Экономика • Бүгін, 09:35

Сауда-саттық аясы кеңейді

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһандық сын қатерге қарамастан 2024 жылы елімізде сауданың өсуі 9,1%-ды құрады. Сауда саласына 884,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға өсті. Ішкі тауар айналымы да тұрақты оң динамикада қалып отыр. Былтыр ішкі тауар айналымы 14,1%-ға өсіп, 69,6 трлн теңгеге жетті. Қазір ел алдында Мемлекет басшысы жүктеген экономика­лық тұрақтылықты нығайту мен сауда саясаты бойынша бірқатар іргелі міндет тұр.

Сауда-саттық аясы кеңейді

Бірінші – экспортты ілгерілетуге қажетті құралдарды шоғырландырып, экспортты қолдаудың бірыңғай терезесін құру. Былтыр қаңтарда сақтандыру мен қаржылық қолдау шарасының кең спектрін жүзеге асыруға бағытталған «Экспорттық несие агенттігі туралы» заң қабылданды. Осы бағытта елдің экспорттық несие агенттігі қолдау құралының қатарын кеңейтті.

Субсидиялауға балама ретінде кепілдік беру, экспорт алдындағы және сауда қаржыландыру құралдары енгізілді. Сыртқы сауда байланысын кеңейту мақсатында Қазақстан мен Сингапур арасында көрсетілетін қызмет пен инвестицияның еркін саудасы туралы келісім ратификацияланды. Бұған қоса толық форматты келісім Біріккен Араб Әмірліктерімен жүргізіліп жатыр.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, инвестор тарту орталығына айналатын және көрші елмен шикізаттық емес экспорттың өсуіне мүмкіндік беретін 5 трансшекаралық хаб салынады.

«Елшіліктердің қолдауымен Қытайда 2 серіктес кеңсенің көрме алаңдары іске қосылып, Үрімшіде сауда өкілдігі ашылды. Дубайда «Qazaq Trade House» сауда үйі жұмысын бастады. БАӘ, Ауғанстан, Тәжікстан, Италия, Өзбекстан, Ресей мен Қырғызстанды қоса алғанда, негізгі се­рік­тес елдерде 10 сауда-экономика­лық­ миссия ұйымдастырылды», деді министр.

Екінші міндет – Президенттің отандық өндірушіні қорғауды реттеуші шара әзірлеуге қатысты тапсырмасы. Ішкі нарықты қорғау мен отандық тауар өндірушіні қолдау мақсатында тарифтік және тарифтік емес реттеу шарасы, сондай-ақ отандық тауар өндірушіні қорғау шарасы қабылданды. Тарифтік реттеу шарасы бөлігінде Еуразиялық экономикалық комиссияның импорттық кедендік баж мөлшерін белгілеу мен өзгерту жөнінде 24 шешім бекіді.

«Тарифтік емес реттеу шарасында отандық өндірушіні қорғау мен ішкі нарықты тауардың жекелеген түрі­мен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы импорт және экспортқа 20-ға жуық тыйым салу мен шектеу енгізілді. Қор­ғау шарасында Қытай, Украина мен Үндістаннан келетін өнеркәсіптік тауар­ларға қатысты демпингке қарсы 6 шара ұзартылды. Ішкі нарықты қорғауға Тех­ни­калық реттеу мен тұтынушы құқығын қорғау құралы белсенді қолданылады», деді А.Шаққалиев.

сауда

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Кейінгі кезде еліміз шикізаттық емес секторды дамыту және шикізат экспортына тәуелділікті азайту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс өз нәтижесін беріп, нақты көрсеткіштермен дәлелденіп те жатыр. Кейінгі 3 жылда 780-нен астам жаңа компания халықаралық нарыққа шығыпты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің шикізаттық емес экспорты 40,6 миллиард долларға жетіп, жоспарланған 37,7 миллиард долларлық межеден асып түсті. Оның ішінде 28,8 миллиард доллар – тауарлар экспорты, 11,8 миллиард доллар – қызметтер экспорты.

Экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор – «QazTrade» компаниясының мәліметінше, оң ди­намикаға қарамастан, шикізаттық емес тауарлар экспортын одан әрі ұл­ғай­т­у­ға мемлекет тарапынан жүйелі қар­жы­лық қолдау қажет. Бұл қадам бизнес көлемін арттыруға, жаңа нарық­қа шығуға және қосылған құны жоғары өнім­дердің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.

«Экспорт аясын кеңейту мен құрылымын әртараптандыру – елі­міздің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. Еліміз шетелге тек шикізат емес, дайын өнімдерді, цифрлық шешімдер мен қызметтерді де көбірек экспорттауға ұмтылып жатыр», деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.

Қазіргі уақытта негізгі жұмыс мына бағыттар бойынша жүргізілуде:

  • Машина жасау, құрылыс материалдары мен химия өнеркәсібін қоса қамтитын өндіріс саласы;
  • Ет, астық және майлы дақыл­дарды қайта өңдеуге басымдық берілген ауыл шаруашылығы;
  • Ақпараттық технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету, аутсорсинг және финтех;
  • Көлік-логистика, оның ішінде негізгі бағыттар, порттар мен темір жолдарды дамыту.

Сонымен қатар өткізу нарықтарын кеңейту және жаңа сауда серіктестерін табу бағытында да жұмыстар қолға алын­ған.

2021 жылдан бері 14 мемлекетте 40-тан астам іскерлік іс-шара өткізіліп, 2 500-ден астам B2B форматындағы кездесу ұйымдастырылыпты. Бұл отандық экспорттаушылар мен шетелдік әріптестер арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, жаңа нарықтарға шығуға, тиімді келісімшарттар жасауға жол ашты. Тек 2024 жылдың өзінде ғана экспорттық келісімшарт көлемі 1,3 миллиард доллардан асты. 2025 жылға қарай халықаралық нарыққа шығатын компания саны 1 000-нан асады деп күтіледі.