Әлем • Бүгін, 09:55

Израиль – Иран қақтығысы: әлеуетке әсері қандай?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Израиль мен Иран аспанында жасын ойнатып жатқан зымырандар «шеруі» жаһандық мұнай бағасын қымбаттатуға да, құлдыратуға да қабілетті. Осыдан бірер күн бұрын Иран Ормуз бұғазын жауып тас­тайтын болса, мұнай бағасы өсуі мүмкін (жалпы, екі ел арасында соғыс басталғалы «қара алтын» құны 11%-ға өсіп те үлгерген еді) деген пікір белсенді тараса, енді Иран мен Израиль татуласуға келіскеннен кейін баға қайтадан төмендей бастады.

Израиль – Иран қақтығысы: әлеуетке әсері қандай?

Сурет: report.az

Екі күн бұрын Иран АҚШ-тың Ирак пен Қатардағы әуе базаларын атқылады. Сол сәттен бас­тап-ақ мұ­най бағасы төмендеп кетті. Сарап­шы­лардың бағалауынша, нарық Иран соққысының рәміздік мәнге ие екенін (әскери де, адами да шығын әкелмеді) сезіп қойды. Яғни Иран тарапынан енді үлкен қатердің туындауы екі­талай екенін аңғарды дейді. Қазір «Brent» маркалы мұнай бағасы 69,8 доллар­дың айналасында тұр. Иран соққысы­нан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп «Израиль мен Иран атысты толық тоқтатуға келісті» деп мәлімдеме жасады. Әрине, мұндай мәлімдеме нарық тәуекелін төмендетіп, бағаны бұрынғыдан да құлдырата түспек.

Осыдан біраз күн бұрын Ормуз бұғазын жауып тастаймыз деген Иран тарапының енді ондай қадамға бармайтыны түсінікті. Тіпті эскалация қызып тұрған кездің өзінде олар бұғазды жаба алмас еді дейді сарапшылар. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ормуз бұғазын жауып тастаудың «сорақы қателік» бола­рын айтып, «бұл бізге қарағанда өзге елдердің экономикасына ауыр соққы болады» деп мәлімдеген еді. «Bloomberg» мәліметінше, бұғаз арқылы өтетін мұнайдың үштен бірі Қытайға тиесілі. Қазір қытайлық танкерлер мен жүзіп бара жатқан алып кемелерде 70 млн баррельге жуық Иран мұнайы бар. Мұнша мұнайды Қытай екі ай бойы тұтынады. «Kpler» аналитиктерінің айтуынша, тап қазір суда тұрған Иран мұнайының жалпы көлемі 120 млн баррельге таяйды.

Экономист Руслан Сұлтановтың сөзінше, эскалация күшейген жағдай­да дамушы нарықтардың валютасына қысым артады.

«Инвесторлар бірден долларлық активтерге ауысып, импорттаушылар қымбат төлеуге мәжбүр болады. АҚШ-тағы жоғары кірістілік дамушы нарықтардың бағалы қағаз­дарының тартымдылығын төмен­детеді. Инвесторлар пайдасын бекітіп, теңгемен номинацияланған мем­лекеттік облигациялардан шығып кетуі мүмкін. Бұл теңгеге деген сұра­нысты азайтып, бюджеттің қарызға қызмет көрсету шығындарын өсіреді», дейді экономист.

Экономист Алмас Чукин «Digital Business»-ке берген сұхбатында жағ­дайды былай түсіндіреді.

«Бұл шиеленіс бірінші кезекте мұнайға  екінші кезекте бүкіл тәуекелді активтерге әсер етеді. Бұл бізге онша әсер етпейді. Яғни алтын және АҚШ-тың барлық облигациялары жоғары, акциялары төменге кетеді. Бұл өзі қандай да бір соғыс басталған кезде болатын құбылыс. Бірақ Иранға қатысты жағдай сәл басқаша. Иран – ірі экспорттаушы ел. Егер Израиль олар­дың негізгі экспорттық портына соқ­қы жасаса, бұл ұзақ мерзімге елеулі әсер етеді. Сауд Арабиясы белгілі бір көлемде өндірісті арттыра алар, бірақ Иранды толықтай бірден алмастыру оларға оңайға соқпайды», дейді.

Сарапшы Иранның Ормуз бұға­зын түгелдей жауып тастайтынына сенбейді.

«Америкалықтар «ондайды ой­ларыңа да алмаңдар» деп ескертті. Дегенмен Иран бұғазды зең­­бі­рек­термен атқылап, жауып тастай алады. Ондай жағдайда бірде-бір танкер өте алмайды. Техникалық тұрғыда Иран мұны істей алады, бірақ іс жүзінде бұл әрекетке бармайды», дейді ол.