Зерде • Бүгін, 09:55

Жазушының жүрек үні

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

...1971 жылдың 26 наурызы. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында «Қазақ КСР-нің 50 жылдығына» арналған ақындар жыр кеші болмақ. И.В.Сталиннің қанды «культінен» арылып, «Культ әдебиетке ғана жарасады» (Я.Смеляков) деп жүрген кезіміз.

Жазушының жүрек үні

Әлгі атаулы ақындар кешінің даңқы әп-сәтте Алматыны кезіп кетті. Сабақтан шығып жүгіре басып, ентігіп жеттік. Кешігіп қалыппыз. Бүгінгі Төле би көшесін­дегі ғимараттың бес жүз кісілік залында ине шаншар орын жоқ. Тұмсық батпайды. Тікемізден тік тұра қалдық. Жиырма шақты ақын-жазушы, Сәбит Мұқанов бас­тап қаздай тізіліп келіп «президиумға» жайғасты. Сұңғақ жігіт, профессор Серік Қирабаев өзінің еш­кімге ұқсамайтын үнімен кешті ашып, сөзді Сәбит Мұқановқа берді. Мұхтар Әуезовтің даңқы бар да өзі жоқ. Ал Сәбит Мұқановтың даңқы аспандап қалықтап тұрған шағы. «Аққан жұлдыз» үзінділері «Жұлдыз» журналында жарияланып жатыр. Мен, мен ғана емес, иін тіресіп, теңселіп, тебіреніп тұрған 700 кісінің дені осынау кешке Сәбит Мұқанов қатысады екен деген дақпырттың құлына айналып келгенбіз. Сәбеңнің беделі сұмдық еді.

Сәбит Мұқанов өзі өмір сүріп отырған қоғамға өкпелеп сөйледі.

«Сәбиттің жазғандары 50 том болатын, – деді өзінің қарлығыңқы, жарық­шақ дауысымен. – Соны бастыруға Қазақ­стан, тіпті КСРО қағаз таппай қиналып отыр­ған соң қайтерсің? Содан да көлемді роман жазғанды доғарып, «төрт­таған» атап рубаилар жазып жүрмін. Рубаи деге­ніңнің өзі ұлғайған жасқа жақсы ма деймін. Күшеніп жатпайсың. Өмірден көрген-білгеніңді, көңіліңе түйгеніңді философияға айналдырсаң, жетіп жатыр. Мен сол су жаңа рубайларымнан оқимын».

Ақынның оқығаны рубаи ма, жоқ па, кім білсін. Қазақы болмыс­ты, тартымды төрттағандар залды баурады. Кезек Ғали Ормановқа келді. Жай басып зорға шыққан ақын мінберден жорға өлеңдерін оқыды. Оның өзін «қаламымнан шыққанымен, қалтамнан шықпай жүрген өлеңдерімнен оқимын» деп бастады. Демек қайта-қайта қара­ғыштап, қырлап, сырлап өңдеп жүргені. Қасым Тоғызақов «Военкомат» аталатын өлеңін оқыды. Сөз кезегі келген Мұхамеджан Қаратаев қазақ поэ­зиясы туралы сөйледі. Кеш жалғасып жатты. Ақындар кезек-кезегімен өлең оқиды. Біз ынтыға тыңдаймыз. Аяғына таман жас ақын Мұқағали Мақатаев: «Мына өлеңді Мұхамеджан Қаратаев ағама арнап оқығым келіп еді. Ол кісі кетіп қалды. Енді арнамай оқимын», деп алып, «Сыбағам қайда?» аталатын өлеңін оқыды. «Қарамай қарттығыңа, шалдығыңа...». Иін тірескен зал түңлікті желпілдете қол соқты. Мұқағали жап-жас. Жастардың культіне айналып келе жатқан жас пері. Сүйікті ақынымыз!

Өлең оқитын ақындар саябырси бастағанда төменгі қабатқа жүгіре жөнелдік. Онда кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Кітап сатып алып, қаламгерлерге қолтаңба қойдырып үлгеруіміз керек. Сәбит Мұқановтың үш томдық «Өмір мектебі». Жуан үш кітап. Бағасы да біраз. Бірыңғай стипендия­ға қарайтын студенттің қалтасы тесік. Ойланып тұрып «Қазақстан жазушылары» («Жазушы», 1969) аталатын ашық қызыл жуан кітапты сатып алдым. Өйт­кені онда қазақ жазушыларының өмір­баяны әр бетке бөлек беріліп, суреті басылған. Бір емес, бірнеше қаламгерден қолтаңба алуға қолайлы. Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Мұқағали Мақатаев, лезгин ақыны Байрам Салимовқа тілек жаздырып алдым. Апай төсін айқара ашып тастап, екінші қабаттан бірінші қабатқа түсіп келе жатқан Мұқағали ағаның алдынан шықтым. Ол досы Әнуарбек Дүйсенбиев үйінен біледі мені. Қолымдағы кітапты тілек үшін ұсынғым келіп, әрі-бері парақтаймын. Кітап ішінде Мұқаш аға жоқ. Демек әлі КСРО Жазушылар одағына мүше емес. Тұтас кітапты ұсындым. Анықтамалықтың ішінде өзінің жоғын ақын біледі, әрине. Ол кітапты қолына алып тұрып, бірінші тыс-парағын аударып тастап, мұқабаның екінші бетіне «Құлбек! Адам бола біл, түсіндің бе? М.Мақатаев. 26.ІІІ.71 ж.», деп қол тартты. Сөйтіп жүріп Сәбит Мұқановқа кешігіппін. Сәбит Мұқа­новтың алдында қолтаңба алуға кезекке тұрған жастарда, Сәбеңше айтсақ, қисап жоқ. Ұзын тізбек. Егер Сәбеңнен қолтаңба алмасам, бұл кешке келуімде мән жоқ секілді, ұзын-сонар кезектің соңына тұрдым.

Ақындар үйді-үйіне тарап кетті. Түннің бір уағы. Кіре беріс фойеде Сәбит Мұқанов қана қалды. Сәбеңе қарайлап бір сылыңғыр қара жігіт жүр. Жазушыны үйінен алып келген, енді апарып салуға жауапты азамат сынды. Әлі бірсыпыра жас бармыз тізіліп тұрған. Біз де қай жетісіп тұр дейсіз? Қарын ашқан, көз бозарған... Сәбең сүйкектетіп тілек жазып беріп отыр. Әрі-бері селтеңдеп жүрген сылыңғыр қараның шыдамы тау­сылды, білем тағатсызданып: «Қайтайық та, Сәбе», деп қалғаны.

Біздің зәреміз зәр түбіне кетті. Бейне тілек сөзін күтіп тұрған алып жазушымыз «Шаршадым, қарақтарым!» деп тұрып кетердей ішіміз қылпылдап қоя берді. Етжеңді жазушы бір сәт кезекті кітабына тілегін жазып ұсынып, әлгі сылың­ғыр қараға «жаман көзімен» қарады да: «Мына тұрған көкөрім балалар – біздің болашағымыз. Менің жас өркен ұрпағым. Сәбит атыммен, түйедей басыммен ұрпағымның тілегін аяқасты етіп, жерге қаратып, аттап кете баруым керек пе? – деді. Сосын ажырая қараған қалпы. – Онан да қарап тұрмай такси ұстап әкел қайтатын! Өй, антұрған!»

«Қойдым, Сәбе, қойдым. Міне, қазір такси ұстап келемін.

«Қара шаңырақ Қаз ПИ-ден,

Аттандық біздер таксимен!»

деп таксимен аттанып кетеміз», деп сылыңғыр қара жігіт өлеңдетіп сыртқа қарай жүгіре жөнелді (кейін білдік, әлгі қара жігіт Нұтфолла Шәкенов екен – Қ.Е.)

Жүрегіміз орнына түсті. Түн жарымы ауа бізге де кезек келді.

«Атың кім, қарағым?» – деді жарық­шақ дауыс. Атаның, әкенің үніндей сүйкімді естілді. «Құлбек», дедім жалма-жан. Ол жуан­тық салалы саусақтарымен мықтап ұстаған «шарикті» қаламмен «Құлбекке. С.Мұқанов. 26-ІІІ-71 ж.» деп тілек сөзін жазып, «Қазақстан жазушылары» кітабын өзіме ұсынды. Тілек сөзі – жүрек сөзі. Бақытты едім. Рахмет айтып, толқып басып кезекті келесі өспірімге беріп, былай шығып тұрдым.

Жазушыны қызықтай бақылап қарап тұрмын. Міне, тағы екі-үш бозбалаға қолтаңба сыйлады. Сөйтті де, «Бар мәзір, жоқ жай. Осыған риза болыңдар, қарақ­тарым. Оқушы балаларсыңдар (сту­дент дегені болар – Қ.Е.) ғой. Жақсы оқыңдар. Оқымыш болыңдар. Замандарың келеді, ұрпақтарым, бақытты болыңдар!» деді. Деді де ауыр денесін ақырын тіктеп, таяғына сүйеніп баяу басып шығып бара жатты.

...Жатақханаға жаяу тартып келемін. Қолымда кітап. Құлағымда жазушы үні күмбірлейді. «Ұрпағымды аттап жүре берейін бе?» деген мейірбан үн, «Замандарың келеді» деген жұмбақ үн...

 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты