
Сарапшылар мұндай биік межеге цифрлы шешімдерсіз жете алмаймыз деген пікірде. Қарқын алып келе жатқан туризмнің болашағын цифрлы технологиялармен байланыстырған сала ойыншылары Алматыда «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумын өткізіп, цифрландыру мен инновациялық болашағын талқылады.
– Үкіметтің соңғы отырысында туризмді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл осы бағыттың мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие екенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда сегіз тілде қолжетімді Kazakhstan.travel туристік порталы, әуежайларда QR-код жүйесі және eQonaq қонақтарды тіркеу платформасы жұмыс істейді. Алайда туристің цифрлы жолы толық қалыптаспай отыр. Бұл ұялы байланыс операторлары мен электрондық төлем жүйелері секілді жаңа дереккөздерді біріктіру қажеттігін көрсетеді. Мұндай кешенді тәсіл туристер мен сала өкілдері үшін ашық әрі ыңғайлы цифрлы орта құруға мүмкіндік береді, – деді форум барысында Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлының айтуынша, туризмді дамытуға еліміздің географиялық, экономикалық мүмкіншілігі жетеді. Ол үшін саланы цирфландыра отырып, алдыңғы қатарлы туристік елдер тәжірибесіне мән беру қажет.
– Бүгінде әлемдегі туристік ұйымдардың қызметі ашық. Испания, Дубай, Швейцария, Түркия сияқты алдыңғы қатарлы туристік елдердің ұйымдарымен тәжірибе алмасу дәстүрі қалыптасты. Жақында Дубайдың цифрлық әрі қаржыландыру жүйесімен таныстық. Цифрлы ресурстардың жақсаруы монетизацияға, туристік компаниялар үшін қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Еліміздің жағдайына бейімдеуге болатын жобаларды енгізу басты назарда тұр. Қарастыра келгенде, мысалы АҚШ пен Канаданың ұлттық парктерді дамыту тәжірибесінің тартымды екенін көрдік. Бұл елдерде мұндай туристік аумақтарға кірудің өзіндік тәртібі мен шегі қалыптасқан. Туристерге цифрлы шешімдер арқылы қолайлы жағдай жасай отырып, табиғатты аялау, экологияны жақсарту мәселесіне де көңіл бөлінген. Бұл бағыт елімізде енді-енді дамып келеді. Ал туристерді көптеп тарту инфрақұрылымға тікелей тәуелді. Елімізде негізгі базалық инфрақұрылым құрылғаннан бері соңғы жылдары ұлттық парктерге 2,8 млн адам барған. Былтыр 2,4 млн-ды құраса, көрсеткіш жыл сайын 20 пайызға өсіп келеді. Келер жылы 3 млн-нан асады деген болжам бар. Бұл қызметті реттеу үшін сапар орталықтарының жұмысы, маршруттар тізбесі, туристердің қауіпсіздігіне мән берілуі қажет. Мұның барлығын цифрлық технологиялар арқылы жүйелеуге болады. Кореяның қала туризмі жүйесінде бір ғана қосымша арқылы барлық сервистерге қолжетімділік бар. Сондықтан сала ойыншылары туристік қызмет түрлерін тиімді үйлестірудің маңызды екеніне көз жеткізуі тиіс. Яғни, туристік компаниялардың бірі қызметін ауылды жерлерде қонақ жайлар сервисіне бағыттаса, енді бірі – қонақ үй, келесісі шеберлік сағатарын ұйымдастырумен айналысуы қажет, – дейді Д.Сержанұлы.
Атап өткендей, елімізде қалалық туризм қарқын алып келеді. Туристерге көбіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары тартымды. Экотуризмге де сұраныс жоғары. Экотуризм этнотуризммен бірге қарастырылады. Туристерді бұл бағытта қонақ жайлар, ауыл-аймақтар, салт-дәстүрмен байланысты нысандар, тағамдар өте қызықтырады. Соңғы жылдары қарқын алып келе жатқан жағажай туризмі іштен әрі сырттан келетін туристерді қызықтырып отыр. Мысалы, Ақтауға көп жағдайда жергілікті және ресейлік туристер көп келеді.
Деректерге сүйенсек, былтыр елімізге 15 миллионнан астам турист келген. Шетелдік меймандар елімізде кем дегенде 4 күн тұрақтап отырған. ТМД елдерін келген қонақтарды есепке алмағанда, Қытайдан – 655 мың, Үндістаннан – 146 мың, Түркиядан – 130 мың, Германиядан – 92 мың, Оңтүстік Кореядан келген туристер саны 40 мыңға жуықтайды. Десек те, сарапшылар еліміздің туристік тартымды аймақ болғанына қарамастан, қызмет көрсету сапасының кенжелеп қалғанын алға тартады.
– Қызмет сапасын жақсарту бәскелестікке байланысты. Бізде сұраныс көп болғанымен, ұсыныс аз. Көптеген қонақ үйлер мен басқа да қызмет көрсету орталықтары көп жағдайда туристің көптігінен қызмет сапасына мән бермейді. Сапаны жақсарту үшін көбірек инвестор тарту қажет. Ал инвестор үшін инфрақұрылым мен заңнамалық қолдау шаралары маңызды. Қазіргі кезде заңнама тұрғысынан көптеген мәселелер қолдау тауып, алдағы жылдардан инфрақұрылымдарды дамыту үшін арнайы бюджеттік бағдарлама іске асатын болады. Әкімдіктерге құзірет беріліп жатыр. Осыған орай жергілікті әкімдіктер ауылдан тыс маңдардың инфрақұрылымына мән бермек. Жол мәселесі шешілсе, кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық туады, нәтижесінде бәсекелестік артады, – деп атап өтті Д.Сержанұлы.
Биыл форумда бірінші рет стартаптардың байқауы ұйымдастырылып, үздік жобалар туристердің цифрлы жолын жақсарту үшін таңдап алынды. Байқау нәтижесіне сәйкес жасанды интеллект базасындағы «Alem» мобильді гиді жеңімпаз деп танылып, команда 5 миллион теңгеге ие болса, екінші орын және 3 миллион теңге жылжымайтын мүлікті жалға алуды автоматтандыруға арналған «ApartX» технологиялық платформасының еншісіне тиді. Байқаудың жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде прототиптері бар туризм саласындағы 30-дан астам инновациялық ІТ-жобадан 10 перспективалық тревел-стартап таңдалып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Тартымды жобалар әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге таныстырылды.
Алматы