Білім • Бүгін, 09:20

Ауыл мектебін сапаландыру амалы

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі мектептердің 70 пайызға жуығы ауылда орналас­қан. Солардың дені шағын жинақты білім ошақтары саналады. Осыдан екі жыл бұрын республика көлемінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы басталған еді. Енді осы жобаға 2025–2026 оқу жылында тағы 1600 ауыл мектебі қосылады деп жоспарланып отыр.

Ауыл мектебін сапаландыру амалы

Аталған жоба аясында Ақтөбе облысында «Цифрлық тех­­­но­логия­ларды пайдалана оты­­рып шағын жинақты ауыл мек­теп­те­рінің әлеуетін дамы­ту», Алматы облысында «Жара­ты­лыстану-матема­тикалық ба­ғыт­тағы пәндер бо­йынша білім беру са­пасын арттыру», Маңғыстау об­лысында «Отпан» тірек мек­теп­те­рінің желісін дамыту», Ұлытау облы­сында «Ustaz Ulytau» сияқты өңір­лік бастамалар жүзеге асты.

Дәлірек айтқанда, 2023 жылы Ақтөбе облысында 12 тірек мектеп пен 134 шағын жинақты мектеп, былтыр Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Сол­түстік Қазақстан облыстарын­да тағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп жобаға қатысты.

Жобаны іске асырудың нәти­же­сінде мектептердің мате­риал­дық-техникалық базасы жаңар­­тылып, заманауи пәндік және цифрлық кабинеттермен жаб­дықталды. Сондай-ақ жыл­дамдығы жоғары интернетпен қам­тамасыз ету шешімін тапты.

Жобаның ең маңыздысы – онлайн оқыту. Оқушы мен мұғалім саны аз ауыл мектептерінде математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндерінен онлайн сабақтар өткізіледі.

«Кейбір ауыл мектептерінде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беріп жүр. Жаңа жобаның арқасында тірек мектептерінің ұстаздары шағын жинақты мек­теп­тегі оқушыларды онлайн оқы­тады. Яғни әр пәннен өз ісінің білікті маманы дәріс береді. Бұл балалардың білім сапасын жақсартып қана қоймай, ауыл мұғалімдерінің де кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді», деді Ы.Алтынсарин атын­дағы Ұлттық білім академия­сы­ның президенті Назипа Аюбаева.

Сонымен қатар мұғалімдер­ге цифрлық сауаттылық курс­тары оқы­тылып, технология­лар­ды қолдану мен оқу бағ­дар­ла­­ма­ларын ауыл мектептеріне бейім­­деу бойынша тренингтер өткі­зіліп, әдістемелік қолдау көрсетіліп отыр.

Бүгінге дейін осы бағытта 10-нан астам республикалық іс-шара ұйымдастырылды. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

 

Азат ЕСЕН