
Инватакси қызметінде диспетчер болып жұмыс істейтін ол тағдыр тауқыметіне төтеп беріп, табандылық танытып келеді. Шағын диспетчерлік орталықта қашанда қарбалас. Үздіксіз қоңырау шалынып, жолаушылар шұғыл өтініштерін жеткізіп жатады. Сырттай қарағанда томаға-тұйық, қарапайым кеңсе болғанымен, қайнап жатқан тіршіліктің тұтқасын ұстап отырған ерекше тағдыр иесі екенін аңғара да қоймайсыз.
–Мен екінші топтағы мүгедекпін, екі аяғымнан айрылғанмын. 2007 жылдың желтоқсан айында оқыс оқиғаға душар болдым, – дейді Орал Қабылов, – қазір протезбен жүремін. Жалғыз жәрдемақымен жан бағу қиын. Сондықтан, талпыну қажет болды. Өзім сияқты адамдарды, түрлі қауымдастықтар мен ұйымдарды іздедім. Менің түсінігімде жалғыздықпен әрі шарасыздықпен күресу үшін орта қажет. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенімен әркім өзі қолынан келетін шаруаны істеп ұмтылғаны дұрыс қой. Ең бастысы, үміт үзілмеуі керек.
Ол сүйікті жар, қамқор әке. Үй шаруасына да үнемі араласып, көршілеріне де қолғабысын тигізеді. Айтпақшы, бұл орталықта тағдырлас бірнеше адам бар.
–Инватакси қызметін 2011 жылы бастадық. Сол уақыттан бастап Қазақстан мүгедектер ұйымының одағы жұмысын жандандыра түсті, – дейді «Шанс» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының төрағасы Василий Шиманский, – қазіргі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру біршама қиындық туғызады. Бұл жерде алты адам жұмыс істейді. Шын мәнінде мұндай адамдарға жұмыс табу өте қиын. Олар да мұның барлығын жақсы түсінеді. Жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, тапсырылған істі тиянақты атқарып отырады.
Тағдырдың алға тартқан тауқыметін арқалап жүрсе де келер күндердің жақсылық шарапатынан күдер үзбеген қайратты жандар осынысымен жалпақ жұртқа үлгі.
Көкшетау