
Қазіргі таңда «Astana Hub»-та «Playrix», «TikTok», «inDrive», «EPAM», «Glovo», «Presight.ai» сияқты ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан. Сондай-ақ былтыр инфрақұрылым Яндекс, «Telegram», «Higgsfield», «Naimi.kz», «Funtyx Games» және нарықтың басқа да ірі ойыншыларымен толықты. Өңірлерде 450 стартап-идея әзірленіп, 186 IT-компания «Astana Hub» технологиялық экожүйесінің бір бөлігіне айналды.
«IT-сала экономиканың басқа бағыттарымен салыстырғанда орасан зор өсім көрсетіп келеді. Былтыр инвестиция 40%-ға, IT-қызметтер экспорты 52%-ға, саланың жалпы табысы 48%-ға өсті, ал жұмыс орындарының саны 12%-ға артты. Бұл жетістіктер, бір жағынан, мемлекеттік қолдаудың тиімді моделінің арқасында мүмкін болып отыр. Басымдық адам капиталын дамытуға қойылды. Кейінгі 5 жылда мемлекет «Astana Hub»-қа 15 млрд теңгеге жуық қаражат салды, ал оның қайтарымы ретінде IT-саласынан 1,5 триллион теңге табыс пен 1,1 млрд доллар таза экспорттық кіріс алды. Осылайша, минималды салыммен IT-сектор үлкен серпіліс жасады», деді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.
Былтыр «Astana Hub» базасында еліміздегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – «Tomorrow School» ашылды. Мұнда білім алушылар бағдарламалаудың қыр-сырын меңгеріп, қауымдастықтар құрып, оқу клубтарын ұйымдастырып, өзара тәжірибе алмасады. Алдыңғы жылы бұл мектеп алты іріктеу кезеңін өткізіп, оған шамамен мыңға жуық адам қатысты. Қазіргі таңда негізгі оқу бағдарламасында 216 студент білім алып жатыр. Қатысушылар бірқатар мамандықты таңдай алады, соның ішінде AI-инженері, бағдарламалық жасақтаманы, мобильді қосымшаны әзірлеуші, «DevOps» инженері, IT жүйелерінің архитекторы, киберқауіпсіздік маманы атануға мүмкіндік бар.
«Tomorrow School»-дың оқу үдерісі «Astana Hub» базасында офлайн түрде өтеді. Мектеп тәулік бойы жұмыс істейді, яғни әр студент өзіне ыңғайлы уақытта, өз қарқынымен білім алады. 18 ай ішінде олар 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, «Python», «JavaScript», «Golang, Rust» секілді 20-ға жуық бағдарламалау тілін меңгере алады. Бағдарлама соңында әр студент өз бағытын таңдайды, олар AI-инженер, ойын жасаушы, DevOps-инженер немесе киберқауіпсіздік маманы атанады.
Сегіз айдың ішінде «Tomorrow School»-да мықты қауымдастық қалыптасты. Бұл жерде студенттер тек өз білімін жетілдірумен ғана шектелмейді. Атап айтқанда, бірі ағылшын тілін үйретсе, енді бірі көпшілік алдында сөйлеу шеберлігіне немесе AI құралдарын бизнес саласында қолдануға баулиды. Білім алушылардың жас айырмашылығы, мамандықтары мен тәжірибесі әралуан. Десе де, барлығын бір арнаға тоғыстыратын ортақ мақсат бар. Ол – IT саласында өз орнын тауып, жаңа дағдыны игеру.
Жасанды интеллект мектебіндегі ең жас студенттердің бірі – Станислав Кулешов. Ол небәрі 18 жаста. Студент С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде білім алады. «Tomorrow School»-ға келгенге дейін оның бағдарламалау бойынша тәжірибесі болмаған. Алайда негізгі дағдыларды меңгеріп, оны іс жүзінде қолдана бастады. Мәселен, Астанадағы кофеханалардың біріне онлайн тапсырыс жасауға арналған «Telegram Mini App» қосымшасын жасап берді. Сонымен қатар еуропалық компаниядан алғашқы тапсырысын да алды. «Ең бастысы – ықылас пен табандылық. Қазіргі таңда жүріп өткен жолыма көз жүгіртсем, бұл менің басымнан өтіп жатқан оқиға екеніне сене алар емеспін», дейді ол таңданысын жасыра алмай.
Ал осы мектептің тағы бір қатысушысы Азамат Жеңісовтің IT саласында аз да болса тәжірибесі болған. 20 жастағы Азамат Жеңісов – AITU-дың үшінші курс студенті. Ол «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша оқиды. Бұрын-соңды басқа да IT мектептерде білім алса да, әртүрлі себепке байланысты оқуды соңына дейін жеткізбеген екен. Ал «Tomorrow School»-ға келгенде бірден қолдау мен шынайы қызығушылықты сезінгенін айтады. Нәтижесінде, ол «Beginner English Club» ашып, бүгінде басқа студенттерге ағылшын тілін үйренуге көмектесіп жүр. Сондай-ақ ірі компанияда тәжірибеден де өтті. «Мен күн сайын өзімді 1 пайызға болсын жақсартуға тырысамын», дейді Азамат.
Кейбір адамдардың «Tomorrow School»-дағы жолы IT саласына деген қызығушылықтан емес, өзін-өзі тану мен өмірдің мәнін іздеу ниетінен бастау алған. Мәселен, Әмір Жақышев мамандығы бойынша – экономист. Ол 10 жылдан астам уақыт дәстүрлі бизнесті дөңгелеткен, яғни IT саласына бойламаған. «Бағдарламалау өнері – тек ерекше дарыны бар адамдарға тән дүние деп ойлайтынмын. Бірақ «peer-to-peer» форматымен танысқан соң, бұл көзқарасым түбегейлі өзгерді. Елімізде де дәл осындай мектептің пайда болғанын естігенде қуандым. «Tomorrow School» – ЖИ мен IT саласында дамуды қалайтындар үшін үлкен мүмкіндік», дейді 36 жастағы Әмір Жақышев. Бүгінде ол «Public Speaking Club»-ты жүргізеді және «Astana Hub»-тың «AI’preneurs» акселерациялық бағдарламасына қатысады.
Әр студенттің жолы – өз алдына бір оқиға. Бүгінде мектеп жанында «AI Tools Club», «Kazakh Club», «Freelance Club», «Beginner English», «Public Speaking, Startup Club» сияқты 13 студенттік клуб жұмыс істейді. Клуб қатысушылары сабақтар өткізіп, өзара тәжірибе алмасып, көшбасшылық дағдыларын дамытады.
«Студенттер «Astana Hub»-тың «Startup Garage», «AI’preneurs» сияқты бағдарламаларына және «Decentrathon» хакатонына қатысады. Ал ерекше көзге түскендер «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиевпен жеке кездесуге шақырылып, еліміздің IT саласын, стартаптарды қолдау бағдарламаларын бірге талқылады», дейді «Tomorrow School»-дың комьюнити-менеджері Аружан Таубаева.
Білім беру алаңы одан әрі дамып, IT саласында білімін жетілдіруге ниет білдірген жандар үшін әрдайым ашық. Қазір «Tomorrow School»-дың 7-легіне өтінім қабылдау жүріп жатыр. Оқуға тіркелу 18 шілдеге дейін « tomorrow-school.ai» платформасында қолжетімді.