Әдебиет • Бүгін, 16:50

Жазушылар одағы үш жобаны жүзеге асырмақ

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі курсы», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты үш жобаны жүзеге асырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жазушылар одағы үш жобаны жүзеге асырмақ

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі үш конкурсқа да құжаттар қабылдау басталғанын мәлімдеп, барша қаламгерлерді жобаға қатысуға шақырды. «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» атты бірінші жоба бойынша, еліміздің барлық аумағында тұратын жас қаламгерлер (18-35 жасқа дейін) өтінім бере алады. Өтінім беруші Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болуы міндетті емес.

Осы жоба аясында жас қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне» 10 күндік оқуға келіп, тәлімгерлер шетелдік және отандық танымал қаламгерлерден дәріс алады. Әдеби шеберлік мектебіне қатысушы жас қаламгерлердің жолы, тамағы және жатын орны Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан төленеді. Жоба соңында әр жас қаламгерге арнайы курстан өткені туралы сертификат беріледі.

Ал, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» атты екінші жобаға да еліміздің барлық аумағында тұратын жас қаламгерлер (18-35 жасқа дейін) қатысуға құқылы. Бұл жоба бойынша да үміткер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болуы міндетті емес. Жас қаламгерлер жазатын туындысына ақпарат жинау үшін еліміздің әр өңірін аралап, өлкенің тарихы, мәдениеті мен бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысады. Қаламгердің іссапар шығыны мен қаламақысы ұйымдастырушылар тарабынан төленіп, жазған туындысы кітап болып жарық көреді.

Үшінші жобаның атауы – «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары». Жобаға қатысуға еліміздің барлық аумағында тұратын жазушылар өтінім бере алады. Жасқа шектеу қойылмайды. Басты талап өтінім беруші Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болуы міндетті.

Жоба аясында қаламгер ТМД елдерінің архивтеріне барып, еліміздің мәдениеті мен әдебиетіне қатысы бар мұрағаттық материалдарды тауып, зерттеулер жүргізеді, мұрағат материалдары негізінде ғылыми-танымдық, ғылыми-зерттеу немесе очерк сипатындағы кітаптар немесе архивтік материалдар жинақтарын шығарады.