.
Жидектен улану жазда жиілейді
Комитеттің мәліметі бойынша, 2024–2025 жылдары көкөністер мен жемістердің 3403 үлгісі зерттеліп, оның 41 сынамасы (1,2%) Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес келмеген (негізінен нитраттар бойынша).
«Жидектен улану жағдайлары көбіне маусым, шілде және тамыз айларында тіркеледі. Бұл – жемістің көптеп пісіп, дұрыс сақталмаған кезеңімен байланысты», дейді Садубаева.
Жеміс-жидекті дұрыс жуу – уланудың алдын алудың басты жолы.
-
Ағынды салқын сумен жақсылап жуу;
-
Қосымша ас содасы ерітіндісін қолдану – бактериялар мен пестицидтер қалдықтарын азайтады;
-
Жемістерді тоңазытқышта сақтау, әсіресе піскен және жұмсақ түрлерін ұзақ уақыт ашық ауада қалдырмау;
-
Базарда немесе жол жиегінде санитарлық талап сақталмаған жерлерден алмау.
Жеміс-жидек - ағза үшін дәрумен көзі, бірақ оны дұрыс таңдамау, дұрыс жумай тұтыну үлкен қатерге алып келуі мүмкін. Маман кеңесіне құлақ асып, жемісті тек дәмі үшін емес, қауіпсіздігі үшін де тексеріп тұтыну әр адамның өз қолында.