
«Газпромның» мәліметінше, 2025 жылғы 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытына ұшқышсыз әуе аппаратының шабуылы салдарынан апатты жағдай тіркелген. Соның нәтижесінде зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикізат газ қабылдауды уақытша тоқтатқан.
- Қазіргі уақытта зауыттың зақымдану дәрежесі мен жұмысты қалпына келтіру мерзімі жөнінде ресейлік тараптан ақпарат түскен жоқ, - деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрлігінен.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан өз аумағын газбен қамтамасыз етуде ешқандай зардап шеккен жоқ, газ ішкі тұтынушыларға қалыпты режимде, ешқандай шектеусіз жеткізілуде.
- Қарашығанақ шикізатын өңдеу мен мұнай өндіруге ықтимал әсер мәселесі кен пайдаланушыларымен бірлесіп қарастырылып жатыр. Шығын көлемі мен алдағы шаралар туралы қосымша хабарланатын болады, - делінген ақпаратта.
Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, ресейлік тарап пен кен орны операторларымен тұрақты байланыс орнатқан.