Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:10

Әскери борыштың заңдық негіздері

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Отан алдындағы әскери борышты өтеу – ер жігіттің парызы. Бүгінгі таңда осы парыздан жалтарып, әскерге барудан қашатын азаматтар аз емес. Соның салдарынан жастарды көшеден ұстап әкететін жағдайлар көбейді. Әскери міндетке жігіттерді еркінен тыс ұстап әкету қаншалықты заңды?

Әскери борыштың заңдық негіздері

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетінде берген сұхбатында: «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз», деген болатын. Яғни Президент өз сөзінде жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнатудың жөні жоқтығын, қандай жағдайда болсын, заң мен тәртіпке бағынудың ізгілендіріп, демократияның тірегі болар құқықтық мемлекет құру керегін меңзеп отыр.

Осыдан-ақ әскери міндетін өтемеген жастарды аң аулағандай көшеден күшпен ұстап әкету «Заң мен тәртіп» қағидатына томпақ келетінін аңғаруға болады.

Ата заңымыздың 36-бабында мемлекетімізді қорғау әрбір аза­маттың қасиетті парызы және мін­деті екені, олар заңда белгіленген тәр­тіп бойынша әскери парызын өтей­тіні анық жазылған. Әскерге шақырту тәртібі «Қазақстан Респуб­ликасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңымен реттелген. Ол заңда да Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті азаматтарды күштеп әскери комиссариатқа апару туралы ештеңе жазылмаған. Сондай-ақ әскери қызметке дайындықтан жалтарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 650-бабы бойынша әкімшілік жауап­кершілікке тарту көзделген. Әскери қызметтен қасақана жалтарушылар Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, болмаса 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесіледі. Ал осы бабты бірнеше мәрте бұзған азаматтар 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлі әскерге міндетті азаматтарды әскери комисариатқа көшеден немесе жұмыс орнынан күштеп әкету заңға қайшы әрекет екенін алға тартып, жастардың әскер­ге баруға ынталандырудың ізгі жо­лын іздеу арқылы бұл проблеманы шешуге болатынын айтады.

әскер

«Әскерге барудан жалтару фак­тісі­нің астарында не жатыр? Бірін­шіден, бұл сұраққа әлі де кешенді жауап берілген жоқ. Жоғары оқу орнында сабақ беріп жүріп байқағаным, студенттердің дені дәрістің 70 пайызына қатысып, қалған 30 пайызына қатыспайды. Себебін сұрасаңыз, жанбағыс үшін жұмыс істеп жүргенін естисіз. Мүмкіндігі жеткенше оқуын да қалдырмай, жұмысын да ақсатпай жүрген сол студенттерге қарап отырып, жастардың уақытты қадірлейтінін, оларға әскер­ге баруға міндетті бір жыл тым ұзақ мерзім болып көрінетінін, қыс­қарта айтқанда, ашқарынға жалаң ұраншылдық жүрмейтінін бай­қайсыз. Сондықтан да әскери борышын өтегендерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаулар көрсетілуі керек. Мәселен, төмен пайызбен кредит беру немесе үй алу мүмкін­дігі секілді қолдаулар болса, әр жас әскерге баруға құлшынып тұратын еді», дейді Қ.Дәуітәлі.

Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар елі­міз­дің 70-тен аса жоғары оқу ор­н­ын­­да университет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Олар 4 талаптан тұратын іріктеуден өту арқылы ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жинаған балдары есепке алынбай оқуға қабылданады. Ал іріктеуден өтпей қалғандар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ ақылы бөлімде оқи алады. Мұның сыртында әскер сапында жүрген сарбаздарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несиелерге «демалыс беру» атты бағдарламасы қарастырылған. Яғни міндетін өтеп жүрген сарбаздың несиесі 13 айға тоқтайды. 12 ай әскери борышын өтеу мерзімі болса, қосымша 1 ай жұмысқа орналасуға беріледі.

Сарапшылар бұл жеңілдіктер­дің жастардың әскерге бару құлшы­ны­сын арттырмағанын айтады. Қазір керісінше әскердегі әлімжет­тік пен суицид секілді жағымсыз ақпараттар тым көбейіп барады. Мәселен, кейінгі он жылдықта 220-дан аса сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Демек, әр жылда жиырмаға жуық бозбала әскерден үйіне табытпен оралады деген сөз. Бұл жағдайлар ата-аналардың да наразылығын туғызып, Отан алдындағы борышты өтеу деген қасиетті парызға көлеңкесін түсіріп жатыр. Бұл аз болса, әлеуметтік желідегі әскери һәм ішкі істер органы қызметкерлерінің киіміндегі азаматтардың көшедегі жастарды күштеп көлікке отырғызып әкету оқиғалары көбейді.

Қоғамдық резонанс туғызған осы оқиғаларға қатысты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызме­тіне бірнеше сауал жолдаған едік. «Әскерге шақырудың азаматтарды еркінен тыс қинап әкетуден басқа ізгі жолы жоқ па?» деген алғашқы жауабымызға министрлік өкілдері: «Қолданыстағы заңға сәйкес әскерге күштеп әкету көзделмеген. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 30-бабына сәйкес әскери қызметке шақы­рылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскери комиссияға келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүм­кін болмаған жағдайда, оның ке­луін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. Егер де қор­ғаныс министрлігі өкілдерінің заңсыз әрекет жасағаны туралы де­ректер болса, ол туралы құқық қор­ғау органдарына хабарлаған жөн деп есептейміз. Сонымен қатар Кон­ституцияға сәйкес Қазақстан Рес­публикасын қорғау оның әрбір аза­матының қасиетті парызы және міндеті екенін еске салғымыз келеді», деп жауап қатты.

Ал әлеуметтік желілердегі қоғам­дық резонанс туғызған видеоларға қатысты сұрағымызға Қорғаныс министрлігі тарапынан: «Әскерге шақырудан жалтарушыларға қа­тысты іздестіру іс-шараларын жүр­гізу кезінде блогерлер мен әлеуметтік желінің жекелеген пайдаланушылары бұқаралық ақпарат құралдарына жағымсыз материалдарды жариялайды. Бұл қала тұрғындары арасында шақыру науқаны туралы теріс пікір қалыптастырады. Аталған проблемалар азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу жұмыстарын едәуір қиындатады», деп тіл қатты.

Қорғаныс министрлігі жауабы­нан түсінгеніміз, егер шақыру қаға­зын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Біз ми­нистрліктің осы жауабына сүйене атырып, жастарды әскерге күштеп әкетудің қаншалықты заңды екенін сұрап, Ішкі істер министрлігіне рес­ми сауал жолдадық. Ішкі істер ми­нистрлігінің баспасөз қызметінен: «Әскери қызмет және әскери қыз­метшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV Заңы­на және «Қазақстан Республикасы­ның азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүр­гізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің 2012 жылғы 15 мамырдағы №620 қаулысына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға қатысты мәселе Қазақ­стан Республикасы Қорғаныс министр­лігінің құзыретіне жатады», деген мәтінді хат келді. Яғни тиісті екі министрлік те жастарды көшеден аяқ-қолын қайырып әскери комисариатқа күштеп әкету фактісінен бастарын арашалап отыр.

Жуырда бұл мәселеге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қайырылып, студенттерді әскерге күштеп алып кету мәселе­сіне байланысты ойын білдірді. Ми­нистр жоғары оқу орындарының оқуға қабылдау мерзімі мен қор­ғаныс министрлігінің әскерге шақыру мерзімі сәйкес келмейтінін, мәсе­лен Назарбаев университеті талап­­керлердің оқуға түскені туралы шешімді шілде немесе тамыз айларында жариялайтынын, осы ара­лықта әлі студент атанып үлгермеген жастарды әскерге алып кету фак­тілері тіркелетінін мәлімдеді. Министр Саясат Нұрбек жастардың оқуға түсу мен әскерге шақырту уақытын сәйкестендіру үшін Қор­ғаныс министрлігіне ұсыныс жаса­ғандарын да тілге тиек етті.

Өткен аптада елді алаңдатқан дау­лы мәселеге Қорғаныс министрі­нің орынбасары Шайх-Хасан Жазық­баев та пікір білдіріп, әскерге ша­қыру тәртібіне өзгерістер енетінін, болашақта әскерге шақырту қағаз түрінде емес, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы келуі мүмкін екенін, азаматтар ақпараттың шы­найылығын eGov кабинетіне кіріп тексере алатынын, қазір тиісті заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Шайх-Хасан Жазықбаев аталған заң қабылданғаннан кейін жастарды көшеден күштеп әкету секілді жағдайлар болмайтынын, егер азамат шақыртуды елемеген жағдайда, Әкімшілік кодекс аясында жазаға тартылатынын да мәлім етті.

Ресми деректерге қарағанда 2025 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге 42 098 сарбаз алынуға тиіс. Бұл 42 мыңнан аса әскерді толтыру тиісті мекемелерге аз жүктеме емес. Сондықтан да әскерге шақырудың күштеп әкетуден басқа ізгі жолдарын қоғам болып іздеуге тиіспіз.