
– Қазақ өркениеті және тарихы ғылыми институты бірқатар зерттеулердің бастауына айналды. Сондай-ақ ол халқымыздың көне, орта, жаңа замандағы даму үрдістеріне қатысты еңбектерге негіз болды. Институтта қазақ өркениетін тануда қазір қандай жұмыс жүзеге асып жатыр?
– Өркениет теориясын жазған британдық тарихшы, философ Арнольд Тойнби: «өркениет ол – әр адамның өз ұлты туралы білуге тиісті мәліметі», деп айтқан екен. Ал өркениетті ел болу үшін оның мемлекеттілігі, тарихы, жері, мәдениеті, қалалары, жазуы, архитектурасы, медицинасы, қалыптасқан дәстүрі болуы шарт. Ерте ғасырдан бері қазақ халқының көшпелілік, қалалық, егіншілік, әскери, дала өркениеті көптеген елге үлгі болып келеді. Шын мәнінде, Қазақ өркениеті – сақ, ғұн, түрік өркениеттерінің мұрагері. Мысалы, біздің заманымыздың IV–V ғасырларында Еуразия әлемінде – ғұндар, Еуропада – Рим империясы өркениет жайды. Рим империясы құлдыққа негізделген қоғам еді. Еуропаға ат басын бұрған ғұндар бейбіт қарым-қатынасты нығайтуды көздеді. Тарихта соғысқұмар етіп көрсетілгенімен, ғұндар негізінен ондай болған емес. Ғұндармен бірге Еуропаға рыцарлық өнер келді. Сөйтіп, ғұндар римдіктермен 50 жыл бойы тату-тәтті тұруға келісімшарт жасасты. Сол кезде ғұндар Рим империясына сый ретінде 4 қала салып берді. Біраз уақыт қазіргі Мажарстанда тұрақтады. Алайда бұл келісімшартты алдымен Рим бұзды. Соғыс басталды. Аттила қолбасшылық еткен ғұн армиясы жеңіске жетіп, Римнен бодан елдерді босатты. Кейбір деректерде Аттилаға Римге император болу туралы ұсыныс жасалғаны айтылады. Бірақ Аттила 53 жасында өмірден өткен. 2000 жылдардың басында Франция Мәдениет министрлігі музей салу туралы байқау жариялағанда Шампань провинциясындағы Ла Шеп қаласы Аттила музейін ұсынып, жеңіп шығады. Артынан Аттилаға ескерткіш қойылды. Сол қалада Аттиланың ассоциациясы бар екен. Аттила Ла Шепте тоқтап, Рим әскерімен шайқасқа дайындалу үшін диаметрі бір жарым шақырым қорған жасатқан. Қазір бұл жерді ЮНЕСКО қорғауына алған. Аттила ассоциациясына мүше болып, өз тарапымыздан азын-аулақ болса да музейге демеушілік жасадық. Аттила музейіне Ұлттық банктің Аттилаға арнап шығарған медалін, «Алтын адам» семсерінің көшірмесін, шоқпар және киіз үй секілді бірқатар құнды жәдігерлерді сыйға тарттық. Бұл деректерді негізге алып отырған себебім, қазақ өркениетінде өзіндік орны бар Аттиладай (Еділ батыр) тұлғаларды зерттеу – бүгінгі ғылымның алдындағы келелі міндет. Осы ретте әлемді мойындатқан Аттиланы Еуропа құрметтеп жатқанда бізге де ескерткіш қойып, дәріптейтін кез келген сияқты.
– Еңбектеріңізде атап өткендей, көшпелілік, қалалық, өзендік, әскери, егіншілік өркениетін зерттеу ісі жалғасын тауып келеді. Осыған қатысты қандай елдердің мұрағаттарынан материалдар жинақталды?
– Көшпелілер өркениетінің мықтылығы сонда, олардың ұрпақтары Еуропада шамамен XVII ғасырға дейін қыпшақ тілінде сөйлескен. Олар қуман, яғни қыпшақтар деп аталған. Португалияның астанасы Лиссабонға барғанымда географиялық қоғамның мұрағатындағы ежелгі Қазақстан территориясы белгіленген көне карталарды көрдім. Сонда біздің халқымызды «қасақ» не «қассақия» деп жазған. Мұнымен қоса Лиссабон қаласындағы Орталық археологиялық мұражайында түрлері азиялықтарға ұқсаған балбал тастар бар екен. Оларға кигізген шапандарда қазақы оюлар мен киіз үйдің керегесі бейнеленген. Бұл көрініс ғұндардың (қазақтардың) әлемдік өркениеттегі орнын нақтылай түседі. Сәулет үлгілері, киімдеріндегі оюлар бізге ұқсастығымен көз тартады. Осы сәулет үлгілері біздің заманымызға дейінгі І–ІІ ғасырларға тән. Ежелгі мекеніміз бейнеленген картада «қассақ» деп көрсетілген. Тарих бедеріне қарасақ, ғұндар өрісін кеңейтіп отырған. Алтайдан жылжып Батысқа қарай беттеген. Сөйтіп, жолай Түркістан, Сайрам, Шымқаланы, тағы да басқа көптеген қаланы салған. Сондықтан ғұндарды «қаласалғыштар» деп атаған. Еділге жетіп, өздерінің астанасы Баланжарды салған. Қызылжар, Ақжар, Қаражар деген сияқты шаһарлар бой көтерген. Сондай-ақ Ботай мәдениетінен қазақ халқының жылқы өсіріп, мал шаруашылығымен айналысқанын көреміз. Жылқыны шаруашылықта ғана емес, соғыс қимылдарына да пайдаланды. Тіптен ақылды аттар сарбаздармен бірге шабуыл кезінде жолындағы жауды жайпап отырған. Ал қазақтардың өзен өркениеті әлі де зерттеулерді қажет етеді. Елімізде археологиялық қазбалардан табылған кеме пішінді орындар қазақ даласында кеме жасау мен Еуропаға кеме жеткізу ісінің өркендегенін көрсетеді.
– Тарихшы ретінде Ұлы Жібек жолымен Бейжіңге дейінгі өркениеттерді зерттедіңіз. Қытай жерінде тұрған көптеген тұлғаға қатысты деректер жинастырдыңыз. Осы сапарыңызға да тоқталып өтсеңіз...
– Мен Қашқарияны сегіз күн автокөлікпен араладым. Тақыламақан шөлі мен Шыңжаңнан бастап, Қашқар, Қотан, Асу, тағы басқа да жерлерде болдым. Бір қызығы, мұнда «Астана» деген шаһардың орны бар екен. Сонда жерасты обсерваториясының орны сақталған. Бұл атаудың қазаққа тән екеніне дау жоқ. Бүгінде қыста – аязды, жазда аптап ыстық Тақыламақанды қытайлар игеріп жатқанына қарап, қайран қаласың. Қазақ ғалымдарының көпшілігі ертеде Қашқарияда тұрған. Қашқаридің музейінде болдым. Қашқари қаншама еңбек жазды, өз ғалымдарымыз аударған түркі сөздігінің үш томдығын түзді. Бүгінде көрші Қырғызстанда Баласағұн атындағы университет бар. Баласағұн қаласының орны Шу қаласының бергі жағында орналасқан. Қала қорғанының үлкендігі 15 шақырымды құраған. Мұнда патшаның мекен-жайы, қарапайым халықтың тұратын жері, одан кейін сауда-саттық орны болған. Қазір осы жерден жаңа жол өтіп жатыр. Қытайдан шығып, Атырауды жағалап, Еуропаға кетеді. Осы қаланың орнына жаңа қала көтеріп, қалпына келтіруге не кедергі? Технология қарыштап дамыған кезеңде дала өркениетін жаңғыртып, көне шаһарларды қайта көтеретін кез келген сияқты. Сол сияқты Сарайшықты да қалпына келтіруге болады.
– Әйгілі Отырар кітапханасы туралы деректер әлі күнге беті ашық күйінде қалып отыр. «Топырақ астында қалған құндылықтарымызға қолымызды жеткізу үшін бел шешіп кірісе алмай отырғанымыз өкінішті. Егер Отырар кітапханасы табылған жағдайда Еділ сияқты тұлғаларымыз туралы деректердің табылып қалуы бек мүмкін деген» едіңіз. Бұл бағытта қандай да бір ізденіс қолға алынды ма?
– Отырар кітапханасы 1000 жылдан аса әлемдегі ең үлкен кітапхана болды. Әлі күнге Александриядан кейінгі деген тіркес қолданылып келеді. Кітапты қазақтар ерте заманнан жинаған. Қағаз ойлап тапқан, олай дейтінім VI ғасырда Арал теңізінің солтүстігінде Аққағаз дейтін патшайым билік жүргізіпті деген дерек бар, яғни қағаз болған деген сөз. Кітап оқу, кітап жазу қанымызда бар. «Қалам бер де дауға қой» деген сөз тегіннен-тегін шықпаған. Себебі қаламмен тек қағазға жазуға болады. Осындай деректер қазақ даласында кітап ісінің өркендегенін айғақтайды. Ондай кәсіп тек кітапханалар бар жерде дамиды. ХХ ғасырда К.Ақышев, К.Байпақов және басқа да ғалымдар Отырарға экспедиция жасап, қаланың ірі сауда және мәдени орталығы болғанын анықтады. Зерттеушілер тарапынан әлі де тың деректердің табылатынына күмән жоқ.
– Қазақ өркениетінің әскери, шаруашылық бағдарына қатысты жетістіктерін білім бағдарламасына енгізу туралы пікіріңізге кеңірек тоқталсаңыз?
– Үндістан халқында сымбатты қыз көрсе, «қарашы, қазақтар жасаған садақтың жебесіндей екен», деген ғажап теңеу бар. Бұл қазақтың жауынгерлік рухын, қолынан шыққан садақтың сынын айғақтап тұрғандай. Кез келген елді, халықты қауіпсіз ететін оның қорғаныс қуаты. Кезінде қазақтың қарулы қолы қаншама даланы азат етіп, иелік жасады. Көшпелілер темір игерді, қару жасап, оны жаугершілікте сынады, тұрмыс салтында қолданды. Ата-баба өркениетінен техника дамымаған кезеңде жоғары шеберлікпен жасалған қаншама қару түрлері жетті. Осы орайда жоғары оқу орындары, мектептер мен колледждердегі әскери кафедралар жұмысын жандандыру қажет. Әскерге қыздарды да ерікті түрде тартып, оларға жалақы төлей отырып, белгілі бір мамандықа бейімдеуге болады. 2018 жылы Кенияның астанасы Найробиде ғылыми конференцияға қатысып баяндамада жасадым. Сонда ендігі соғыстар «дрондар соғысы болады» дегенді айтқан едім. Қазір әлемде сол айтқанымдай-ақ жағдай болып жатыр... Қалай айтсақ та, әскери әлеуетімізді көтеруге шамамыз жеткілікті. Қытай ғалымы Сунь Цзы (V ғасыр б.э.д.) «Бейбіт өмір сүрем десең соғысқа дайындал» деген. Бұл соғысу дегенді білдірмейді. Оқу, үйрену арқылы әскери саладағы өркениет жетістіктерін игерер болсақ, онда қорғаныс саламызға алаңдамауға болады.
– Бүгінде әскери тәсілдерді сарбаздар жаттығуларында пайдаланып, спорт саласында да жарыс түрінде өткізіп жүргені белгілі. «Көшпелілер ойындарындағы» жарқын көріністерде жауынгерлік рухтағы өрендерді көрдік. Осының өзі өркениетімізден келген өнеге емес пе?
– Спорттың ұлттық түрлерінде әлі де болса ат спортын, күрес, зілтемір көтеру, қылыштасу, найза лақтыру, мылтық, садақ ату, жүгіруді жандандыру қажет. Спортшыларды жастайынан даярлауға балабақша, мектеп бағдарламасында ерекше мән берілуге тиіс. Педагог мамандарға, дәрігерлерге спорт түрі бойынша қосымша мамандық беру маңызды. «Көшпелілер ойыны» өткен кезде әлем жұртшылығы қазақ даласына көз тігіп, дала өркениетіндегі әскери әдістерді мықты меңгерген жастарымыздың бар екенін көрді. Қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқанды, ХХ ғасырдың жүйріктері Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовты білмейтіндер кемде-кем. Шахмат саласынан жас өрендеріміз, оның ішінде қыздардың осы спорттағы жетістігі мақтан етерлік. Бұл жетістіктерді жекелеп айтып отырған себебім, ата-баба қанымен беріліп, өркениеттік сипат алған спорт түрлері ғана емес, халқымыздың дәстүрлі өмір салтының да адамзаттың саламатты өмір сүруіне тигізер әсері мол екенін көрсетеді. Еліміздің табиғи ерекше өлкеде орналасуы халқының саулығына, сауатты білім алып дамуына үлкен мүмкіндік береді. Мал өсіру кәсібін бала жастан игеру, табиғи жеміс-жидек өсірудің әліппесін балабақша, мектептен үйрену, ол кәсіпті елдің игілігіне пайдаланудың ұшан-теңіз пайдасы бар екенін уақыт дәлелдеп отыр. Қандастарды отанына көшіру, жастарды ауылға ынталандырып тартып, грант беру жолдарын қарастыру, қолынан іс келетін жастарға жер үлестіру – еліміздің жарқын болашағына оң ықпал ететін жағымды үрдіс. Ал дала өркениетінің игі жетістіктерін бүгінгі тәрбиеде, білімде тиімді қолдана білсек, онда әлемдегі ең мықты елдер қатарынан табылатынымыз анық.
– Қазіргі таңда барлық саланы цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Десек те ғалымдар жасанды интеллектіні пайдалануда абайлау қажеттігін ескертеді. Ғылымды цифрландыру салаға қандай жетістіктер әкеледі деп ойлайсыз?
– Бүгінде цифрлық өркениетке қадам бастық. Деректерге қарап отырсақ, цифрлы кеңістіктің мүмкіндіктерін пайдаланып, алаяқтық жолмен пайда көріп жатқандар бар. Банк ісінде де алаяқтық деректері жиі тіркеліп жатыр. Бірқатар өндірістерде роботтар адамды алмастырды. Жасанды интеллектінің шахматтан адамды жеңгенін көрдік. Күн өткен сайын адамзат цифрлы әлемге тәуелді болып барады. Интернет 3-4 күнге тоқтап қалса, жұмыс жүрмей қалады. Осы орайда цифрлық ақша жүйесін жаппай енгізуге асықпайық дер едім, қолма-қол ақша қалыпты жағдайда қала бергені дұрыс. Басқа елдерде не болып жатқанына қарайлайық. Цифрландырудың адам жұмысын жеңілдететін салалары болғанымен, адамның мүлдем қатысуынсыз іске асатын ғылымның саласы жоқ. Жастардың жаңа заман технологияларын игеруіне жол ашық. Мектептерде роботтехникасын меңгерген оқушылар әлемдік додалардан үздік келіп жатыр. Ең бастысы, цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін арттыра отырып, өзге елдерге тәуелді емес, өз интернет кеңістігімізді дамыту қажет.
Әңгімелескен –
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ