
Фото: Ашық дереккөз
Фотография тарихындағы ең алғашқы суреттің түсірілуі бұл бір ғана ғылыми жетістік емес, адам баласының көзбен көрген көріністі бір қағаз бетіне түсіріп, оны тұрақты бейне ретінде сақтап қалуға жасаған алғашқы сәтті қадамы десекте болады.
1826 жылы француз өнертапқышы Жозеф Нисефор Ньепс адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосуретті түсірді. Ол сурет «Терезеден көрініс» деген атауға ие болды. Бұл бейнеде өнертапқыштың үйінің терезесінен көрінетін ауланың көрінісі бейнеленген. Қарапайым көрініс шатырлар, ағаштар, күн сәулесі мен көлеңке. Бірақ осы көріністі түсіру үшін Ньепске сегіз сағат қажет болған. Ньепс қолданған әдіс гелиография деп аталды. Бұл жарық арқылы бейне жазу технологиясы. Ол үшін битуммен қапталған қалайы пластина пайдаланылған. Камера-обскура арқылы терезеге қаратып орнатылған пластина күн сәулесінің әсерімен бейнені өз бетінде «жаза» бастаған. Жарық түскен жерлерде битум қатайып, көлеңкелі тұстары жуылып, ақырында бейне сақталып қалатын.
Әйтсе де, сурет көмескі анық емес шыққан. Бірақ оның сол кездегі ғылыми-техникалық жағдаймен салыстырғанда, үлкен жетістік болғаны анық. Ең бастысы бұл әдіс алғаш рет көзбен көрген нәрсені механикалық құрылғы арқылы, ешқандай қолмен салусыз, жарықтың өзі арқылы бейнелеуге мүмкіндік берген. Айта кетейік, бұл идея кейінгі фотографиялық процестерге негіз болды деседі.
Ал 1830-жылдардың соңына қарай Луи Дагер «дагеротип» деп аталатын жаңа әдісті ойлап тапқан. Бұл бейнені күміс пластинаға түсіріп, сынап буының әсерімен бекіту әдісі еді. Дагердің технологиясы біршама жетілдірілген болатын. Ең бастысы суретті түсіру уақыты бірнеше минутқа дейін қысқарған.
Кейін бұл әдіс кеңінен таралып, 1839 жылы Франция үкіметі Дагердің өнертабысын сатып алып, оны бүкіл әлемге жария еткен. Осы жылдан бастап фотография ғылым мен өнердің жаңа саласы ретінде ресми түрде мойындалды.
XIX ғасырда фотография баяу дамып, камералар үлкен әрі күрделі болды. Суретті шығару үшін химиялық өңдеуді қажет еткен. Ал XX ғасырда пленкалы камералар мен қарапайым фотоаппараттар жаппай тарала бастады. Kodak компаниясы «сіз тек тетікті басыңыз, қалғанын біз жасаймыз» деген ұранымен фотоаппаратты қарапайым адамдар үшін қолжетімді етті.
XXI ғасырда енді сурет түсіру үшін пленка, лаборатория немесе химиялық ерітінді артта қалдырды. Себебі сандық камералар, смартфондар мен автоматты өңдеу қосымшалары арқылы кез келген адам сапалы фото жасай алды.
Бүгінгі күнгі фотоархивтер, баспасөздегі фоторепортаждар, әлеуметтік желідегі суреттер, барлығы сол алғашқы, сапасы төмен, бірақ идеясы биік кадрдан бастау алған. Жозеф Ньепстің сегіз сағаттық еңбегі арқылы адам баласы уақытты тоқтатуға болатынын дәлелдеді. Ол бір ғана бейнені қағазға емес, тұтас бір дәуірге жазып қалдырды.