Білім • Кеше

Tomorrow School: Болашаққа жол ашқан мектеп

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір жасанды интеллектінің кернеуі күшейіп, барлық салада басымдық алып келеді. Елімізде  peer-to-peer форматында жұмыс істейтін алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School 2024 жылдың қазан айынан бастап жұмысын бастады. Білім беру алаңы алты кезеңнен тұратын іріктеу өткізіп, мыңға жуық үміткерді қабылдады. Бүгінде 216 студент негізгі оқу бағдарламасына қатысып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Tomorrow School: Болашаққа жол ашқан мектеп

 

Мектептің басты ерекшелігі – дәстүрлі оқу жүйесінен бөлек, өз қарқыныңмен, өз уақытыңмен оқуға мүмкіндік беруі. Astana Hub аумағында орналасқан кампус тәулік бойы ашық, ал оқу процесі тәжірибеге негізделген. 18 айдың ішінде студенттер 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, Python, JavaScript, Golang, Rust сияқты 20 шақты бағдарламалау тілін меңгереді. Бағдарламаны тәмамдаған соң, әркім өз бағытын таңдайды: бірі – AI инженеріне, бірі – ойын жасаушыға, енді бірі DevOps немесе киберқауіпсіздік маманына айналады.

Оқу – тек код жазу емес. Мұнда бірі – ағылшын тілін үйретсе, бірі – көпшілік алдында сөйлеуге баулиды, енді бірі AI құралдарын бизнесте қалай қолдануға болатынын көрсетеді. Қауымдастықтың күші – дәл осы өзара тәжірибе алмасуда жатыр.

Tomorrow School-да оқып жатқан студенттердің жас ерекшелігі мен тәжірибесі әртүрлі. Мәселен, Станислав Кулешов – 18 жаста. Бұған дейін бағдарламалаумен айналыспаған ол бүгінде Telegram Mini App арқылы тапсырыс қабылдайтын қосымша жасап, тіпті шетелдік тапсырыс та алып үлгерген.

Азамат Жеңісов – 20 жастағы AITU студенті. Киберқауіпсіздік мамандығында оқығанымен, нақты тәжірибені дәл осы мектептен алып жатқанын айтады. Ол тіпті ағылшын тілінен оқу клубын ашып, өз білімін басқалармен бөлісіп келеді.

Ал Әмір Жақышев – экономист, 36 жаста. Он жылдан астам дәстүрлі кәсіппен айналысқан ол IT саласын мүлде жат көрген. Алайда peer-to-peer форматымен танысқаннан кейін көзқарасы өзгеріп, бүгінде ол да жаңа бағытта дамып келеді. Қазір ол көпшілік алдында сөйлеу клубын жүргізіп, Astana Hub-тың акселерациялық бағдарламасына қатысуда.

Мереке Құрмашевтің оқиғасы – нағыз өмірлік бетбұрыстың мысалы. Бұрын сыртқы жарнама саласында қызмет еткен ол 30 жасында мамандығын түбегейлі өзгертіп, IT-ге бет бұрған. Бірнеше ай ішінде ол нейрожелілерді қолданатын жеке бизнес ашып, алғашқы клиенттерін де тапты.

Мектеп жанында 13 студенттік клуб жұмыс істейді. Бұл – студенттердің өз бастамасымен құрылған: AI Tools Club, Kazakh Club, LeetCode Club, Chess Club, Debate Club сынды клубтарда сабақтар өтіп, көшбасшылық дағдылар қалыптасады.

Tomorrow School ортасы тек кампус шеңберінде қалмайды. Студенттер футбол, шахмат турнирлерін ұйымдастырып, хакатондарға қатысып, Astana Hub-тың жетекші тұлғаларымен жеке кездесулерге шақырылады. Бұл – олардың белсенділігі мен дамуға деген ынтасының нақты көрсеткіші.

Қазір Tomorrow School-дың жетінші легіне тіркелу жүріп жатыр, ал өтінім қабылдау 18 шілдеге дейін жалғасады.