Тарих • Бүгін, 08:45

Қазақ экипажы

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мына бір фото соғыс жылдары Қызыл Армияның Әскери әуе кұштерінің үнпарағы «Сталинский сокол» (жауапты редакторы В.П.Масковский) газетінің 1944 жылғы 5 желтоқсан күнгі №98 (292) санына жарияланыпты. Жәдігердің астына: «Бірінші Прибалтика майданы. Қазақ экипажы. Звено командирі үш орденді гвардия аға лейтенанты Есіркепов – 100 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Звено штурманы гвардия лейтенанты Имашев – 50 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Екі орденді радист-атқыш гвардия сержанты Тәжібаев 30 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Барлығы – Сталинград, Белоруссия, Прибалтика шайқастарына қатысқан. Суретті түсірген И.Фигурова», деп жазылыпты.

Қазақ экипажы

Бұл үш тұлға – Екінші дүние­жүзілік соғыста «Қазақ экипажы» атанған ұшқыштар. Отан соғысы тарихында үш қазақ бір ұшақ­қа отырып, қатардан қалыспай ерлік көрсетіп, күллі майданға үлгі бол­ған оқиға бұдан басқа жоқ. Онымен қой­май осы үш қазақтың екеуі Байтұрсын Есір­кепов пен Қадес Имашев соғыстан аман оралыпты. Радист-атқыш сержант Төлебай Тәжібаев майдан даласында қаза тапқан.

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында өшпес із қалдырған қазақ экипажы 1942 жылы 17 тамыз күні алғаш рет жауынгерлік сапарға аттаныпты. Бұл оқиға туралы 2005 жылы Өскемен қаласында жарық көрген Елтай Елғонның «Жеңіс жолында от кешкендер» атты кітабында: «ПЕ-2 шүйілгіш бомбалаушы – өте айбарлы ұшақ. Ішінде үш қазақ рухтанып отыр. Кенет ұшақты әлдебір жойқын күш солқ еткізіп, көтеріп тастады. Радист ұшаққа оқ тиді деп ойлады. Сөйтсе, штурман барлық бомбаны бір-ақ тастап жіберген екен. Төменгі орман қара түтін мен шаңға оранды. Кей тұста өртеген от жалыны көрінеді. Ұшақ зенит снарядтарының құрсауында келе жатыр. Бір ғажабы ұшаққа бірде-бір оқ тиген жоқ... Атқыш көз салып еді, немістің «мессерлері» шабуылдап келе жатыр екен. Олардың жолын «ЯК»-тар кесуге ұмтылды. Сөйтіп, аспанда айқас басталды. Зеңбірек пен пулемет оқ­тары аспанды тілгілеуде. Төле­бай пулеметін олай-бұлай бұрып, жай отыр. Атайын десе, қапталдасып келіп қалған өз полкінің ұшақтары бөгет бо­луда. Төлебай жерден бақылап отырған коман­дирдің радио­стансадағы сөзінен жау­дың 25 жой­ғыш ұшағы шабуылға шық­қанын білді.

– Атқыштар төменде жау жойғыштары, оларды атып, шепке жақындатпаңдар, – деген полк командирінің бұйрығы естілді. Ұшақ тізгіні экипаж командирі Есіркепов­тің қолында. Ол бар күшін сарқып ұшып келеді. Кенет қапталдасып келе жатқан полк ұшақтарының бірі отқа оранды. – Төлебай ат, – деген Қадестің ышқынған даусы естілді. Пулемет дүрілдеп қоя берді. Кенет жаудың ұшағын қуған ЯК шыға келеді. Төлебай оған оқ дарытып алармын деген күдікпен атуды доғарды. Төменгі жақтан «абайлаңдар, төменде жау ұшақтары» деген дауыс естілді. Заматта екі «фоккер» бұларға шүйіліп жетті. Тө­лебай пулеметке жабысып жау ұшағын ат­қылап жатыр. Жалпы, әуе шайқасы көпке созыл­майды. Жау ұшақтары жайына кетті. Үш қазақ аман-есен жерге оралды» деп жазады.

Қазақ экипажы соғыс нағыз қызып тұрған 1943 жылдың жазында Сталинград май­данына қатысып, сағатына 600 км ұшатын не­містің «Фокке-вульф – 190А» жойып, ерлік кө­р­сетіп, одан кейін Прибалтиканы жаудан азат етеді.

Сөйтіп, 1944 жылдың тамыз айында «Қазақ экипажы» құрылғанына екі жыл толады. Бұл оқиғаны полк ұшқыштары атап өтеді. Полк командирінің саяси жұмыс жө­ніндегі орынбасары К.П.Финогенов осы отырыста Жамбылдың: «Ерлер көкте шырқаған, Болат құсың самғаған, Серік болып бұлтпен, Жау үрейін ұшырған, Көктен жасын түсіріп, Жау тынысын бітеген», деген жыр жолдарын орысша жатқа оқып, қазақ жігіттерін құт­тықтайды. Қазақ экипажы сол күні полк­тің жауынгерлік туы алдына фотоға түседі. «Сталинский сокол» газетіне жария­ланған фото осы.

Содан 1945 жылдың сәуір айында қазақ экипажы эскадрильямен бірге жаудың шебін талқандауға аттанады. Ұшқыштар белгіленген арақашықтықты сақтап, ұшып келе жатады. Экипаж командирі Есіркепов тежегіш торды босатып, ұшағын шаншылта төмен зымыратады. Командирдің қимылын басқалар қайталайды. Жауға шүйілген ұшқыштар пулеметтен оқ жаудырды.

Кенет жарқ етіп шағы­лысқан жарық Байтұр­сын­ның бетіне ұрды. Штур­вал қолынан шығып кетті. Бар күшімен құл­дырап бара жатқан машинаны ең­серуге ты­рысты. Ұшақ ептеп көндікті. Бұларға оқ ат­қан «фоккерге» арттағы ұшақтар тап береді.

– Командир, мен жараландым, – деді Төлебай Тәжібаев.

– Шыда, – деді командир Есіркепов.

Ауыр жарақат алған Тө­лебайдың «менің өлгенімді анама естіртпеңдерші» деген соңғы сөзі ышқынып шығыпты. Қадес жылап жі­береді. Ұшақ жерге қонады. Төлебайдың мәйітін арнайы топ жерлеуге алып кетеді.

Осылай үш жылға тарта бір ұшақта отырып, жаумен шайқасқан «Қазақ экипажы» бір жолдасынан айырылып, аман қалған екеуі соғысты аяқтайды.

Қадестің естелігінде: «Соғыс біте салысымен полкте бірінші болып Байтұрсын Есіркепов орыс қызы Татьяна Демидинаға үйленді. Ол үйлеген соң ұзақмерзімді іссапарға кетті. Кетерінде маған «Жең­геңнің аяғы ауыр, көз-қырыңды сала жүр» деп тапсырды. Таня ұл туды. Оның атын мен Асқар деп қойдым. Байтұрсын іссапардан бір жыл­дан соң оралды» деп жазыпты (Е.Елған. «Жеңіс жолында от кешкендер». Өскемен: 2005 ж. 145-б.).

Соғыстан кейін Байтұрсын Есіркепов пен Қадес Имашев Алматы қаласында тұрыпты. Қадес майдандас досы Төле­байдың анасы мен қарындасын ұзақ жыл іздепті. Газетке жазып, сұрау салыпты. Бірақ таба алмапты.

Бір қызығы, майданда асқан ерлік көр­сетіп, Батыр атағына ұсынылып, бірақ ол атақ бұйыр­маған майдангерлер тізімінде «Бай­тұрсын Есіркепов» есімі жүр. Осындағы анық­тамалықта: «Аты аңызға айналған ұшқыш, гвар­дия капитаны Байтұрсын Есіркепов 1941 жылдың шілдесінен, 1945 жылдың мамырына дейін соғысқа қатыса отырып, 174 сәтті жауын­герлік ұшу жасаған» деп жазылыпты.