
Фото: Ақорда
«Сіздер қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтау ісін өмірлік миссия ретінде таңдап, адал қызмет етіп келесіздер. Бұл – қиындығы көп болғанымен, елге қажетті әрі абыройлы жұмыс. Осы күрделі жолды нағыз отаншыл адамдар таңдайды. Сіздер әр азаматтың жайлы өмір сүруіне, бизнестің тұрақты дамуына, балалардың бақытты әрі алаңсыз өсуіне орасан зор үлес қосып жүрсіздер», деді Президент.
Мемлекет басшысы ірі қалалармен қатар, шалғай ауыл-аймақтардағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында құқық қорғау органдарының еңбегін ерекше атап өтті.
«Еліміздегі ірі қалалармен қатар, шалғай елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздік – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасы. Осындай тұрақтылық пен тыныштықтың артында Заң мен тәртіп үшін жасалған ерен ерлік бар. Халқымыз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігін бағалайды, мақтан тұтады, әрқашанда қолдайды. Жақында күштік құрылымдарымыз Алматы облысында ірі есірткі зертханасын жойды. Маңғыстау облысында трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Соның нәтижесінде есірткі бизнесіне мықты тосқауыл қойылды. Арнайы операцияларға қатысқан мамандар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің қауіпсіздігі жолында қызмет бабында қаза тапқан сақшылардың ерлігін еске алып, олардың есімі әрдайым халық жадында сақталуы тиіс екенін айтты.
«Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды. Бүгін біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.