Шаруашылық • Бүгін, 09:25

Өзекті түйткілдерді тарқатуға уағдаласты

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-Қырғызстан жұмыс тобының II отырысы өтті. Жиынға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов пен Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Самат Насирдинов тең төрағалық жасады.

Өзекті түйткілдерді тарқатуға уағдаласты

Тараптар Үкіметаралық кеңестің 12-отырысында қол жеткізілген келісім­дердің орындалуын, 2024–2025 жыл­дарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара жеткізілімін ұлғайту жөніндегі Жол картасының іске асырылуын, сондай-ақ аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Бағлан Бекбауов агроөнеркәсіптік өнімдер бойынша өзара тауар айна­лымының тұрақты оң серпінін атап өтті. 2024 жылы тауар айналымы 350,9 млн долларға жетіп, өткен жылмен салыс­тырғанда 8,4%-ға артты. 2025 жылдың І тоқсанында өсім 43,5%-ды құрап, 99,9 млн доллар болды. Оның ішінде Қазақстаннан экспорт – 80,1 млн доллар (+44,3%), импорт – 19,8 млн доллар (+39%).

Кездесуде ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу бойынша техникалық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасына ерекше назар аударылды. Құжат селекция, асылдандыру жұмыстары және ақпараттық дерекқорларды дамыту бойынша тәжірибе алмасуды көздейді. Қазақстан тарапы астық қолхаттары үлгісінде қойма куәліктерінің айналымы бойынша тәжірибесімен бө­лісіп, бұл бағытта «Ақпараттық-есеп орта­лығы» АҚ базасында практикалық кон­сультациялық кездесу өткізуге дайын екенін білдірді.

Отырыс аясында тараптар ықтимал жобалар тізімін өзара алмасып, бірлесіп жүзеге асыру үшін нақты 2-3 жобаны айқындауға келісті. Сонымен қатар Астана қаласында қанатқақты форматта ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу, кейін оны еліміздің басқа өңірлерінде жал­ғастыру туралы ұсыныс қолдау тапты.

Шекара бекеттерінде жүк авто­көліктерінің өткізу қабілетін арттыру мәселелері де қаралды.

Екіжақты сауданы дамыту мақсатында тараптар «Кыргыз-Агрохолдинг» ААҚ пен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арасында өнім жеткізілімінің болжамды көлемін көр­сете отырып, меморандумға қол қоюға уағдаласты. Жамбыл (Қазақстан) және Талас (Қырғызстан) облыс­тары арасында ауыл шаруашылығы өнім­дерінің шекара маңындағы сауда­сын жандандыру жоспарланып отыр.

Қазақстан бидайын жеткізуді арттыру мақсатында тараптар теміржол тарифтері мәселесін пысықтап, мүдделі ұйымдардың қатысуымен келіссөздер жүргізеді. Отырыс қорытындысы бойынша қолжеткізілген келісімдер мен алдағы ынтымақтастық бағыттарын бекітетін хаттамаға қол қойылды.