
Енді тарихқа сәл шегініс жасайық. 1990 жылы «Аnа tіlі» газеті Ғылым академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мәжіліс залында жұмысын бастады. Академик Әбдуәли Қайдардан бастап көшбасшы тілші-ғалымдар осы ұлт басылымына бір кісідей атсалысты. Сол игі жақсылардың ішінде көрнекті лексиколог, профессор Нұргелді Уәлидің орны да, үні де бөлек.
Қазақтың сөз қазынасы – әлеуетті рухани байлық. Ғалым Н.Уәли негізгі автордың бірі ретінде қатысқан «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты 5 томдық энциклопедиялық анықтамалықты бүгінде үлкен-кіші зиялы жата-жастана оқиды.
Тіл білімі институтының ғалымдарын шартты түрде бірнеше толқынға бөлеміз. Соның ішінде 60-70 жылдары осы саланың кәсіби деңгейін көтерген Т.Жанұзақ, Е.Жұбанов, Е.Жанпейісов, С.Омарбеков, Қ.Өмірәлиев, Б.Әбілқасымов, С.Нұрханов, т.б. ғалымдардың соңын ала бере ғылым айдынына көтерілген Нұрекең әуелден-ақ өз бағытын тапты. Мысалы, академик І.Кеңесбаевтың көшбасшылығымен жарық көрген «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін» (1977) лексикографиялық талапқа сай түзу, толықтыру ісіне әйгілі ғалым Құлмат Өмірәлиевпен бірге тер төкті. Сол баянды жұмысы кейін «Жұмбақ жетілер», «Жұмбақ сандар», т.б. танымдық кітаптарына, «Фразеология және тілдік норма» атты монографиясына ұласты.
Нұргелді Уәлиұлы халықтың ғасырлар бойы жасаған төл мәдениеті өрнекті сөз орамдарында сақталғанын ғылыми пайымын бекітіп, тіл мен мәдениет сабақтастығын арқау еткен іргелі зерттеулер жүргізді. Ұлт танымының діни, мифтік түсініктен ғылыми танымға ұласқан қағидасын «фразеологиялық бейне», «паремиологиялық бейне», «прецеденттік бейне», «ономастикалық бейне» әлеміне негіздеп жаңаша қарастырды.
Ғалым зерттеулерінде қазақтың діни наным-сеніміндегі агионимдер тілдік семантикалық өріс пен мәдени семантикалық өріс ұштасқан этно-лингво-когнитологиялық ұстаным негізінде этностың діни-мифологиялық танымының ментальды құрылымындағы тілдік көріністерін (сөз, сөз тіркестері, фразеологизмдерді) ментальді құрылым мен тілдік құрылымға сай топтастырады.
Сөйтіп, халық жадындағы Нұхтың кемесі, Жүсіптің сұлулығы, Жүсіп пайғамбардың түсі, Дәуіттің қоржыны, Ер Дәуіт соққан ақ сауыт, Сүлейменнің жүзігі, «Жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген», Мұсаның асатаяғы, Исаның демі, «Ибраһим пайғамбарға көктен түскен қошқар», «Мұхамбет пайғамбарға көктен түскен төрт қылыш», «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған», т.б. агиофразеологизмдердің қалай қалыптасқанын зерделейді. Қазығұрт топонимінің киелі атауға айналу негіздерін байыптайды. Сондай-ақ Баба түкті шашты Әзиз, Ғайып ерен, қырық шілтен, Жеті әулие, т.б. туралы түсініктердің тек-тамыры да кеңінен қарастырылады.
Этнолингвист ғалым түрлі мәдени-тілдік ақпараттардың негізінде аруақ ұғымының ата-баба культімен байланыстылығы, жақындарын желеп-жебеп жүретіні, жаугершілік ұранға айналуы өзара мәдени-семантикалық тұтастық құрайды деп санайды. Бұл ретте оның «Қазақ тілінің әдеби тілі сөздігінде» және «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында агионимдердің, агиофразеологизмдердің түсіндірілуі, мәдени семантикалық орнының ашылуы прецеденттік мәтінге сүйеніп, жүзеге асырылған. Этностың когнитивті санасындағы тілдік бірліктердің мәдени, тарихи, әлеуметтік мәні құрылымдалған тілдік коды оларды тіл иесі өміріндегі рухани танымдық және дүнияуи руханиятпен өзара байланыста қарастыру арқылы ашуға септігін тигізеді. Осының нәтижесінде, этностың архетиптік санасында мифтік танымға сай адамдардың әрекеті мен өмір сүру тәжірибесінің этикалық нормалармен, құқықтық қатынастар жүйесімен, әдет-ғұрыптық салттармен, адамдардың этнопсихологиялық ерекшеліктерімен және табиғатпен тығыз байланыста өзектелетіні айқындалады.
«Сағымға садақ ілдіру» жай ғана керемет емес, оның түпкі мазмұнындағы ақпараттарға мән беретін болсақ, хандық лауазым Тәңірден бұйырған, сондықтан, ханның және оның үрім-бұтақтарына қаралар (қара халық) сөзсіз бағынуға тиіс» (Этногр. категориялар... 5-т, 71-бет)
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» агиофразеологизмді Н.Уәли «ас та төк молшылық, мамыражай тыныштық, өткен бір берекелі заман деген мағынаны білдіретін мифопоэтизм» деп анықтайды. Ғалым фразеологизм құрамында «бозторғай» мен «қойдың» қатарласа айтылуынан табиғи экологиялық байланысты көреді.
Нұрекеңнің «Әйелдердің мифтік санадағы бейнесінің паремиологизмдердегі көрінісі», «Қамшы» концептісі», т.б. мақалалары отандық тіл білімінде өріс алған адамтанымдық зерттеулердің ғылыми-әдістемелік үлгісі деп білеміз.
Қазіргі ұлттық сананың жаңғыруына ықпал етуші тарихи-рухани көз – қазақ сөзінің этномәдени мазмұны. Осымен байланысты халық жадындағы лингвомәдени ақпарат пен білімді сақтау, сананың когнитивтік базасы ретінде тілдік таңбасын, жазба бейнесін қалыптастыру – қоғамның аса өзекті мәселесі. Бұл салада дана Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбановтан академик Рабиға Сыздыққа дейінгі ізашар зерттеулерді Н.Уәли осы күннің қоғамдық-әлеуметтік және рухани-мәдени даму үдерісіне сай жалғастырып отырғанын атап өткен ләзім. Ұлт санасында қалыптасқан және болмысына сіңген рухани құндылықтарды қоғамдық нормаларына, өмір тәжірибелеріне лайықты енгізу де – ол кісінің тәжірибелік жобасы.
Ғалымның қазақ жазуы онтогенездік дамуын барлауын да ерекше бағалаймыз. А.Байтұрсынұлы әліпбиінің фонологиялық негіздерін жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалаудың теориясы мен тәжірибесімен байланыстыру – профессор Нұргелді Уәли зерттеулерінің маңызды бір саласы.
Мемлекеттік тілдің таным өзегі ретінде заманауи қоғамдағы қызметіне жіті мән беру – заман талабы. Оның қоғамдық-саяси және мәдениаралық коммуникациядағы орны, жаңа деңгейі тілді тұтынушылардың елдік мүддесі мен мемлекетшілдік санасын күшейтуді керек етеді. Себебі жаһандану кеңістігінде интегративтік қарым-қатынастар тілден тек коммуникативтік қана емес, мұрагерлік, танымдық, жаңғыртушылық қасиетті қажетсінеді. Сондықтан қазіргі ғылымда тіл таным құралы, таным көзі ретінде көбірек зерттеледі. Осы миссияны терең түсінген Нұргелді Уәлиұлы халқымыздың рухани мәдениеті үлгілеріндегі (фольклор, ежелгі әдебиет, байырғы жазба мұралар, т.б.) тіл құпияларының сырын ақтаруға, ашуға уақытын да, қажыр-қайратын да аяған емес.
«Аnа tіlі» газетінің мерейтой шарасында осы басылымның бастауында тұрған қаламгерлер тарапынан профессор, басылымның белсенді авторы Нұргелді Уәлиұлына «қазақ сөзінің тамыршысы», «тілдің тегін, шежіресін таратушы» деген баға берілді.
Тіл білімі институтының киелі табалдырығын жас зерттеуші ретінде аттап, бүгінде осы сала абыздарының белесіне көтерілген ғалым, руханият қайраткері Нұргелді Уәлиді телегей теңіз ұлт қазынасын кешенді зерттеген, тереңінен зерделеген тұлға ретінде мақтан тұтамыз. Жаратқан қуат беріп, жаңа буынға жөн-жоба көрсете беруіне тілектеспіз.
Жамал Мәнкеева,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы,
профессор