Мәдениет • Бүгін, 17:50

Жастар қаржылық қауіпсіздікке әзілмен үн қосты

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен ерекше форматтағы әлеуметтік маңызы бар шара өтті. «Жайдарман» алаңында ұйымдастырылған маусымдық арнайы ойын «Заңды күлкі» атауымен көрерменге жол тартты. Бұл жолы жай ғана көңіл көтеру емес, қоғамда өзекті болып тұрған мәселелерге әзіл арқылы ой тастау көзделді, деп жазады Egemen.kz.

Жастар қаржылық қауіпсіздікке әзілмен үн қосты

Жобаның басты мақсаты – жастардың назарын қаржылық қауіпсіздік пен алаяқтыққа қарсы күреске аудару, заманауи қауіптерден сақтануға үндеу.

Ойынға еліміздің 9 өңірінен келген командалар қатысып, қаржы пирамидалары, интернет-алаяқтық, дроптар, банк карталарына қатысты қауіптер, жалпы қаржылық сауаттылық тақырыптарын күлкіге орай шебер өріп, сахнада өзара бақ сынады. Жастардың белсенділігі мен креативі, маңызды мәселелерді жеңіл әрі өткір жеткізу қабілеті көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, жастармен диалог орнатуда осындай форматтағы жобалар тиімділігін көрсетіп отыр. Әсіресе қазіргі заманғы алаяқтық түрлерінің күрделене түскенін ескерсек, қоғамда қаржылық сауаттылықты арттыру – ұлттық қауіпсіздікпен деңгейлес мәселе.

«Заңды күлкі» жобасы – әзіл арқылы маңыздыны айтуға болатындығын дәлелдеген тың бастама.