
«Бюджет тапшылығы – дағдарыстың емес, дамудың көрінісі. Ол әрдайым жағымсыз дүние ретінде қарастырылмауы керек. Кейде мемлекет үшін дәл қазіргі сәтте көбірек жұмсау болашақтағы тұрақтылық пен өсімнің алғышарты болады. Бұл әсіресе инфрақұрылым, білім, медицина секілді салаларға қатысты. Кейінгі 20 жылда ІЖӨ-нің 2-3%-ы шегіндегі тапшылықпен өмір сүріп келеміз. Бұл – халықаралық тәжірибеде қауіпсіз көрсеткіш. Дамыған елдерде бұл шек 5-8%-ға дейін жетіп жатады. Ал біз әлі күнге дейін мұндай қалыпты жағдайдан үрей көреміз. Бізде, өкінішке қарай, Ұлттық қордан трансферт азаюы тапшылықты визуалды түрде үлкейтіп көрсетіп отыр», дейді экономист Олжас Құдайбергенов.
Саралап қарасақ, тапшылықтың негізгі себебі – Ұлттық қордан түсетін трансферттердің азаюы. Жоспарланған 3,875 трлн теңгенің орнына 2,62 трлн теңге ғана бөлінді. Соның ішінде, 2 трлн теңге – кепілдендірілген трансферт, 620 млрд теңге – мақсатты трансферт. Бұл үдеріс тапшылықтың тереңдеуіне әсер етті.
«Тапшылықты азайтқымыз келсе, онда көлеңкелі экономикамен күресті бірінші орынға қоюымыз керек. Қазір ІЖӨ-нің кемінде 30%-ы, еңбекақы төлемдерінің 50%-ы көлеңкеде жүр. Бұл қазынадан үлкен резерв жасырынып жатқанын білдіреді. Осы көлемді ашық экономикаға алып шығу арқылы ғана тапшылықты түбегейлі қысқарта аламыз. Қазіргі бюджеттің құрылымы – ескі жүйе. Ол 2000 жылдардағы жағдайға бейімделіп жасалған. Соны өзгертсек еліміз 3-4 жылда профициттік бюджетке шығады», дейді сарапшы.