
Қазіргі таңда еліміздің 122 жоғары оқу орнында 680 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Осы санның артында әрқайсысының жеке мәселесі мен құқығы бар. Бұл тұрғыда білім алушы жастардың академиялық еркіндігі мен әлеуметтік әл-ауқаты үшін жауап беретін омбудсмендер институты маңызды рөл атқарып келеді. Министрлік өкілі Ақерке Абылайханның айтуынша, студенттік омбудсмендер институты еліміздің барлық өңірінде екі жылдан бері жұмыс істейді. «Бүгінгі таңда өркениетті елдің азаматы ретінде білім алушы жастар тек білім емес, жоғары рухани құндылықтарға да ие болуы қажет. Министрлік бұл бағытта «Толық адам» идеологиясын алға тарта отырып, тәрбиелік жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп отыр. Академиялық адалдықты сақтау – білім берудегі негізгі қағидалардың бірі. Осы мақсатта 18 жоғары оқу орны мүше болған Академиялық адалдық лигасы құрылды», деді ол.
Оның айтуынша, студенттердің академиялық және әлеуметтік мәселелерін шешу үшін психологиялық көмек орталықтарын ұйымдастыру, комплаенс-қызметтерді жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стандарттарды енгізу сияқты шаралар қабылданып жатыр. Жастар арасында волонтерлік пен өзін-өзі басқару жүйесі де дамып келеді. Мәселен, бүгінде жоғары оқу орындарында 100-ден астам дебат клубы, 120-дан астам экологиялық және шығармашылық клуб жұмыс істейді.
Министрдің кеңесшісі Тоқтар Болысов 2024–2025 оқу жылындағы студенттік омбудсмендер қызметінің нәтижесін баяндады. «Биыл студенттік омбудсмендерге 6 079 өтініш түсті. Олардың басым бөлігі академиялық әділетсіздік, жатақхана, әлеуметтік-тұрмыстық мәселесіне қатысты болды. 1 жыл ішінде омбудсмендер тарапынан 100-ден астам жоспарлы және 20-дан астам жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Бұл жұмыс оқу мен тұрмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді», деді ол.
Брифинг барысында Тоқтар Болысов студенттердің пікірлеріне арналған жаңа бақылау форматын да атап өтті. Оның айтуынша, Шымкент қаласында «2GIS» платформасы мен әлеуметтік желілердегі студенттердің пікірлері сараланып, кейбір университеттерде жүйелі кемшіліктер анықталған. Мәліметтер оқу орындарына жолданды. Енді шілде-тамыз айларында қайта мониторинг жүргізіледі. Осы ретте ақпараттық-ағартушылық жұмыстар да назардан тыс қалмаған. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін дәрістер, кеңес беру кездесуі және әлеуметтік желіде жарияланымдар ұйымдастырылған. Сонымен қатар «Студенттік омбудсмендер мектебі» аясында адам құқықтары, коммуникация, қақтығыстарды шешу және университет әкімшілігімен өзара әрекеттесу бойынша тренингтер өткізілген.
Республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукен жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен ашық диалогті дамытуда министрлік пен Қазақстан студенттерінің альянсы арасындағы серіктестіктің маңыздылығына тоқталды. «Біз – студент пен университет арасындағы ашық әрі сенімді диалогтің құралына айналдық. Омбудсмендер қазіргі таңда студенттердің мәселелерін университет әкімшілігі мен басқа да тиісті органдарға жеткізе отырып, олардың құқықтарын қорғауға ықпал етіп келеді», деді Ұ.Наукен. Оның айтуынша, жыл басынан бері студенттік омбудсмендердің бастамасымен 200-ден астам қоғамдық шара, құқықтық кездесулер, спорттық және шығармашылық байқаулар, экологиялық акциялар, дебат турнирлері, өткізілген. Сондай-ақ студенттік өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға бағытталған «Studunion» жобасы арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында студенттердің өкілдік институттары дамып, жастардың басқару үдерісіне араласуына мүмкіндік берілген.
Брифинг қорытындысында спикерлер студенттік омбудсмендер институтын әрі қарай дамыту үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық тетіктерді күшейту қажет екенін атап өтті.