Мәдениет • Бүгін, 10:00

Көкшетау археологтары сақ дәуірінің жәдігерін тапты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшедегі көне дүниенің кебежесі тағы бір олжа – тарихи жаңалықпен толықты. Ұлттық музейдің археологтары Кенжебай қорымында қазба жұмыстарын жүргізген кезде Сақ дәуіріне тиесілі тоналмаған екі мола мен бірнеше құнды жәдігерлер тауып, олжалы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көкшетау археологтары сақ дәуірінің жәдігерін тапты

Кеңөткел ауылының маңындағы қорымнан Сақ дәуіріне тиесілі екі адамның мәйіті табылды. Ғалымдардың болжамынша, біреуі ер адам, екіншісі әйел болуы мүмкін. Ал, қола бұйымдар сақ дәуіріндегі күн кешкен әйелдің тегін адам болмағандығын айғақтайды.

–Темір дәуіріне тән жерлеу дәстүрінің сақталғандығы анықталып отыр. Қорымдағы сүйектер ертедегі темір дәуірі дәстүрлеріне тән, – дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының басшысы Пердехан Мұсырманқұл, – сол заманның ғұрыптық тас, қола айна, пышақ сияқты заттарымен бірге белбеу бөліктері ғажап дүние. Көкшетау өңіріндегі көне тарихқа жаңа көзқараспен қарап, ғылыми тұрғыда қалыптастыруға мүмкіндік беретін деректер.

сақ

Мәйіттің сүйегі біршама жақсы сақталыпты. Ғалымдар алдағы уақытта анропологиялық зерттеуге жібермек. Ғылыми қауымдастық бұл олжаны еліміздің археология саласындағы маңызды жаңалық деп бағалап отыр.

–Ер адамның белбеуінде өрнектелген Сақ стилінде жасалған бұйымдар табылып отыр, – дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Данияр Дүйсенбай, – мал сүйектерінің қалдықтары да табылды. Оған қоса, ошақ қалдықтары да қолымызға ілікті. Біз үшін бұл өте құнды. «Қара археологтардың» назарына ілінбей, аман қалған олжа бізге бұйырып отыр.

Қазір археологтар Кенжебай қорымында табылған мәйіттерді осы өңірдің тұрғындары деген ұйғарымға келіп отыр. Алдағы уақытта Имантаудың етегінде де дәл осындай қазба жұмыстары жүргізілмек.

Ақмола облысы