
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жылдар өткен сайын деңгейі мен ауқымы артып келе жатқан, биыл 14-мәрте өткізіліп отырған турнирде елге есімі елеулі ел ағалары – көрнекті жазушылар Төлен Әбдік пен Қойшығара Салғараұлы, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен сенатор Нұртөре Жүсіп тұғырлы тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.
Іс-шараның ашылу салтанатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев министрлік Еуразия ұлттық университетімен бірлесе Ақаңның артында қалдырған мұраларын зерттеп-зерделеуге байланысты жұмысты бастағанын, Ақаңның әндері мен шығармалары, журналистикадағы еңбектеріне ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық байқау өткізуді жоспарлап отырғандарын сүйіншіледі.
Ал Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген қазақта мақал бар. Бүгінгі дода соны айғақтайды. Бұл турнирді журналистер бас қосып қана қоймай, елдің ертеңіне қатысты ой-пікір алмасып, салаға қатысты мәселелерді талқылап, ойнай жүріп ойласатын жиын деп айтуға болады», деді өз сөзінде.
ЕҰУ жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Қайрат Сақ кезекті тастаяқшылар сайысының шарттарымен таныстырды.
«Биылғы ерекшелік жастар мен ақсақалдарымыз бөліп-жармай бір үстелдің басында әңгімелерін айта жүріп ойнасын деп, жарысты бірге өткізіп отырмыз. Тек ақсақалдарымызда реніш болмауы үшін ол кісілерге жеңілдік жасадық. 40 жасқа дейінгілер 40–60 жастағыларға бір шар, ал 60 жастан асқандарға 2 шар жеңілдік береді деп шештік», деді жиын басында.
Осылай журналистиканың жолбасшылары мен қаламгерлер, медиаменеджерлер мен жас журналистер жарыс көрігін қыздырды.
Турнирді ұйымдастырушылар белгілі қаламгерлер атындағы жүлделер де тағайындады. Оралхан Бөкей атындағы жүлде – Сәдібек Түгелге; Кәрібай Ахметбеков атындағы жүлде – Кәрімбек Құрманалиевке; Ақселеу Сейдімбек атындағы жүлде – Нұртөре Жүсіпке; Серік Әбдірайымұлы атындағы жүлде – Дархан Мыңбайға; Қуанышбай Құрманғалиев атындағы жүлде Қойшыбай Есентаевқа берілді. Одан бөлек «Ең сыйлы бильярдшы» жүлдесін – Қойшығара Салғараұлы, «Ең мәдениетті бильярдшы» жүлдесін – Төлен Әбдік, «Ең шебер бильярдшы» жүлдесін – Алтынбек Нұхұлы, «Ең мерген бильярдшы» жүлдесін – Әлімжан Сабыржанұлы, «Ең шапшаң бильярдшы» жүлдесін – Шархан Қазығұл, «Техникасы мықты тастаяқшы» жүлдесін – Марат Манасбаев, «Ешкімнің көңілін жықпаған бильярдшы» жүлдесін Қайрат Мұсақұлов алды.
Турнир қорытындысында белгілі айтыскер ақын, АЛЖИР мұражайының директоры Дәулеткерей Кәпұлы І орынды, журналист, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің аппарат басшысы Нұрділда Ораз ІІ орынды, ал ақын Ұларбек Нұрғалымұлы ІІІ орынды иеленді.
Жалпы, тастаяқшылар додасына қатысушылар тағылымға толы турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған Еуразия ұлттық университеті ұжымына алғыстарын айтып тарқасты.