
«Келешек мектеп – кедергісіз орта» атты EduFest іс-шарасына 100-ге жуық ата-ана, 200-ден астам оқушы мен ұстаз қатысты. Қатысушылар заманауи білім ордасының құрылымымен, оқу процесінің ерекшеліктерімен және жаңа форматтағы оқу кеңістігінің мүмкіндіктерімен танысты.
Бұл – Абай облысындағы төртінші «Келешек мектебі». 600 орынға арналған үш қабатты жаңа ғимараттың құрылысы толық аяқталып, екінші тоқсанда оқушыларды қабылдауға дайын. Мектепте 30 пән кабинеті, 6 зертхана, спорт және акт залы, кітапхана мен оқу залы бар. Оқу процесі бір ауысымда және толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі.
EduFest барысында мектеп кеңістігі зертханалық және тәжірибелік сабақ алаңына айналды. Қатысушылар жаратылыстану, математика, ағылшын тілі, көркем еңбек сияқты пәндерден өткізілген ашық сабақтарға қатысып, жаңа оқу ордасының артықшылықтарын өз көздерімен көрді.
Оқушылардың бірі Аружан Кабдулмаратова, жаңа мектептің зертханалық мүмкіндіктері ерекше әсер қалдырғанын айтты.
- Маған ең ұнағаны – химия зертханасы. Бұрын тек суреттен көретін тәжірибелерді өз қолыммен жасап көрдім. Сабақтың қызықты өтетініне көзім жетті. Осындай мектепте оқитыныма қуаныштымын, – деді ол.
Ал 11-сынып оқушысы Бақнұр Берікболов жаңа технологиялық сыныптардың оқуға деген ынтаны арттыратынын атап өтті.
- Информатика мен робототехника кабинеті ерекше ұнады. Құрал-жабдықтар жаңа, жобалар жасауға барлық мүмкіндік бар. Биология зертханасындағы микроскоптар да заманауи. Бұрын тәжірибе жасау аз болса, мұнда сабақтың өзі тәжірибеге негізделген. Мұндай ортада оқуға да, ізденуге де ынта артады, – дейді ол.
Мұғалімдер де жаңа кеңістіктің оқу процесіне серпін беретінін атап өтуде. Информатика пәнінің мұғалімі Асель Нұрлановна бұл мектептің оқыту тәсілін түбегейлі өзгертетінін айтады.
- Бұрын тек тақта мен дәптер болса, енді оқушы өз ойын тәжірибе арқылы дәлелдей алады. Бұл – мұғалім шығармашылығын арттырып, оқушының ойлау көкжиегін кеңейтетін орта. Нағыз жаңа дәуір мектебі, – деді ұстаз.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Төлеубекқызы да мектептің басты ерекшелігі – зерттеу мәдениетін дамытуға жағдай жасалғанын атап өтті.
- Келешек мектебі – жаңа ойлау мен зерттеу мәдениетінің орталығы. Мұнда әр баланың қызығушылығын ашуға мүмкіндік бар. Оқушылар еркін ойлап, өз ойын дәлелдеуге үйренеді, – дейді ол.
Ата-аналар да жаңа мектептің жайлылығы мен мүмкіндіктеріне ризашылық білдірді. Мәселен, Жанат Ералиева мұндай білім ордасы көптен күткен арман болғанын айтты.
- Бұрын мұндай мектеп арман еді. Енді балаларымыз заманауи, жарық әрі жылы ғимаратта оқиды. Балам қала ортасындағы мектепке қатынап жүретін, енді үйдің жанында осындай жайлы мектеп бар – бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деді ол.
Ал Дана Баянбаева мектеп инфрақұрылымының балаға қолайлы етіп жасалғанын ерекше атап өтті.
- Абаттандырылған ауласы, кең сыныптары, жайлы асханасы – бәрі баланың ыңғайы үшін жасалған. Осындай мектепте оқитын бала бақытты болады деп сенемін. Мұндай мектептер – келешекке жасалған инвестиция, – деді ата-ана.
Іс-шара соңында оқушылар Абайдың 180 жылдығына арналған көрініс қойып, өлең мен қара сөздер оқыды, ән шырқады. Мектеп фойесінде «Болашақ қабырғасы» интерактивті аймақ ұйымдастырылып, қонақтар өз тілектерін жазып қалдырды.
Аягөздегі жаңа «Келешек мектебі» білім ордасы ғана емес, баланың қызығушылығын оятатып, ұстаздың шабытын арттыратын, ата-ананың сенімін нығайтатын ортаға айналып отыр. Бұл – аймақтың білім беру кеңістігіндегі жаңа сапалы кезеңнің айғағы.