
Жиын барысында қазақ геральдикасының өзекті мәселелері қозғалып, тың идеялар мен пікірлер ортаға салынды. Орталық басшысы Шерхан Талапұлы іс-шараның басты мақсаты – әр саланың мамандары мен сарапшыларын бір алаңға жинап, мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы олқылықтарды саралау және қоғам алдындағы жаңа міндеттерді іске асыру екенін атап өтті.
«Біздің мақсат – сіздердің ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді тыңдау. Алдағы бағыт-бағдарды бірге айқындау. Сіздердің көзқарастарыңыз біз үшін маңызды. Геральдика туралы қоғамда жалпы түсінік болғанымен, оны терең зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тұстар өте көп», деді ол сөзінде.
Жас тарихшылар, зерттеушілер, философтар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосқан алқалы жиында төл мәдениетімізді төрге шығаратын таңбаларды заман талабына сай интерпретациялау, ғылыми журналдарда сапалы материалдар санын арттыру, мектептерде үйірмелер ашу, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізу секілді бастамалар талқыланды.
Сонымен қатар қатысушылар қазақ геральдикасына арналған толыққанды жинақ құрастыру қажеттігін де атап өтті. Геральдикалық басқарма төрағасы Гүлдана Аргенова бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы айтты.
«Қазақ геральдикасы» деген бір жинақ шығаруды көздеп отырмыз. Қазақ геральдикасының тарихи тұрғыда бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолы туралы нақты ғылыми дәлелдемелер, тұжырымдар жоқтың қасы.
IV ғасырдағы таңбалардан бастап бүгінге дейінгі рәміздік эволюцияны дәйекті түрде сипаттайтын толық зерттеу қажет», деді Г.Аргенова.
Алайда аталған жинақ жарық көргенге дейін де сарапшылар таңбалар тарихын, мемлекеттік рәміздердің маңызын, сондай-ақ Елтаңбадағы 41 элементті үздіксіз насихаттап отырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мақсатта ақпараттық-танымдық әрі ғылыми мақалаларды БАҚ беттерінде тұрақты жариялап отыру қажет. Осы ретте Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани институттың «KIPD Bulletin» атты ақпараттық-сараптамалық журналының алдағы санын геральдика тақырыбына арнайтынын мәлімдеді.
«Шетелдік танымал басылымдарда осы бағыт бойынша жарық көрген сапалы мақалаларды ағылшын тілінен қазақ тіліне аударып жариялауды жоспарлап отырмыз. Басылымның басты мақсаты – қазақ қоғамында көп айтыла бермейтін ғылыми жаңалықтарды кеңірек талқыға салу», деп атап өтті Н. Матжани.
Клуб отырысына қатысушылар көне жазуларды жасанды интеллектінің көмегімен анықтап, тіпті сол жазуларға екінші өмір сыйлауға болады деген пікір білдірді. Мамандардың айтуынша, қазақ әліпбиінің түп-тамыры – көне бітік жазуларынан бастау алады. Тарихы тасқа қашалған бұл жазулар сақтар мен ғұндардың дыбыстық таңбалары ретінде қолданылған. Ғалымдар қазіргі таңда 26 дыбыс пен 41 таңбадан тұратын төл жазуымыздың тарихын тереңірек зерделеу қажет екенін алға тартты.
«Көне бітік жазуы дейміз. Біз осы таңбалардың өзін қайта айналымға енгізе алсақ, бұл геральдика саласы үшін үлкен жетістік болар еді», деді филолог Алтынбек Құмырзақұлы.
Клуб жиынында Елтаңбамыздағы элементтердің зерттелу деңгейі, оларды өскелең ұрпаққа насихаттау жолдары да сөз болды. Спикерлердің бірі жоғары оқу орындарында студенттерге арнап «Геральдика» пәнін енгізу туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар бакалавриат деңгейіндегі дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертацияларды қазақ геральдикасын зерттеуге бағыттау мәселесі де қозғалды.
Бұл бастамалар жоғары оқу орындарының оқытушылары тарапынан қолдау тапты. Астана халықаралық университеті тарих пәнінің оқытушысы Меруерт Тілебалдиева бұл пәнді элективті курс ретінде оқытуға дайын екенін жеткізді:
«Университеттерде электив курс ретінде оқытылса, құба-құп. Егер сіздердің мамандарыңыз келіп дәріс оқыса, бұл студенттерді сапалы даярлауға үлкен үлес болар еді. Бізге өзара тығыз байланыс орнату аса маңызды», деді ол.
Өскелең ұрпаққа мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары мектеп қабырғасынан басталуға тиіс деген пікірлер де айтылды. Мамандардың айтуынша, оқушыларға арналған «Жас геральдист» сынды үйірмелер ашылса, балалардың символикаға деген қызығушылығын ерте жастан оятып, патриоттық сезім мен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға үлкен мүмкіндік туар еді.
Әсіресе шалғай өңірлерде арнайы байқаулар ұйымдастырылса, қойылған мақсаттардың нәтижелі болуына жол ашылады деген пікірлер де ортаға салынды.
Жалпы, екі сағатқа созылған қызу талқылау барысында түрлі идеялар мен тың ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, өңірлік нышандарды біріздендіру, мемлекеттік рәміздерді дайындаудағы сапа, оларды пайдалану тәртібі мен жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды.
Басқосу барысында ұсынылған барлық ой-пікірлер жинақталып, алдағы уақытта арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.
Мақпал РАХАТҚЫЗЫ