Мирас • Бүгін, 09:00

«Алашия» рисәләсі хақында айтар сыр

20 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тарихи туындылардан тұратын топтамамды 2004 жылдан бері «Рух-Сарай» деген жалпы атпен жариялай бастаған едім. Өстіп, жас оқырманға дерек пен көркемсөзді көркем тілмен үйлестіре әңгімелеу арқылы рухани сіңімді азық ұсынуға ниеттенгенмін. Ізденістерімді жүргізуге қазақтың мыңдаған жылдық тарихынан ХХ ғасырды таңдадым. Өйткені осы жүзжылдықта қазақ ұлтының ғұмырындағы күллі тағдырлы бетбұрыстардың бәрі жасалды.

«Алашия» рисәләсі хақында айтар сыр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осылай халқымызға мемлекет­тілігін қалпына келтірудің соны бағытын нұсқаған ­1905 жыл­дан бастап, «зұлымдық импе­рия­сы­ның» көбесін сөгіп, империя тұн­шықтырған барлық одақтас респуб­ликалардың еңсе көтеруіне түрткі болған 1986 жылғы көтеріліске дейінгі, яғни халқымыздың саяси ояну жолындағы алғашқы қадамдарынан тәуелсіздікке жеткенге дейінгі шежіресін көркемдік тұрғыда бағдарлап зерттеуге кіріскенмін. Сөйтіп, ғасырға ұласқан ұзақ жолдың тарихи тағылымды тұстарынан сомдалып, ғимараттың сүйегін құрап тұтастыратын туындылар тізбегі нобайланды. Сол тіз­­бек жас азаматтарға рухани нәр берер­лік танымды шығармалар шоғырын құрады. Бастапқыда бұл рухи-ғимаратым әлденеше сериямен өріледі деп жобалаған едім. Оны ұлттық рухты ұлықтайтын рухани үй сынды бейнеде көргенмін. Рухани үйдің іргетасы, еңсе көтерер негізі туған топырақ болмақ. Сол себепті де «Рух-Са­рай» әлемінің іргетасы іспетті алғашқы ­туындылар шоғырын біріктіретін желі жәй ғана «Топырақ» деп аталды. Бұл сериядан қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіруді тұңғыш рет озық өркениеттік саяси ой деңгейінде пайымдай бастаған кез – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси тыныс-тіршілік көріністерін бей­нелейтін этюдтер орын алады деп жос­пар­ладым.

Ал іргетас үстіне қабырға өрі­летіні белгілі, мен оны құрайтын туын­дыларды «Кереге» деп аталатын се­рияға топтастырмақ едім. Оған уақыт жағынан ХХ ғасырдың алғашқы үштен бірінде орын алған бетбұрысты өзгерістер жайындағы этюдтер кіреді. Олар жекелеген ұлт қайраткерлерінің ғұмыры мен қызметін арқау ету арқылы бейнеленеді. Керегеге уық бекітіледі, уық шаңырақты көтеріп тұрады. Топтамада бұл қызметті «Уық» сериясы атқарады. Осы серия­мен тоталитаризм кезеңінен қазіргі тәуелсіздік баспалдақтарына дейін­гі аралықты жалғастыратын шежіре тү­зі­леді. Ал ғимараттың шатыры, шаңы­рағы – тәуелсіздік белесіндегі рухани күм­без тәрізді серия «Тәж» деген атаумен бедерленеді. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ізденістерді, тәуелсіз ел азаматтарының көзқарасын, ұстанымын көрсететін, оның қалыптасуына арқау болатын этюдтер кіреді. Бұл алдыңғы үш топ­таманың қорытындысы іспетті болуы керек. Өстіп, тәуелсіздік азаматы көзқарасының тұғырын қалауға септесуге тиіс «Рух-Сарай» төрт серияға жүйе­ленген, тұтастай бір ғасырды қамтитын этюдтер дестесі, рухи-ғимарат ретінде бой түзейді деп шешкен едім.

Алайда «Рух-Сарай» жобаланған тұр­патта толық жарық көрмеді. «То­пы­рақ» сериясының бес этюді, «Кереге» сериясының екі этюді төрт кітап болып шығып, алғашқы орыс революция­сы жылдарындағы қазақ саяси ойы және оны дамытушы тұлғалар, ұлт-азаттық қозғалысы жайында сыр шертілді. Топ­таманың 5-томында «Тәж» сериясымен әр жанрды қамтитын этюдтер шыққан. Өкінішке қарай, тап осы 2012 жылы жарық көрген 5 томнан соң «Рух-Сарайдың» кезекті кітаптары шығарылмай қалды. Нақты себебін, мемлекеттік тапсырыс­пен бастырудың неге күрт тыйылғанын баспагерім маған ашып айтқан жоқ, өзімнің бұлдырлау тұспалымды есепке алмағанда, осы жәйттің шындығы маған күні бүгінге дейін беймәлім. Мен, әйтеуір, бұл күтпеген кедергіге алаңдамауым керек деп түйдім де, үлкен жобама бір­шама түзету енгіздім. Топтамамда жарық көрген туындылар тізбегінің бір бө­лігін жалғастырып, бүгінде Алаш қозғалысы ретінде кең танымал қазақ ұлт-азат­тық қозғалысы тарихына арнайы тоқ­талуымды, яғни көркемделген Алаш дас­танын толықтырып жазуымды қа­жетсіндім. Осылай он дәптерден тұратын «Алашия» рисәләсі дүниеге келіп, 2018 жылы жеке баспадан үш том болып жа­рыққа шықты...

Сонымен, «Рух-Сараймен» басталған осынау деректі-көркем, тарихи-танымды туындыма қазақ азаттық қозғалысы­ның тууын, даму барысын және қол жеткіз­ген нәтижесін арқау еттім. Кең көлемді дас­тан, эпопея тұрпатты «Алашия» атты шы­ғармамда еліміздің елдігі жойылған, империя отары ахуалындағы жай-күйін, халықты жер-судан, ұлттық рухани­ санадан айыру саясаты дәуірлеген кезең­дегі саяси-әлеуметтік тыныс-тірші­лі­гін, ХХ жүзжылдық бастала туған жал­пы­революциялық қозғалыс толқынында өзге ұлттармен қатар бастан кешкен ояну үдерісін жаңғыртуға тырыстым. Сөй­тіп, Алаш қозғалысының бодандықта өмір сүріп жатқан түрк-мұсылман халықтары қозғалысымен бірге өрістеуі барысында, ХІХ ғасырда жоғалтқан мем­лекеттілігінің 1917 жылы қайта жаң­ғыруын көрсетуді, оны жас оқырманға танымды боларлықтай етіп суреттеуді мақ­сат еттім. Дамуы 1905 жылдан 1917 жыл­ға дейінгі мерзімді – отарлық кезең­нің ақырғы мүшелін қамтитын, империя­дағы жалпыреволюциялық қозғалыс­пен, жал­пы­мұсылман қозғалысымен астас­қан Алаш қозғалысы сынды осы ерен де ерек құ­былысты не себептен бүгін­­гі дербестігіміздің, мемлекеттік тəуел­­сіз­дігіміздің іргетасына балайтынымды жас оқырманыма бейнелеп түсіндіргім келді.

«Алашияны» неліктен рисәлә деген айдар-жанрмен ерекшелегенімді айта кетейін. Рисəлə тұңғыш рет орта ғасырда араб тілінде, өз заманындағы қол­данылу ретіне сай – жолдау деген ма­ғынамен өмірге келген де, біртіндеп араб, парсы, түрк қарасөзінің өзіндік жанрының аталымына айналған еді. Осы атаудың түпкі мағынасы ұнағандықтан, өзімнің ойыма алған мақсатыма қызмет етеді деген сеніммен мен оны жанр ре­тінде жаңғыртуға ниеттендім де, топ­та­маға рисəлə деген айдар тақтым. Ал рисəлəні құрайтын туындыларды ешқандай əдеби жанрға жіктемей, əр шығарманы бір дәптер, өзінше бір этюд, рисəлəнің бір бөлігі деп санағанды жөн көрдім. Бұлардың қай-қайсысы да қазіргі жаһандандыру үдерісі дәуірінде ұмыттырыла бастаған уақыт тұңғиығынан бүгінгі замандасқа арнайы жолданған жолдау, болашақ өмірге қажет ескертпе іспетті қызмет көрсетеді деп санадым.

ХХ ғасырдың басында ұшқындаған ­жал­пыресейлік революциялық қозға­лыс­­пен, империяда тұтанған жалпы­мұ­сылман­­дық қозғалыспен астаса дамыған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын жəне оның Алашорда шаңырақ кө­тергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін жеке-жеке бөлімдерге жіктелген тарихи-танымды он дәптер­ден тұратын «Алашия» рисəлəсі қа­лың оқыр­манды ең әуелі 1 360 бетке со­зылған көлемімен шошыта­ ма деп ой­лаймын. Қалың оқырман түгіл, санау­лы әм саналы әдебиет сыншылары да тап сондықтан бұл туындыға беттемей ме деп қорқамын. Қазіргі заман үшін байырғы заманның зілмауыр фолиан­тындай көрінетін мұндай қалың кітап­ты оқимын деп уақыт өткізгеннен гөрі, оның азаматтарымызды тарихпен тәр­биелеу тұрғысынан бүгінгі күн үшін өте маңыздылығына, өткен жолымыз бен сол жолдағы жан-тәнімен халыққа қызмет еткен тұлғаларымызды іс-әрекет үстінде танып-білуге жәрдемдесетін танымды­лық сипатына үңілгеннен гөрі, бұларға еш мән берместен, «әдебиетімізде елең етерліктей шығарма әлі күнгі жазылмады» дей салу әлдеқайда оңай, әрі мұндай тұжырым, көпшілік оқырман бейтаныс болғандықтан, ешкімнің тарапынан дау да, күдік те туғызбайды. Жоқ дегенге сот та жоқ.

Қалай болғанда да, біз бәрібір «Алашия» түптің түбінде оқырманға оқу­лық секілді танылады деген үмітімізді үзбейміз. Өйткені оның бүгінгі жас ұрпақ­қа ата-бабасы ғұмырынан құнды мәлімет беріп, өзін-өзі тануына жәрдемдесетін танытқыш анықтамалық рәуішті құнды туынды екенін білеміз.

Рисәләнің алғашқы дәптерінде 1905 жы­лы мау­сымдық Қоянды жəрмеңкесінде патша үкіметі басшысының атына петиция әзірлеу кезіндегі оқиғалармен, оқы­ған жастармен, танымал тұлғалармен, қазақ даласына отарлық дəуірдің қа­лай орныққанының тікелей куəгері, бер­тін­де аймақта қарсылық қозғалысына қатыс­қаны үшін айдалған, бәрібір каторга­дан қашып келген Еркіндік қартпен, оның әскермен шайқаста опат болған көтерілісші серігінің баласы жас Өтеміс­пен, империя орталығы жағынан келген шетін көзқарасты Жасаймен танысамыз. Бұл іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестің бастапқы ірі белесі еді. Екінші дәптерде олардың сол дәуірдегі түрк зиялыларымен бірге Нижний Новгородтағы мұсылмандар съезіне қатысуы суреттел­ген. Ал үшінші дәптерде оларды Қар­­қаралы өңіріндегі басқарудың жаңа үл­гісін аңсаған өзгерістерге, Нілді кенішіндегі жұмысшылар толқуына, Орал­дағы тұңғыш қазақ саяси партиясы жиналысына қатысушылар қатарынан көреміз. Сонымен, бұл үш дәптерде қа­зақ даласының жаңа саяси күрес жол­ына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұрат­тас­тығын айқындап, күрес жолдарын бел­гілеуі, елдікті жаңғыртудағы болашақ саяси құрылым жобаларын түзуі сөз болады.

Бұлардан кейінгі төрт дәптер қазақ қайраткерлерінің парламент жұмысына қатысуына арналған. Халық өкілдерінің империядағы заң шығарушы мекемеге артқан үміті, Бірінші Мемлекеттік дума мінберінен қазақ мәселесінің көтерілуі, ұлт үшін өзекті мәселелердің Екінші Думада қаралуы, Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген парламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімеленеді.

Сегізінші, тоғызыншы, оныншы дәп­терлердегі этюдтарға ел мүддесін көз­деген зиялылардың Он алтыншы жыл көтерілісіне орай империяның биік орын­дарындағы, Төртінші Думадағы күрестері, патшаның тақтан түсуіне байланысты туған жаңа саяси мүмкіндіктерді пайдалану мақсатындағы іс-әрекеттер, жалпықазақ құрылтайлары, ұлттық қозғалыстың квинтэссенциясы секіл­денген жұлдызды сәт – байырғы Қазақ Ордасының заманауи өркениетке сай жаңғыруы іспетті Алаш Ордасының дүниеге келуі арқау болған.

«Алашия» рисәләсінде Ресей патша­лығының отарына айналған түрк ха­лықтарының орыс мүддесіне қызмет етіп жүрген озық өкілдері өз ел-жұрттарының мұң-мұқтажын ойлап, мұсылман қозға­лысын дамытуға елеулі үлес қос­қаны көрсетіледі. Әсіресе империяның орыс емес халықтарын басқару ісіне, Мем­лекеттік Думаға отар халықтардан өкілдер сайлаудың заңнамада қарас­тырылуына белсене атсалысқан генерал Ғұ­байдолла Жәңгірханұлы Шың­ғысхан, түрк халықтарын ағарту сала­сын­дағы жұмыстарға айрықша әсер­ еткен әйгілі жәдидші Ысмайыл Гаспринский, Алаш қозғалысының әр ке­зеңінде танылған Әлихан Бөкейхан, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қос­шығұлов, Сә­лімгерей Жантөрин, Құтлұмұхамед Тев­келев, Шаһайдар Сыртланов, Тимофей Се­дельников, Ахмет Бірім­жанов, Ильяс Бораганский, Рашид Ибрагимов, Мұста­фа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедов, Ғаяз Исхаков, Халел Досмұхамедов, Зәки Валидов, Ахмед Цаликов, Көлбай То­ғы­совтар нақты іс-әрекет үстінде бейнеленген. Сондай-ақ оқыр­ман рисәлә мәтіні­нен Ресей им­пе­риясының ІІ Николай патша, премьер-министр Петр Столыпин, Төр­тінші Дума төрағасы Михаил Родзянко, Мем­лекеттік дума мүшесі, «Еңбекшіл­дер» фракциясының төрағасы Александр Керенский секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерін де, Ресей Республика­сын төңкеріс жасап құлатқан, жер-жерде кеңес  билігін орнықтыруға кіріс­кен большевизм көсемдері Владимир Ленин, Иосиф Сталин бейнелерін де кездесті­реді. Жалпы «Алашия» ұлттық қозғалыс ба­рысында көрінген көптеген тарихи тұл­­­ға хақында оқырманға ұмытылмас мағ­лұматтар береді.

Қорыта айтқанда, «Алашия» рисəлəсі алғашқы орыс революциясы кезіндегі петиция науқанынан серпінді түрде басталған қазақтың азаттық жолындағы жаңа тұрпатты қозғалысын бейнелейтін дəуірнама болып сомдалды және солай танылады деген үмітімізді үзбейміз. Еліміздің заманауи өркениет палитрасына өзіндік өрнегімен қосылуына апарар жолдың алғашқы баспалдағын бейнелеген тарихи дастан қазіргі таңдағы біздің қыз-жігіттеріміздің патриоттық сезімін арттырып, отаншыл, мемлекетшіл азамат ретінде қалыптасуларына да септесеріне шүбәсіз сенеміз.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы