
Сурет: news.rambler.ru
Бұл соғыста елімізден көптеген даңқты дивизия шыққаны белгілі. Олар Отанды жаудан қорғауда жан алысып, жан берісті. Ерлігімен көзге түсті. Осындай күштік құрылымның бірі – Ақтөбе облысында іргетасы қаланған 312-атқыштар дивизиясы. Оның құрамы негізінен үш ұлттан жасақталған. Ал қазақтардың үлесі 32 пайызды құраған екен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – осы дивизияның 859-артиллериялық полкі сапына енген жауынгер.
Бегалы Боярысұлы 1901 жылы Көкшетау облысының Айыртау ауданына қарасты Сарысай Наурыз ауылында дүниеге келген. Майданға шақырылғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысының «Наурыз» ұжымшарында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, мал шаруашылығымен айналысқан. Қарапайым тірлікпен жүрген азамат соғыс басталғанда Отан алдындағы борышын өтеу үшін Куйбышев аудандық әскери комиссариятының шақыртуымен әскерге алынады. 312-атқыштар дивизиясы майдан даласына бара сала, Мәскеуді қорғауға аттанады. Дивизияны Боровск қаласының маңына қорғанысты ұстап тұруға жібереді. Осылайша, жауынгерлер 11 қазаннан бастап 18 қазанға дейін фашистер шабуылына тосқауыл болады. Алайда қарсылас күші басым еді. Оның үстіне қару-жарақ жеткізу жағында қиындық туған. Оны дивизия командирі Александр Наумовтың 43-армия штабына жазған хатынан байқаймыз.
Мәселен, баяндамада дивизия командирінің қолда бар артиллериялық және атыс қаруларының оқ-дәрісі бір күнге ғана жететінін жазған. Үсті-үстіне төгілген Вермахт әскерінің екпініне шыдамай, дивизия шегіне отырып ұрыс салады. Бірақ қантөгіс майданда көптеген сарбазынан айырылады. Мысалы, екі айдың ішінде 11 мыңнан асатын жауынгердің 9,5 мыңға жуығы жер жастанған. Амалсыздан дивизияны тылға әкетіп, қайта жасақтаған. Сөйтіп, 1942 жылғы 9 шілдеде қайтадан майданға аттанады. Осылайша, 312-атқыштар дивизиясы жауды тықсыра қууға зор үлес қосқан.
Кейіпкеріміз 1943 жылғы 13 қазанда жеңіл жарақат алады. Бірақ жазылып шыққан соң, қайтадан ұрысқа кіріскен. Бегалы Боярысұлы талай мәрте ерлік танытып, тапқырлығымен көзге түсіп, бірқатар марапат иеленді. 1943 жылғы 22 шілдеде «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін тағады. Ал 15 қыркүйекте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Мәселен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі шабуылға шыққан фашист әскерін тоқтатып, екі пулеметпен 20-ға жуық жауынгерді жер жастандырғаны үшін берілген. Сондай-ақ 1945 жылғы
28 ақпанда жау әскерімен күресте жанқиярлық ерлік танытқаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Соғыс аяқталғаннан кейін Бегалы Боярысұлына «Германияны жеңгені үшін» медалі табысталды.
12-атқыштар дивизиясы 1945 жылғы 5 мамырда Эльба өзенінің шығыс жағалауына жетеді. Осы жерде америкалық жауынгерлермен кездесіп, өңірді фашист әскерінен тазартқан. Содан 7 маусымға дейін Берлинде тұрақтайды. Дивизия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін марапат иеленген. Смоленск қаласын азат етудегі жанқиярлығы үшін әскери құраманы «Смоленск дивизиясы» деп атап кетті. Сондай-ақ Қызыл ту орденімен, екінші дәрежелі Суворов орденімен, екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталды. Дивизия құрамындағы 9 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды.
Айыртаулық жауынгер соғыс аяқталған соң елге оралып, кеңшарда жұмысын жалғастырды. Зейнетке шыққанға дейін мал шаруашылығымен айналысты. Бүгінде оның ұрпағы атасының ерлігін мақтанышпен айтады.
Ділдана НҰРДІЛДӘ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті