
2023 жылдың мамыр айында Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен іске қосылған JOLTAP жобасы бүгінде елордалықтар үшін үміт пен іс-қимылдың символына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, қоғамда адал еңбектің қадірін арттыруға баса назар аударған болатын. Осы идеяның нақты іске асқан көрінісі – осы жоба деуге толық негіз бар.
Бағдарламаның басты мақсаты – Астана тұрғындарының табысын арттыру, жұмыссыздықпен күрес, халықтың осал топтарын қолдау. Әсіресе NEET жастары, ішкі мигранттар, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар басты назарда. Олар үшін бұл жоба жай ғана оқу емес – өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндігі.
«JOLTAP» аясында екі бағытта қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Біріншісі – нақты еңбек нарығында сұранысқа ие наубайшы, бариста, тігінші, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтану қызметкерлері сынды жұмысшы мамандықтарға бағытталған», деді жоба менеджері Ғинаят Ахметов.
Осы мамандықтар ішінде ерекше сұранысқа ие бағыттың бірі – «Тігінші» курсы. Бұл курстың оқытушысы, тәжірибелі маман Фарида Мырзахметова өзінің әсерлі тәжірибесімен бөлісті:
«Осы салада жұмыс істеп жүргеніме жиырма жылдай уақыт болды. Колледждерде сабақ бердім, тігін мастері болып жұмыс істедім, «Астана Ютария» фабрикасында бес жылдай технолог болып қызмет атқардым. Жолтап жобасы аясындағы бағдарламаға сай сабақ өтеміз. Оқу мерзімі — 22 күн. Бағдарлама келесі негізгі модульдерді қамтиды: қауіпсіздік шаралары, тігін жабдықтарын пайдалану, қолмен тігу; тігін машинасымен жұмыс істеу, киім бөліктерін дублериндау, тігіндерді дымқыл-жылумен өңдеу, бұйымдардың бөлшектері мен топтарын өңдеу технологиясы. Сабақ соңында барлық студенттер толыққанды жұмыс халатын тігіп шығады», дейді ол.
Тігін ісі – тек кәсіп емес, шығармашылық пен ішкі еркіндіктің бір түрі. Бұл саланы меңгерген әрбір адам өзіндік өрнекпен өмір сүруге мүмкіндік алады. Солардың бірі – Нұргүл Дәуітпайқызы. Ол бұрын мүлде басқа салада еңбек етіп, өмірін қайта бастауға бел буған студент. «JOLTAP» жобасы оның балалық арманына қайта оралып, тігін ісі арқылы өзін табуына себеп болған
«Мен 10 жылдай медиа-маркетинг саласында жұмыс істедім. Толассыз ақпарат айдынынан өте қатты шаршадым. Біраз уақыт демалыстан кейін, әпкемнен JOLTAP бағдарламасы туралы естідім. Үйде тоқыма тоқумен айналысып жүргенмін. Сол уақытта өзімнің балалық шақтағы армандарым есіме түсіп кетті. Мен әдемі киінгенді, ерекше стильді өзім құрастырып, тіккенді ұнататынмын. Бірақ, тігудің және пішудің әдіс-тәсілін білмейтінмін. Сөйтіп, бағдарламаның 2 курсына жазылдым. Бірінші - сәнгер-құрастырушы, екінші – тігін ісі. Сәнгер-құрастырушы курсы 15 күн болды, пішу саласын толығымен игеріп шықтым. Ал, тігін ісінде оқытушымыз Фарида Арыстанқызы ең алдымен тігін машиналарының түрімен таныстырып, барлық сақтық шараларына үйретті. Оқу 21 күнге созылды. Кейін қалтаның түр-түрін тігудің барлық әдіс-тәсілдерін меңгердік. Соңында алған біліміздің барлығын қолдана отырып, халат тігіп шықтым», дейді ол.
Нұргүл болашақта қазақтың ұлттық киімдерін, ұлттық оюларын әрі қарай түрлендіріп, дамытқысы келетінін айтты. Бірақ, тігін және пішу саласын толығымен үйрену үшін кемінде 10 жылдай тәжірибе керек екенін айтып өтті.
«Курс оқып жүргеннің өзінде үйімнің қасындағы тігін ательесіне барып, практикадан өтуді сұрадым. Олардың айтуынша, ателье киімді реставрациялаумен айналысады. Олар маған реставрацияның барлық түрін үйретіп, ұнаса осында жұмыс істеуге қала беріңіз деп ұсыныс жасады. Бұл жерде 1 маусымнан бастап жұмыс істеп жатырмын.
Бұл жоба Қазақстанның барлық қалаларында болу керек. Бұл жобада нақты еңбек пен өз кәсібіңді, жолыңды таба алатындай бағыттар қарастырылған. Бұл мамандықтар үнемі сұраныста. Бір сөзбен айтқанда жолтап жобасы менің балалық арманымды қайта есіме түсіріп, өзіме ұнайтын жаңа кәсіпті меңгеріп, ары қарай өмірге деген қызығушылығымды арттырды. Бұл мен үшін ыстық жоба. Жоба ары қарай да жалғасын тапса екен деген ниетім бар», дейді Нұргүл Дәуітпайқызы.
Жоба ұсынған екінші бағыт – цифрлық дәуірге бейімделген «Freelance Мүмкіндік» бағдарламасы. Мұнда SMM, графикалық және веб-дизайн, бейнемонтаж, таргетинг, маркетплейс, мобилография сынды дағдылар үйретіледі. Бұл дағдылар бүгінде фриланс, онлайн жұмыс және шағын бизнесті дамыту үшін ауадай қажет.
Айта кетейік, бұрын жоба 18 жастан бастап студент қабылдаса, енді жобаға 16 жасқа толған жасөспірімдер де қатыса алады. Бұл өзгеріс – жастардың мүмкіндігін кеңейтіп, ерте жастан еңбекке бейімделуге жол ашады. Әсіресе оқуды енді бітірген, мамандығын таппай жүрген жасөспірімдер үшін бұл сенімді бастама бола алады.
Жоба басшылығы 16-17 жас аралығындағы қатысушылар оқуға тек ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге келіп, жазыла алатынын атап өтті. Бұл қауіпсіздік пен заңды келісімді қамтамасыз ету үшін қажет.
Оқуға жазылу үшін өзіңізбен бірге келесі құжаттарды ала келіңіз:
- Жеке куәлік (сіздің және ата-анаңыздың)
- Туу туралы куәлік
- Немесе қамқоршылықты растайтын құжат
Бүгінгі таңда жоба аясында 32 мыңнан астам адам қамтылған, олардың 12 мыңнан астамы қысқа мерзімді оқудан өткен, 7 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал ең бастысы – 1 мыңнан астам жеке кәсіпкерлік ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылды.
Осы жоба арқылы тігін ательесі, аяқ киім жөндеу шеберханасы, кофехана ашқан жандар аз емес. Олардың бәрінің бастауында — JOLTAP-та алған білім мен батылдық жатыр.
Адал еңбек – абыройдың бастауы
Асхат Шуиншалиев – жобаның нақты қатысушысы, бүгінде бірнеше серіктестіктің жұмысын ұйымдастырып, белсенді кәсіпкер ретінде еңбек етуде:
«Мен бұл жобаға жұмыссыздық мәселесін терең түсініп, кәсіпкерлікке жаңаша қадам басу үшін келдім. Бухгалтерлік негіздер курсынан 16 күн оқыдым. Қазір 5 ЖШС, 1 ауылшаруашылық кооперативі, 1 тұтыну кооперативі сынды бірнеше ұйыммен жұмыс істеп жатырмын. Салық жеңілдіктерін пайдаланып, заңды негізде іс жүргізіп жүрмін. Бұл – алған білімнің нақты жемісі!», дейді ол.
Ол жобаның ықпалын жоғары бағалап, екі адамға айтып, оларды да курсқа қатысуға тартқан. Келешекте өз жобаларын да осы бағдарлама аясында ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Ал Гүлмира Талғат есімді студент:
«Жолтап жобасы ұнады. Іс бастағысы келетін адамдарға үлкен мүмкіндік. Бір мамандықтан шатасып, енді басқа салаға ауысқысы келетіндер үшін таптырмас бағдарлама екен. Пішуді үйреткен ұстазымызға мың алғыс!», деп шынайы алғысын білдірді.
Jumystap.kz – кадрлық көпір
Жоба аясында Jumystap.kz онлайн платформасы да іске қосылған. Бұл ресурс жұмыс беруші мен іздеушіні жылдам байланыстырып, еңбек нарығындағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге сеп болуда. Бүгінде мұнда 2,8 мыңнан астам жұмыс беруші, 18 мыңнан аса іздеуші тіркелген, 3,4 мың бос жұмыс орны ұсынылған.
Жобаның операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры. Мемлекет пен үкіметтік емес сектордың, бизнестің бірігіп жұмыс істеуінің нәтижесінде нақты нәтиже көрініс тауып отыр. «JOLTAP» – осы үштіктің үйлесіміндегі табысты тетік.
«JOLTAP» – жай ғана бағдарлама емес. Бұл – қоғамды қайта түлетудің, адамдарға сенім ұялатудың, жаңа өмір бастаудың алаңы. Елімізде адал еңбекке құрмет артқан сайын, мұндай жобалар тек қалаларда емес, аудан-ауылдарға да таралуы тиіс. Себебі әр азаматтың бойында – шеберлікке, кәсіпке, табысқа деген жол бар. Ал сол жолды ЖОЛТАП көрсетеді.