
Негізгі кездесулердің бірі «Citigroup» компаниясының басқарушы директоры, егемендік консалтинг департаментінің жаһандық теңтөрағасы Ханан Амин-Салеммен өтті. Келіссөздер барысында стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, Қазақстанның қаржы қызметтерін жаңғырту, финтех саласындағы ынтымақтастық және капитал нарықтарын дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар 2024 жылғы қазан айында өткен алғашқы «Kazakhstan Finance Day» форумын ұйымдастыруға «Citigroup» тарапынан көрсетілген қолдау ерекше аталып өтті. Аталған форум Қазақстанға инвестициялар тартуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі әлемдік көшбасшылардың бірі «Archer Daniels Midland» өкілдерімен кездесуде агро азық-түлік өнімдерінің орнықты жеткізу тізбектерін дамыту мәселелері қарастырылды.
«Pfizer» компаниясының дамушы нарықтар жөніндегі президенті Синан Атлигпен Қазақстан аумағында дәрілік заттарды, вакциналарды және компанияның басқа да өнімдерін өндіру перспективалары қаралды.
«Think Equity» компаниясының халықаралық ынтымақтастық басшысы Карим Раммал Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қаржы нарығына және Қазақстан қор биржасымен (KASE) өзара іс-қимыл әлеуетіне қызығушылық білдірді.
«Global New York Chamber of Commerce» президенті Самат Өмірзақовпен кездесу барысында Қазақстанның тамақ өнеркәсібі өнімдерінің АҚШ-қа тікелей экспортын кеңейту, сондай-ақ америкалық нарықта қазақстандық бизнесті қолдауды жүйелеу мәселелері талқыланды.
«The Henry Jackson Society» талдаушысы Даррен Шпинкпен өткізілген келіссөздерде Орта дәліздің әлеуетін ілгерілету және Қазақстанның Шығыс пен Батысты байланыстыратын негізгі логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған мультимодальды көлік байланыстарын дамыту мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ «Dakia U-Ventures» өкілі Джонатан Эдвард Чау және «Grammy Philadelphia» атқарушы директоры Рамон Джоунспен кездесу барысында креативті және музыкалық индустрия саласындағы жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Жалпы алғанда, бұл сапар қаржы, өнеркәсіп, логистика және денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобаларға жоғары қызығушылықты растай отырып, Қазақстанның АҚШ-тың жетекші компанияларымен және сараптамалық топтарымен іскерлік байланыстарын нығайтуға ықпал етті.