
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Осы мақсатта еліміздің жетекші заңгер-ғалымдары мен тәжірибе жүзінде жұмыс істейтін мамандар бас қосып, «ZanSar» құқықтық сараптамалық зерттеулер институтын құрған еді. Әрекетсіз отырмаған институттың маңызды жобаларының бірі жоғарыда атап өткен – «Сот төрелігі қызметіндегі ғылым». Бұл жоба шеңберінде ең өзекті және күрделі құқықтық мәселелер бойынша ғылыми-практикалық сараптамалар, түсіндірмелер мен зерттеулер әзірленеді. Жобаның түпкі мақсаты – елімізде ғылыми негізделген, бірізді сот практикасын қалыптастыруға үлес қосу. Бұл жұмыс Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңестің ұсынымдарына сәйкес жүзеге асады.
Жуырда институт сарапшысы, заң ғылымдарының кандидаты, Каспий университетінің «Әділет» жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры Елена Нестерова әзірлеген алғашқы ғылыми сараптамалық қорытынды жарық көрді. Арнайы құрылған сараптамалық кеңесте талқыланып, бекітілген қорытынды өте өзекті тақырыпқа арналған. Онда мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігінен заңсыз айырылған кәсіпкерлердің жіберіп алған пайдасын өтеу туралы сот істері талданған. Сот тәжірибесінде тендерден негізсіз шеттетілген адал кәсіпкердің құқығы кейін қалпына келтірілсе де, ол сатып алуға қайта қатыса алмайды. Мұндай жағдайда мемлекет оның жоғалтқан пайдасын өтеуге міндетті. Бірақ соттар көбіне болашақ табысты дәлелденбеген деп санап, талапты қанағаттандырудан бас тартады. Бұл – азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің өтемақылық табиғатына қайшы, әсіресе жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік (квазимемлекеттік) сектор арасындағы қарым-қатынастар жиі кездесетін жайт. Мәселен, мемлекет өз мүддесін қорғауға заңдық құралдардың тұтас арсеналын қолдана алады. Ал жеке кәсіпкер үшін, тіпті ол заң бұзушылықты дәлелдеген күннің өзінде өз құқықтарын сот арқылы қалпына келтіру – қиынның қиыны.
Ашық теңсіздіктің жолын қиып, жоғарыдағыдай жағдайларға жүйелі түрде жауап беру үшін «ZanSar» институтының сараптамаларын өз саласын жетік меңгерген, жоғары білікті мамандар даярлап отырғаны қуантады. Әрбір сараптамалық қорытынды арнайы құрылған сарапшылар кеңесінде талқыланып, бекітіледі. Институт құрылымы мен сарапшыларды іріктеу тәртібі сапалы жұмыс істеуге жағдай жасайды. Сарапшылардың кәсіби қызметі тәуелсіздік, бейтарап ұстаным мен мүдде қайшылығының болмауы сынды этикалық стандарттарға негізделген.
Осы орайда институттың негізін қалаушы, заң ғылымдарының кандидаты Айгүл Кенжебаева: «Қоғамдағы заң мен тәртіпті сақтауда әділет маңызды рөл атқарады. Институттың сараптамалық қорытындылары судьяларға күрделі құқықтық мәселелер бойынша ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі әрі судьялардың жұмысын жеңілдетіп, осындай мәселелерді талдауға уақытын үнемдейді. Мұнан да бөлек, сараптамалық қорытындылар сот төрелігінің сапасына қоғамдық бақылау құралы ретінде қызмет етіп, сол арқылы азаматтардың сот жүйесіне сенімін нығайтады», дейді.
Институттың жұмыс жоспарында басқа да маңызды құқықтық мәселелер бойынша қорытындылары бар. Зерттеулер мен қорытындылар дайындауға арналған тақырыптар ғылыми негізделген сот тәжірибесін қалыптастыруға ықпал ететіндей етіп таңдалатынын атап өткен жөн.
Сонымен қатар «ZanSar» институты заңнаманы ғылыми тұрғыда түсіндіру ісіне белсене қатыса бастады. Институт сарапшылары Қазақстан мен шет мемлекеттердегі соттарда, сондай-ақ халықаралық арбитраждарда құқық бойынша сарапшы ретінде қатысады. Осыған байланысты сауалдар биыл 12 маусымда мәселенің халықаралық аспектілеріне арналған дөңгелек үстелде талқыланған. Дегенмен азаматтар да заңның ғылыми қағидаттарына негізделген ең әділ шешімдерге ие болуы керек. Сондықтан сот жүйесі нақты даулар бойынша заңгер ғалымдар пікірінің кеңірек қолданылуына мүдделі болуға тиіс. Осы бағытта қазіргі таңда заңгер ғалымдардың еліміздегі соттарға маман ретінде қатысуы жөнінде талқылаулар дайындалып жатыр.
«Сот жүйесіне қатысты айтылатын сын көп жағдайда орынды әрі әділ. Сот жүйесінің өзі де бұл мәселені шешудің жолдарын үнемі іздейді. Алайда бұл оңай емес. Жыл сайын сот істерінің саны артып келеді, ал судьялар санын көбейту – мемлекет үшін қымбатқа түсетін шешім. Тіпті судьялар өз ісіне бар ынтасымен кіріссе де, әр істі тиісті деңгейде қарауға уақыты жете бермейді. Оған қоса сот жүйесінде әлі де кездесетін жемқорлық, кәсіби біліксіздік пен немқұрайдылық мәселелерін ескерсек, бұл саладан түбегейлі оң өзгерістерді күту қиын. Жағдайды жақсартудың бір жолы ретінде біз осы уақытқа дейін толық пайдаланылмай келген құқықтанушы-сарапшылардың әлеуетін ұсынып отырмыз. Институтта өз салаларында мойындалған, жақсы беделге ие жетекші заңгерлер, құқықтанушылар мен ғалымдар жиналды және олардың саны арта түседі. Сот жүйесіне, әділ сотқа және соның арқасында бүкіл қоғамға көмектесу үшін біріккен құқықтанушы-сарапшылар нақты істер бойынша сотта маман ретінде сөз сөйлейді. Бұл судьяларға күрделі құқықтық мәселелерді дұрыс түсінуге көмектеседі», деді А.Кенжебаева.
Ал заң ғылымдарының кандидаты Елена Нестерова құқықтық ғылым мен сот тәжірибесі өзара байланыссыз қалып отырғанын алға тартты.
«Әрине, елімізде түрлі ғылыми мектептер бар, құқықтанушылар ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, сот тәжірибесі зерттеледі, құқықтық нормаларға түсіндірме беріледі, сот шешімдеріне сыни пікірлер жазылады, сот тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жасалады. Алайда қазіргі таңда құқықтық ғылым мен сот тәжірибесі өзара байланыссыз қалып отыр. Судьялар сирек жағдайда құқықтық доктринаға жүгінеді, тіпті ең беделді ғалымдардың көзқарастарын өз шешімдерінде ескермей жатады, яки олар туралы мүлдем хабарсыз болуы мүмкін. Мұндай жағдай сот актілерінің сапасына кері әсерін тигізетіні даусыз. Мен мынаған кәміл сенемін: сот актілеріндегі қателіктерге ғылыми тұрғыдан негізделген, ашық әрі объективті сын өте қажет және болашақта сот органдары мұндай пікірлерді, әсіресе ұқсас істер бойынша әділ сот жүргізген кезде ескереді», деді Е.Нестерова.
Өз кезегінде Каспий университетінің «Әділет» Жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры Асқар Қалдыбаев қазіргі таңда соттарда қаралатын даулардың көбі күрделі сипатқа ие екенін әрі оларды шешу терең білімді қажет ететінін айтып отыр.
«Судьялардың жүктемесінің көптігіне байланысты оларда теориялық мәселелерді терең зерттеуге уақыт бола бермейді. Ал бұл мәселелерді толық түсіну негізделген әрі әділ сот шешімдерін шығару үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, заң мәтіндері жиі түсініксіз жазылатындықтан, оны әртүрлі қабылдауға жол беріледі. Одан бөлек, кейбір заңдар өзектілігін жоғалтқан, тіпті ескірген болуы мүмкін. Сондықтан заңдарды дұрыс түсіндіру аса қажет. Ал ғалымдар жылдар бойы нақты теориялық мәселелермен айналысып келеді, түрлі көзқарастарды, шешу жолдарын жақсы біледі. Олар тек мәселенің Қазақстан заңнамасы шеңберіндегі эволюциясын ғана емес, сонымен қатар дамыған елдердің заңнамасы мен құқық қолдану тәжірибесін де жетік меңгерген. Сондықтан ғалымдар белгілі бір санаттағы дауларды теориялық тұрғыдан қалай дұрыс шешу керектігін ұсына алады. Соттар үшін ғалымдармен тұрақты байланыс орнату пайдалы болар еді, себебі олар даудың нәтижесіне мүдделі емес әрі өз бейтарап көзқарасын ұсына алады. Ғалымдар судьялар үшін тәжірибедегі нақты мәселелерге байланысты сараптамалық қорытындылар дайындай алады. Ең маңыздысы, бұл қорытындылар судьялар, ең алдымен, Жоғарғы сот тарапынан еленіп, ескерілсе, әділ сот шешімдерінің сапасы арта түсер еді. Сонымен қатар заңдарға соттар ғылыми қорытындыларды ескеруге құқылы деген тікелей толықтырулар енгізу ұсынылады. Осылайша, соттар мен ғалымдар арасындағы өзара іс-қимыл судьяларға нақты істерді шешуде теориялық қолдау, ғалымдарға болашақ ғылыми зерттеулер үшін тәжірибелік материал алуға мүмкіндік береді», деді А.Қалдыбаев.
Одан да бөлек, ғалымдар мен сарапшылардың қорытындылары жаңа заңдарды қабылдау немесе қолданыстағыларын жетілдіру арқылы құқықтық реттеуді жақсартуға бағытталуы мүмкін. Осы орайда, ғалымдар мен заңдарды әзірлеуге жауапты Әділет министрлігі арасындағы байланыс та аса маңызды.
АЛМАТЫ