«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы қарсаңында қаланың автобус паркі су жаңа автобустармен толықты. Жаңадан алынған 44 автобус №24, №4, №35 және №12 бағыттарда жолаушы тасымалдауға маусым айының соңында кіріседі. Қазір қала аумағында 42 маршрут жұмыс істейді. Оған 331 автобус тартылған. Облыс орталығында 5 тасымалдаушы жолаушыларға қызмет көрсетеді, дегенмен Семейдің автобус паркі кейінгі 6 жылда жаңармаған, жаңа автобустар алынбаған.
Облыс әкімдігінің қолдауымен «Авто Транс Семей» ЖШС Семейде жасалған 44 жаңа автобусты сатып алып, қаланың көлік жүйесін жаңартты. Жаңа көліктер қала тұрғындарына жайлы салқындату жүйесімен жабдықталған. Енді Семей жұрты алғаш рет салқындатқышы бар автобустармен жүретін болады.
Аймақ басшысы алда қала автобусы кезең-кезеңімен жаңартылып, жұмыстардың жүйелі жүретіні назарда болатынын айтты.
– Осыдан бір ай бұрын облыстың даму жоспарын таныстырған кезде қаланың автобус паркін жаңартамыз деп уәде бергенбіз. Міне, енді 44 автобусты қалаға жібергелі тұрмыз. Оның 30-ы үлкен, 14-і шағын автобустар. Бәрі де өзіміздің Семейде шығарылған. Сапалы, бәсекеге сай автобустар. Бұл автобустарға басқа облыстар да қызығушылық танытып, сұранысқа ие болып отыр. Бірақ автобус шығаратын зауыттың басшылығы бірінші болып бізге осындай мүмкіндік туғызды, – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Транспорттың тағы бір ерекшелігі, Абайдың 180 жылдығына орай, автобустардың сырты ұлы ақын бейнесі бар логотиппен безендірілген. Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін қаладағы жаңа автобустың саны 70-ке жетіп, келер жылға тағы да 50 автобус халық игіліне жарамақ.
Абай облысы