Мәдениет • Бүгін, 09:20

Шығыстың күйшілік мектебіне насихат керек...

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Домбыра күні» десе, дүркіреп, күркіреп, күй күмбірлеткен «Байжігіт» оркестрі ойға оралады. Ол күні тіпті «Байжігіт» қазақ ұлт аспаптар оркестрі ортада жүреді. Мереке-мейрамдардың сәні ғана емес, бүгінгі жастарға күй құдіретін ұғындырып келе жатқан да солар. «Шығыс күйін» жоқтап, мәселесіне тоқтап жүрген де оркестрдің бас дирижері Шалқар Ырысхан. Атаулы дата қарсаңындағы қарбаласқа қарамастан, Шығыстың белгілі күйшісі Шалқар Ырысханмен аз-маз әңгімелескенбіз.

Шығыстың күйшілік мектебіне насихат керек...

– Домбырадағы күйдің ең көнесі – Алтай-Тарбағатай. Одан кейінгісі Арқа, Жетісу деп кете береді. Қазір күйдің 12 мектебі бар. Бір өкініштісі, Шы­­ғыстың күйшілік өнері те­рең зерттелмеген, – деп бас­­т­а­ған әңгімесін Шалқар Ырыс­хан.

Шығыс күйі десе, күйіп-пісіп жүретін де осы – «Байжігіттің» бас дирижері. Сол үшін де ғой, өңірдегі домбыра өнерінің жай-күйін сұрағыштап отырғанымыз. Сұрақтарға тосылған жоқ, ә дегенде әріден бастаған әңгімесін айта жөнелген.

– «Домбыра күні» қарса­ңында бірқатар мәселенің де басын шығарайын. Әйт­песе, реті келе бермейді. Жал­пы, Шығыс күй өнері қай ға­сырдан бастау алып жатқанын біл­мейміз. Оқыға­нымыз, то­қығанымыз, Кет­бұ­ғаның күйшілік өнері Шы­ғыстан бас­та­лады. Көп­теген күйдің авторлары ұмыт болғандықтан, халық күйіне айналып кеткен. Біз­ден шыққан күйлердің көбі көне, қысқа әрі әуезді. Жер­гілікті жер атауымен, адам тір­шілігімен, аң-құсымен бай­ланысты. Мысалы, «Бұл­ғын сусары» күйі екі аңның ой­нақ­тауын сипаттайды. «Аң­шының зары» да сол, – дей бергенінде, дәл осы күйдің шығу тарихына тоқталуын өтіндік.

Шығыс күйлерінің тарихы кітапқа қатталғанымен, әлі де толықтыру керек көрінеді. Онымен түбегейлі айналысатын ғалымдар жоқтың қасы деседі. Бұл туындылардың көне­лігін, оның мектебін зерт­теп, дәлелдеген Мұрат Әбу­ғазы болса, бірқатарын сақ­тап қалуға үлес қосқан ғалым Талиға Бекқожина. Ол сы­быз­ғышы Шанақ Ауған­баев сынды біртуар Ал­тай күй­ші­лерінің күйлерін жазып алып, бүгінгі ұрпаққа жет­кізген екен.

– Тарихы жазылған бірқа­тар күй бар. «Аңшының зары» туралы айтар болсам, ағайынды екеу аңға шығыпты. Оның бірі аңды үркітіп, екіншісі айлаға басып, аң терісін жамылып алған. Сол кезде жауын жауып, ықтап кеткен інісі тері жамылған ағасын аң екен деп атып тас­тапты. Сол қаралы хабарды жеңгесіне жеткізе алмай дал болады. Осы оқиғаны күймен баяндаған біздің бабаларымыз неткен текті еді. Сол секілді, Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйі де елге белгілі. Жо­шыханның ұлы аң аулап жүріп, мерт болады. Сонда хан кім баламның қазасын хабарласа, соның аузына қорғасын құямын дегенін білесіздер. Қаралы хабарды Кетбұға домбырамен жеткізіп, домбыраға қор­ға­сын құйылған. Ханның көрегендігін, тереңдігін де байқауға болады мұнда. Ол туралы Әмен Қайдаров түсірген мультфильм бар. Сол секілді күйді анимациялық жанрда да насихаттауымыз керек, – дейді Шалқар Ырысхан.

Күйшілердің көбі ендігі кезекте Шығыс күйінің шығу тарихын, мән-мағынасын зерт­­теу керегін айтады. Айт­қан­­дай, Кетбұғадан кейін, ХVІІІ ға­сырда өмір сүрген Бай­­жігіт баба­ны ғана біледі ел. Ал сол екі ортадағы күйшілер бей­­­­мәлім. Ашығын айтсақ, «Шы­­­­ғыстың күйі» енді-енді оркестрде орындалып, же­ке­ле­­ген күйшілер наси­хат­тап жатыр. Сол Қайрақ­бай­дың, Бай­жігіттің күйлері ел ішіне енді-енді таралып жатыр. Ма­ғы­насына үңіл­сек, жер­гілікті халықтың мәде­ние­тіне, тұрмыс-тіршілігіне, жер-суына қарай күй туындап отыр­ған.

– Шығыстың күйшілік орындау мектебі – «Алтай-Тарбағатай» деп аталады. Мысалы, Моңғолия жақтың күй өнері бізге ұқсас, са­бақ­тасып жатқандай. Қы­тай­дың Алтай, Тарбағатай, Іле күй­шілері өзінше ерекше. Абай облысының Шұ­бар­тау өңірінің туындылары Шығыстың күй өнеріне жатады. Сыбызғы, жетіген Шы­ғыста кезінде көп наси­хатталған. Ертеде үш ішекті домбыра да бар еді. Қазір оқу орындарында үш ішекті домбыра кафедрасы ашылып жатыр. Қарап отырсақ, күйдің ауқымы кең. Бірақ насихат аз, – деп қынжылады Ш.Ырысхан.

Байқасақ, күмбірлеген дом­­­­бырада көмеймен ай­тыла­тын көне сарын да бар. Ол бір ерек­­шелік десек, екін­шіден, Шы­­­ғыс күйлері кез келген ұлт­тық аспапта орындала береді.

Қазіргі таңда Өскеменде күй өнері «Сырлы саз» жо­ба­сымен балабақшада да сіңіріліп жатыр. Өйткені ­ұлт­тық құндылықты бала се­зінбесе, Батыстан батпандап кіріп жатқан музыканы сіңіріп алуымыз әбден мүмкін. Ара-тұра әңгімеге араласып отыр­ған күйшілердің пі­кірінше, күй орындалмас бұ­рын қыс­қаша тарихы айтылуға тиіс екен. Ойын-сауықтың мәнісі де сол деседі.

– Ылғи айтатыным, «елдің тарихы өзгергенімен, күйдің тарихы өзгермейді». Бір қуа­­­натыным, оқуын аяқтап жатқан жастар «Шығыс күй­лерін» дипломдық жұмыс ре­тінде алып жатыр. Тың та­қырып, зерттелмеген. Тағы бір ұсыныс, Шығыс күйлерін өңд­еп-жөндеп дайындап бе­руіміз керек. Мәселен, Мал­ғаждар Әубәкіров «Аң­шы зарын» өңдеді. Қазір қалай, әне? Ұлт­тық өнерді насихаттау үшін мәж­бүрлеу де керек. Себебі кей­бір зиялы қауым өкілдері күй құ­діретін ұғына алмайды. Бұ­рын аристократтық өнер еді. Қазір қандай да шара бас­тал­мас бұрын есіктің алдына күйшілерді тізіп қояды. Шын­дығында, домбыраның, күй­дің орны – төр. Сондықтан да ғой, «Шығыстың күйі жетім қыздың күйін кешіп жүр» дейтінім. Ғасырлармен жасап келе жатқан домбыраны, бір күнмен ғана шектемеуіміз керек. Күнде насихатталуы керек. Ал «Домбыра күні» деп бел­гі­ленгені өте дұрыс, – дейді Шалқар Ырысхан.

Иә, тарихы тереңде жатқан Шығыс өңірінен шығып келе жатқан дәулескер күйшілер аз емес. Атап айтсақ, Естай Ма­табаев, Ерасыл Ринатов, Арна Батиханов сынды өнер­паздар елдің руханиятын өрге сүйреп жүр.

 

Шығыс Қазақстан облысы