
Мысалы, 2024 жылы отандық агроөнеркәсіп кешені (АӨК) өнімдерінің экспорты 5,1 млрд долларға жетсе, оның 52%-ы – өңделген өнімдер. Өңделген АӨК өнімдерінің құрылымында май өнімдері экспорттың төрттен бірін қамтамасыз етіп қана қоймай, бұл сектор кейінгі жылдары ел көлемінде ғана емес, күллі Орталық Азия елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие болып отыр. Еуропалық комиссияның деректері бойынша, еліміз ЕО-ға күнбағыс шротын жеткізетін ТОП-3 елдің қатарына да кірген.
Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенінің экономикадағы орны ерекше. Май дақылдарын өңдеу – жоғары сұранысқа ие және келешегі өте үлкен экспортқа бағытталған сала. Мемлекет басшысы да Үкіметтің алдына экспортты әртараптандыруды тапсырған еді. Бұл бағытта майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің қауымдастығы үлкен нәтижелерге қол жеткізді.
Қауымдастықтың басқарма төрағасы Ядыгар Ибрагимовтың сөзіне қарағанда, бұл ең алдымен мемлекеттік қолдау мен жүйелі даму тәсілінің арқасында жүзеге асып отыр. Әсіресе кейінгі үш жылда елдегі өңдеу кәсіпорындары айтарлықтай жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, күнбағыс майы өндірісі 2,5 есе, экспорт 4,8 есе ұлғайып, бөтелкедегі май импорты 11 пайызға азайды. Сондай-ақ ішкі нарыққа арналған май бағалары тұрақтандырылды.
Бұл жағдай алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені күнбағыс майының бағасын тұрақтандырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде отандық бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін айқын сезініп отыр. Сондықтан ұлттық қауымдастықтың қазіргі жоспары – өндірісшілердің алдағы үш жылдағы қуатын 3,5 есе ұлғайту арқылы экспорт бойынша алғашқы үштікке ену. Сол арқылы шетелдік валюта түсімін 2 млрд долларға жеткізу. Мұндай деректі мамандар Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы ұйымдастырған «FOC 2025: Fats and Oils Conference» IV халықаралық май өнімдері конференциясында айтты.
«Бұл орындалуы қиын мақсат емес. Оған кейінгі 3 жылда биліктің де, бизнестің де көзі айқын жетіп отыр. Сол үшін енді алдағы бас қосуларымызға егіс алқаптарын әртараптандыру, өңдеуді тереңдету, логистиканы жетілдіру, инвестиция тарту, экспорттық арналарды дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту сынды тақырыптар өзек болады. Өйткені аймақтағы өзге республикалар өзін-өзі май өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Күнбағыс майын экспортаушылар арасында 2023 жылы әлем бойынша ондыққа кіріп, 2024 жылы 8-орынға көтерілген Қазақстанның алдағы үш жылда үштікке кіруге мүмкіндігі бар. Себебі аймақтағы өзге республикалар май өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қауқарсыз. Биыл бізде күнбағыс егістігінің көлемі 1,4 млн гектардан асады. Бұл 2021 жылы 950 мың гектар болатын. Яғни мұндағы өсім 85 пайыздан асты. Ол қазір ауыл шаруашылығы дақылдарының арасында абсолютті көшбасшыға айналып отыр. Бұған оның ауыл шаруашылық дақылдары арасындағы жоғары рентабельдігі мен жоғары сұранысы түрткі болуда. Майлы дақылдар өндірісінің өсуі оны терең өңдеуге көшуге жол ашып отыр. Бұл – майлар, маргарин, майонез, спредтер мен кондитерлік өнімдер шығару. Ол импорттық пальма өнімдеріне тәуелділікті азайтып, құндылығы жоғары өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді», дейді Ядыгар Ибрагимов.
«Масло-Дел» май зауытының директоры Наталья Солохинаның айтуынша, бұл тек өндірісшілердің жеңісі ғана емес, оған бірлесіп жұмыс істеген ғалымдардың да қосқан үлесі зор.
«Егістік алқабын, экспортты ұлғайтқанымызбен әттеген-ай дейтін тұстарымыз да жеткілікті. Мәселен, 2023 жылы ғана қатты күнжара импортынан бюджет 167 млрд теңгеден қағылды. Біз Еуразиялық одақтың Азық-түлік өнімдерінің техникалық регламентін қабылдау арқылы, майлы дақылдарды терең өңдеуді тұралатып тастадық. Ал 6,5 жылдың ішінде бюджетке қомақты қаржы түспей қалды. Сол сияқты импорттық пальма майының өзінен отандық өнімдердің бағасы екі еседен астам ұлғайып отыр. Бұл экономика үшін де, тұтынушы үшін де үлкен шығын. Сондықтан бизнестің дамуына кедергі жасап отырған техникалық регламент қайта қаралуы керек. Мемлекеттің де, біздің де басты құндылығымыз – адамның денсаулығы. Сондықтан сапасы күмәнді май өнімдері сырттан әкелінбеу керек», дейді Н.Солохина.
Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, отандық зығыр мен рапс майы шетелде өте жоғары сұранысқа ие. Әсіресе Жапония мен Кореяда. Жапондықтар рапс майын кішкене шыны ыдыстарға құйып, пайдасы мол деп шикілей қолданады. Сол себепті, Жапонияда шыны ыдыстардағы рапстың 70 пайызы – отандық май.
«BIRGE» салалық кластерлерді дамыту қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Евниевтің пайымдауынша, майлы дақылдардың егістік алқабын ұлғайту фермерлердің мүмкіндігіне қарай жүзеге асуда. Биыл ол 3,3 млн гектарды құрамақ. 2030 жылға дейін бұл сан 4 млн гектарға дейін ұлғайтылмақ. Бұл бағытта түрлі жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, мономәдени дақылдан арылу мен су үнемдейтін дақылдарға ауысу. Нақтылай түссек, суды көп тұтынатын мақта, күріш сияқты дақылдардың алқабы азайтылып, майлы дақылдар ұлғайтылмақ.
Еліміздің май өнімдерінің экспорттық нысаналы нарықтарының (Қытай, Орталық Азия, ЕО, Иран, Ауғанстан) жиынтық сыйымдылығы 43 млн тонна деп бағаланады. Бұл қазіргі экспорт көлемінен 42 есе артық. Яғни ол тиімді стратегия жүргізу және бизнестің мемлекетпен күш біріктіруі жағдайында жүзеге асыруға болатын зор экспорттық әлеуетті көрсетеді.
Қазақстан тұқым өсірушілер қауымдастығының төрағасы Фарид Абитаевтың мәліметі бойынша, еліміз экспорттық май өнімдерінің көлемі бойынша өз үлесін былтыр Тәжікстанда – 74%, Өзбекстанда – 65%, Түрікменстанда – 25%, Қырғызстанда 23%-ға жеткізді. Бұған дейін май өнімдерінің аймақтағы басты экспортаушысы болып келген Ресейдің үлесі 2017–2024 жылдары Өзбекстанда 84%-дан 35%-ға кемісе, Қазақстанның үлесі 13%-дан 65%-ға дейін ұлғайды. Тәжікстанда Ресейдің үлесі 73%-дан 18%-ға дейін кеміп, еліміздің үлесі 15%-дан 74%-ға дейін өсті.
Қазақстан Орталық Азия нарығынан Ресейді ығыстырып, өңірдегі өз ықпалын сенімді түрде нығайтып жатыр деуге негіз бар. Дүниежүзілік банктің болжамынша, 2030–2050 жылдары Өзбекстан халқы – 40,2-ден 52,2 млн-ға, Тәжікстан халқы – 11,7-ден 15,6 млн-ға, Қырғызстан халқы – 7,8-ден 9,6 млн-ға, Түрікменстан халқы 8,1-ден 9,6 млн-ға көбейеді. Өңірдегі бұл 4 елдің тұрғындары 2024–2050 жылдары 62,9-дан 87,1 млн-ға артпақ. Демек, май өнімдеріне деген сұраныс та жыл өткен сайын өспесе кемімейді. Сондықтан Ядыгар Ибрагимов алдағы 3 жылда майлы дақылдар алқабы Қазақстанда 2 млн гектарға дейін өседі деген болжам жасап отыр.
Қазір отандық май өнімдері экспортының 38%-ы – Өзбекстан, 27%-ы – Қытай, 14%-ы – Тәжікстан, 7,6%-ы – Латвия, 6,8%-ы – Иран, 1,9%-ы – Ауғанстан, 1,5%-ы – Қырғызстан, 1,4%-ы – Германия, 0,8%-ы Щвеция елдерінің үлесінде. Егер экспорттық түсімді доллармен есептейтін болсақ 35%-ы – Қытайдан, 34%-ы – Өзбекстаннан, 15%-ы Тәжікстаннан болып отыр. Бұдан бөлек, бүгінде Қытайдың импорттық май өнімдері нарығының жылдық сұранысы 18 млн тоннадан асады. Ондағы Қазақстанның Қытайдағы үлесі 2 пайыздан аспайды.
Былтыр республика бойынша күнбағыс дақылының жалпы алқабы 1,3 млн гектарды ғана құрады. Егер биыл майлы дақылдарды өңдеуде екі ірі жоба жүзеге асырылғалы отырғанын ескерсек, егіс алқабын ұлғайтудың маңызын бұрынғыдан да арттыра түсетіні анық.