
Мал шаруашылығындағы тұрақты өсім
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысында елімізде ауыл шаруашылығы жануарларының саны мен мал шаруашылығы өнімінің көлемі тұрақты өсімге жеткен. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, есепті кезеңде ірі қара мал басы 23,4%-ға артқан. Сонымен қатар ұсақ мал саны 7,8%-ға, жылқы 12,2%-ға, түйе 8,5%-ға, ал құс саны 2,2%-ға өскен. Жалпы, мал шаруашылығының өнім көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, 4,2%-ға ұлғайған. Ет өндірісі 3%-ға, сүт өндірісі 7,5%-ға, жұмыртқа өндірісі 0,3%-ға өскені байқалады.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында фермерлерге жеңілдетілген шарттармен екі кредиттік бағдарлама іске қосылмақ. Жалпы қаржыландыру көлемі – 100 млрд теңге. Оның 50 млрд теңгесі ірі қара мен ұсақ малдың асыл тұқымды тұқымын сатып алуға арналған. Несие жылдық 5%-бен, ұзақ мерзімге беріледі. Қалған 50 млрд теңге жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын айналым қаражатын кредиттеуге жұмсалады.
Министрлік етті мал шаруашылығы саласына жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл бағыттағы жобаларда австралиялық тәжірибе қолданылмақ. Аталған жобалар жылына 50 мың тоннаға дейін ет экспорттап, шамамен 500 млрд теңге көлемінде табыс әкелуі мүмкін.
Қазір 14 жобаны іске асыруға 29,3 млрд теңге қарастырылған. Сонымен бірге сүт-тауар фермалары үшін де жеңілдетілген несиелеу тетігі жұмыс істеп жатыр. Бұл бағдарлама бойынша несиелер жылдық 2,5% мөлшерлемемен беріледі. Жоспарға сәйкес, елде 116 сүт-тауарлы ферма салынуға тиіс, оның 69-ы қолданысқа енгізілген, тағы 47-сі құрылыс кезеңінде.
Елімізде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқынды дамып келеді. Ақтөбе облысында «КАФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын іске асырып жатыр. Алматы қаласында «Iskefe Holding» ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын қолға алған. Бұл бағыттағы ілгерілеуге Сауда және интеграция министрлігінің тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баждарды алып тастау жөніндегі шешімі де оң әсер етті. Бұл бастама өнімді сатып алу және экспорттаумен айналысатын 15 кәсіпорынның жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді.
Қызметтің 86%-ы онлайн режімде көрсетіледі
Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Министрдің мәліметінше, есепті кезеңде азаматтар мен ұйымдарға мал шаруашылығы мен ветеринария саласында 93 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның 51-і электронды форматта қолжетімді. Барлығы 5,9 млн қызмет ұсынылып, олардың 86%-ы немесе 5,1 миллионы онлайн режімінде жүзеге асқан.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы жануарлары туралы деректерді өзектендіру және оларды өсіру объектілеріне нөмір беру бойынша қызметтер үлкен сұранысқа ие болды. Ветеринария саласында өнім экспорты үшін паспорттар, анықтамалар мен сертификаттар беруде де белсенділік байқалады», деді Ж.Мәдиев.
Оның айтуынша, өтініштердің басым бөлігі экспорт кезінде тасымалдау және ветеринарлық талаптарды сақтауға қажетті құжаттарды рәсімдеумен байланысты болған.
Жиын барысында Жаслан Мәдиев ветеринария және мал шаруашылығы саласындағы бизнес-үдерістерді қайта қарау (реинжиниринг) жұмыстарының нәтижелерін таныстырды.
«Жалпы 31 бизнес-үдеріске кешенді шолу жүргізілді. Соның ішінде айқын мысалдың бірі – «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруді жүргізу» рәсімі. Реинжинирингке дейін бұл үдеріс деректерді қолмен енгізу, қағаз және электронды ақпараттың қайталануы, сәйкестендіру құралдарын жеткізудегі кешігулер және ветеринарлық дәрігерлердің жүйеге қол жеткізе алмауы сияқты мәселелермен қатар жүрген. Бүгінде ол цифрлық, мобильді және толық автоматтандырылған», деді министр.
Нәтижесінде, электрондық ветеринарлық паспорттар, ветеринария мамандары мен жануар иелеріне арналған мобильді қосымша, деректерді оқу технологиясы енгізілген. Үдерістегі қадамдар саны 80%-ға қысқарып, тартылған бизнес-рөлдер саны екі есеге азайған.
«Реинжиниринг мамандардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, агросектордың негізгі бағыттарының бірінде ашықтықты, ыңғайлылық пен жеделдікті арттыруға мүмкіндік берді. Бұл бүкіл саланы одан әрі цифрлық трансформациялау үшін берік негіз жасайды», деді Ж.Мәдиев.
11 млн гектар жайылым халыққа қайтарылды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және тиімді игеру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл жұмыс мал шаруашылығын дамыту мен жемшөп базасын нығайту мақсатында қолға алынған.
«Тұрақты мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында биыл жемшөп дақылдарының егіс алқабы 3,3 миллион гектарға дейін ұлғайды. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару шараларының арқасында 2022 жылдан бастап 11 млн гектар жайылымдық алқап кері қайтарылды. Оның көп бөлігі халыққа қайта бөлініп берілді», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар О.Бектенов еліміздің мал шаруашылығы саласында айтарлықтай ішкі әлеует бар екенін айтып, мал басын заңсыз әкетуге жол бермеу, аналық малды субсидиялау мен өнім бойынша импортқа тәуелділікті азайту қажеттігін ерекше атап өтті.
Үкімет отырысында өңірлік тәжірибелер мен мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігіне де баса назар аударылды. «Qazaq sut» республикалық сүт және ІҚМ-нің аралас тұқымдары палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев елімізде сүт саласында бұрын-соңды болмаған серпіліс байқалып отырғанын айтты.
«2023 жылдан бастап елімізде жиынтық қуаты жылына 300 мың тоннадан астам сүтті құрайтын 48 жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылды. Жобаларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 150 млрд теңгеден асты. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш. «2020 жылға дейін республика бойынша жылына орта есеппен осындай екі ферма ғана салынатын», деді ол.
А.Сағынбаев сүт саласындағы үздік тәжірибе ретінде Солтүстік Қазақстан облысының үлгісін атады. 2021–2022 жылдары СҚО-да 21 кәсіпорын іске қосылды. Соның арқасында өңір 2025 жылы еліміздің агроқұрылымдары арасында сүт өндіру көлемі бойынша бірінші орынға шықты. Жаңа фермаларда жай сиырға орташа сүт өнімі 8,2 мың литр, ал сүтті тұқымды сиырларда 11 мың литрге жеткен. Бұл – Еуропаның дамыған елдерімен деңгейлес.
Саладағы өзгеріс қалай жүзеге асады?
Елімізде мал шаруашылығы саласы тек өндірістік емес, технологиялық әрі этикалық трансформация сатысында тұр. Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев animal welfare стандарттарына баса назар аудара отырып, саланы цифрлық жаңғыртудың кешенді тәсілін ұсынды.
Жануарлардың әл-ауқаты – animal welfare – бүгінде тек гуманистік талап қана емес, экономикалық қажеттілікке айналған. EuroTier 2024 деректері жануарларға қолайлы жағдай жасалған фермаларда өлім-жітім деңгейі төмендеп, өнім сапасы мен сауым көлемі арта түсетінін көрсетіп отыр. Қазір фермерлік шаруашылықтарда автоматтандырылған желдету, еденді жылыту, фондық музыка ойнату, тасымалдау кезіндегі стрессті азайтуға арналған жүйелер, жануарлардың табиғи мінез-құлқын ескеретін кең және қауіпсіз ферма құрылымдары енгізілуде. Бұл элементтер тек жайлылықты қамтамасыз етіп қоймай, сүт пен еттің сапасын жақсартуға да сеп болады.
Министр аграрлық секторды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мал шаруашылығы мен ветеринарияға қатысты барлық деректерді бірыңғай ақпараттық жүйеде шоғырландыруды ұсынды. Бұл фермерлік шаруашылықтардан бастап салалық ведомстволарға дейін барлық деңгейде үздіксіз есеп жүргізуді, кешенді талдауды әрі басқарушылық шешімдер қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар смарт-фермалар тұжырымдамасын кеңінен енгізу – күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі. Мұнда автоматтандырылған сауу, азықтандыру, климатты басқару, бейнебақылау және жануарлардың денсаулығын бақылауға арналған сенсорлық жүйелер белсенді дамытылып жатыр. Жануарлардан алынатын барлық деректер бірыңғай ветеринарлық жүйеге түсіп, табынның цифрлық профилін қалыптастырады.
Үкімет отырысында ветеринария саласының да цифрлық серпініне ерекше назар аударылды. Ж.Мәдиев жаһандық технологиялық трендтер аясында Қазақстанда ветеринарлық қызметті жаңғыртудың негізгі бағыттарын атап өтті. Precedence Research мәліметтері бойынша, әлемдік ветеринарлық қызметтер нарығының көлемі 2024 жылы 131 млрд долларды құраса, 2034 жылға қарай орташа жылдық өсім 5,9% болған жағдайда 233 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл өсім зооноздық аурулармен күрес, антимикробтық тұрақтылық мәселелері және экспорттық бақылау талаптарының күшеюімен байланысты.
Халықаралық тәжірибеде бұл бағыттағы тиімді шешімдердің бірі – Еуропалық Одақтағы TRACES жүйесі. Ол жануарлар ауруларын, вакцинацияны және экспортқа шығарылатын өнімдерді тіркеу мен бақылау міндеттерін атқарады. Қазақстан да осыған ұқсас, бірақ елдің агроөнеркәсіптік кешенінің ерекшеліктеріне бейімделген өз цифрлық құралдарын әзірлеуге кірісті. Министрдің айтуынша, бұл жүйелер саладағы ашықтық пен бақылауды күшейтіп қана қоймай, фермерлердің уақыты мен ресурсын үнемдеуге, ветеринарияны тиімді әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.