Тұлға • Бүгін, 09:50

Шалқарда көтерілген дүлей толқын

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қапал аудандық мектеп-интернатының 6-сыныбында оқып жүргенімде апай бізге көлемі мектеп оқушысының дәптеріндей ғана «Доп» деген кітапты әкеп көрсетті. Әрине, балаларға арналған түрлі түсті суретті дүние бірден назарымызды аударып, қызықтырды. Жоғары жағында «Өтепберген Ақыпбеков» деп жазылып тұр. Ақыпбеков деген фамилия бірден көкейімде сайрап қоя берді. Өйткені бізден бір сынып жоғары оқитын Алтай деген бала бар еді, оның да тегі – Ақыпбеков. Парақтай бастадық, міне, қызық, ішіндегі «Алтай» деген тақырып елең еткізді. Шағын өлеңнің тұсына кекілі қайырылған ұлдың суреті салыныпты. Одан «Мынау сен туралы ма?» деп сұраймыз, ол «Иә», дейді күлмің қағып. Біз оған таңдана қараймыз. Сөйтсек, ол Өтекеңе іні етіп берген ақынның туған жиені, үлкен әпкесінің баласы екен.

Шалқарда көтерілген дүлей толқын

Алғаш ақынмен сырт­тай солай таныс­тық. Содан соң «Ақып­беков» деген есім-сойды газеттен жиі ұшырата бастадым. Өтепберген ағаның айтқан әңгімелері көңілді үйіріп, елітіп әкетеді. Ал салған әндері оның орындаушылық машығы мен ерекше үніне ынтызарлығыңды арттыра түседі. Кез келген жер­дегі отырыста бірінші айтатын әуені – дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қызы». Рух пен әуез қабат­тасқан шығарма бірден аңсарыңды алып, әншінің өзі басқа кейіпке айнала береді. Өзі де «Да­ри­ға, сол қызды» айтпасам, әл­денем кемшін соғып тұр­ған­дай кібіртіктеймін дейтін. Одан әрмен қарай Естайдың, Ғазиз­дің, Молдабайдың әндері, Иман­жүсіптің, Ақанның, Бір­жанның, Мәдидің туындылары бірінен соң бірі айтыла береді, айтыла береді. «Шаршадым» деп бәл­сінетін Өте-ағаң жоқ, ке­рісінше маң­дайының терін сылып тас­тап, әр әуеннің тарихымен таныс­тыра отырып, ән-шежіресін жал­ғастыра беретін. Арасында орысша әуен­дерге де ауып кетіп, жеңіл, әзіл әндерді араластырып оты­рады. Бірде «Астыма мінген атым Генадушка» десе, енді келе­сіде «Әнім менің красива-ай, Қып­шақский жәрмеңке-ай!» деп со­ғады. Жұртты бір серпілтіп алып, Ес­тай­дың «Жай қоңырына» басады.

Өтепберген ағамыздың бесас­паптығына ұдайы қайран қала­тынбыз. Домбыра тартып отырып, баянға ауысады. Баяннан мандалинге, одан аккордеонға, гармонға, гитараға, қысқасы қолына тиген аспаптың бәрін өзегін суыра бебеулете жөнеледі. Не деген талант!

Өтепберген ағамыз әнші емес еді, бірақ әншіден асып түсетін. Ол кісі қаламгер болатын. Баладай таза пейілінен бе, өлең, жұмбақ, жаңылтпаштарын балаларға жазды. Жиырмаға таяу кітаптары бар. Кітап кіш­кентайлар ұғымына жеңіл және үлкендерді де ойландыратын өлеңдерге толы. Кез келген бетін ашып оқысаңыз, өзіңіз бұрын қаперлей қоймаған жаңа­лыққа тап келесіз. Мына «Қызықты әліппе» кітабындағы «Өзгермейтін сөздер» деген өлеңіне зер салайықшы:

Оқы: сыртқа, ішке де,

Өзгермейді ештеңе.

Оқы: оңға, солға да,

Сол мағына сонда да...

 

Өзгермейтін сөздерді,

Құлақ естіп, көз көрді.

«Ата», «Апа», «Ана»-ны,

Кім өзгерте алады?!

Өзгермейтін сөздердің,

Біразымен өздерің:

Танысыңдар, көріңдер,

Талдап, маңыз беріңдер!..

Иә, «Ата», «Апа», «Ана» сөз­дері – жазуда ғана өзгеріссіз қалмайды, өмірде де ешкім өзгерте алмайтын адамның ең асыл жандары. Былайғы жұрт «Ата-ананы таңдай алмайсың» деген еуропаланған ойды сол қалпы қазақша ұғымға қота­рып. Ал Өтепберген ағаның айту тәсілі басқаша. Осы бір әрі қарапайым, әрі пәлсапаға толы ойды балдырғандарға өз ұғымы деңгейінде жеткізу – қаламгердің асқан талантының белгісі. Осындай қарапайым ой­дан жас жеткіншекті Отанын сүюге, елін қастерлеуге баулиды. Отан, ел де ешкім алмастыра алмайтын Тәңірдің сыйы екенін біртіндеп бала санасына сіңіреді.

Енді «Ешкімнің сүтін ешкім елемеді» деген жаңылтпашын оқып көрелік:

Ешкімнің сүтін –

Ешкім елемеді.

Ешкімнің сүті –

Ерекше бөлек еді.

Ешкімнің сүтін –

Ешкім елемесе,

Елемесін.

Ешкімнің сүтін –

Егіз лағы еме берсін.

«Қызықты әліппеде» бал­дыр­ғандарға арналған өлеңдер, әліпбилік жұмбақтар мен тақ­пақтар, жаңылтпаштар, сана­мақтар, сұрамақтар және ерте­гілер бар.

Әр әріптің өзіндік «әлемін» ақын балдырғандарға сәбидің тілімен ұғындыруға жанын салады. Шынында да, олардың ашы­лып болмаған өз құпия, сыр­лары жетерлік. Бір қызығы әріп­тер адам ағзасымен тығыз бай­ланысты екен. Егер басың ауыр­са, «Е» әрпін іштей бірнеше рет қайталасаң, басың жазыла­ды дейді ақын. Адам қатты қуан­ғанда не қорыққанда нелік­тен ең бірінші «А-а!», «О-о!» деген әріптер – одағай дыбыстар ауызға оралады? Бұл да жұмбақ...

Өтепберген ағамыз осы кіта­бында бір ғана әріптен басталатын сөздерді түзіп, қысқа өлең, жаңылтпаш, жұмбақ қана емес, ұзақ та қызғылықты ертегі жазуға болатынын көрсеткен екен. Оны ақынның шығармасын оқығанда көзің жетіп, іштей сүйінесің. Бұл кітапты қолыңа алғанда әріптер әлеміне бойлап, сөз құдіреті туралы ойларың толыға, молыға түседі... Білсем, көрсем, үйренсем деген балаларға таптырмайтын дүние.

Қаламгер шығармашылы­ғының дені жас жеткіншектерге бағытталған. «Доп», «Футболшы боламын», «Жарыс», «Айдын шалқар», «Жарыстан соң жарыс», «Жылдың төрт мезгілі», «Балабақтың бір күні», «Эко­логиялық әліппе», «Ажарлы Астана», «Қырық қызық», «Балдай тәтті әліппе», «Қызықты әліппе», «Ай­дындағы әліппе», «Құпия оқу­лық» кітаптары жарық көрген. Осылардың арасынан «Жарыстан соң жарыс» кітабы 1989 жылы ІІ Бүкілодақтық балаларға арналған үздік шығар­малар конкурсында арнайы дипломмен марапатталған.

Ақын өмірден өткеннен кейін «Керек кітап», «Мен таң­дайтын мамандық», «Әлемге әйгілі қа­лалар» сияқты көрнекі туынды­лары айнымас досы – бал­дырғандарға жол тартты. Өтепберген Ақыпбекұлы бала­лар әдебиетіне ғана ат ізін салып қойған жоқ, үлкендерге жаз­ған жырлары қаншама. «Шал­қасынан туған ай» өлеңдер жи­нағы қазақ поэзия­сының шал­қарына тосыннан көтерілген дүлей толқындай кеп қосылды.

Өтекең Республикалық «Каз­гидромет» агенттігінде, Пар­ламент Мәжілісінде, Ұлттық банк­те аға референт, кеңесші, Әді­лет министрлігінде басқарма бас­тығы қызметтерін атқарды.

Соңғы жылдары шығарма­шыл ортадан аулақтаған сайын әде­биеттің қазанында қайнай түсті. Өлеңді былай қойып ғылыми, тарихи, құқықтық ең­­бектер жазып, айналымға түсе бастады. Соның ішінде заңтану іліміне ұлттық көзқарас тұрғысынан тереңі­рек үңілді. Нәти­жесінде, «Тіл. Мәдениет. Құқық», «Қара қылды қақ жар­ған...» тәрізді моногра­фиялары жарық көріп, Қараған­ды, Қос­танай сияқты бірқатар ­уни­­вер­ситеттердің құрметті про­фес­соры атағын иеленді.

Бірінші кітабында ұлттық болмыс пен құқықтық мәселелер­дегі қазақ тілінің рөлі және ана ті­ліміздің ежелден билік тілі бол­ғанын, ендігі қоғамымызда оның заңгерлік пен билік тіліне қайта айналу үрдісінің жайы қаузалады. Мемлекетте қай тілге басымдық берілсе – сол тіл билік тіліне айналып, үстемдік құратынына тоқталып, бүгінде елді топтастырушы күшке ие қазақ тілінің қадамын бұдан әрі тұсауға болмайтынын түйіндейді. Екінші «Қара қылды қақ жар­ған...» кітабында шешендік сөздер мен билер шешіміндегі құқықтық нормалар мен сот прецедентінің нысандарын нақты деректермен аша алған.

Өтекең бізге көп аманат қалдырды. Ағамыздың екі дү­ниеде де жарығы сөнбеуге тиіс. Ол кісі тірілер барда өлмек емес. Тірі болса, биыл 75 жасқа толар еді. Өмірден озғанына да 20 жыл уақыт өтіпті. Ақынның еңбегі мен қалдырған мұрасын еске­ріп, Жетісу облысы ақын оқыған Көшкентал мектебіне есімін, Астана қаласы әкімдігі қаламгер тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатса, өнер қайраткерінің рухы өлмегенінің айғағы болмақ.

 

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты